Коллажды жасаған Амангелді Қияс, EQ
ҚҚДИ отбасы институтының зерттеу орталығының дерегі бойынша, көп балалы отбасылардың 62,7%-ында ер адамдар балалардың тәрбиесімен әйелдермен тең дәрежеде айналысады. Бұл ретте балаларды тәрбиелеуге қатысатын әйелдер саны 14,7%-ға артық.
«Көп балалы отбасылардың 34,8%-ы балаларды тәрбиелеуде жасөспірім балалары көмектесетінін, 17,1%-ы күйеуінің ата-анасы көмектесетінін, 11,7%-ы ешкім көмектеспейтінін және сұралған респонденттердің тек 2,7%-ы бала күтуші қызметін пайдаланатынын айтты», дейді ҚҚДИ отбасы институтының зерттеу орталығының сарапшысы Әйгерім Ашимова.
Сондай-ақ зерттеу аясында ерлі-зайыптылардың балаларды күтумен туыстарының көмегінсіз өз бетінше айналысатын топ-5 облыс тізімі ұсынылған.
Аймақтық зерттеу балалардың күтімімен өздері айналысатын ерлі-зайыптылардың басым бөлігі Түркістан облысында (82,4%) екенін көрсетті. Рейтингте екінші орынды (78,7%) Ақтөбе облысы иеленеді және көшбасшылар үштігін Павлодар облысы түйіндеді (77,8%).
Ата-аналарына жасөспірім балалары кіші інілері мен қарындастарын күтуге жиірек көмектесетін өңірлер де анықталды. Мәселен, Қарағанды облысы – 64,2%, Павлодар облысы – 57,8%, Жамбыл облысы – 53, 6%. Ал бұл межеден төмен өңірлер қатарында Солтүстік Қазақстан облысы (47,1%), Атырау облысы (46,9%) тұр. Ата-аналарына баланы күтуге ең аз көмек көрсететін жасөспірімдер Ақтөбе облысында екен (6,4%).
Қызылорда облысында ата-әжелердің 42,5%-ы немерелерін күтуге көмек көрсетеді. Ал Солтүстік Қазақстан облысында сұралғандардың 20%-ға жуығында, Қарағанды облысында 17,6%-ында немерелерін күтумен нағашылары айналысады. Жиендерін күтуге көңіл бөле қоймайтын өңірлер Батыс Қазақстан (2,7%), Қызылорда (2,5%) және Ақтөбе (2,1%) облыстары екен.
Әлеуметтік зерттеудің мәліметтерінде: «Сіз балаларға қатысты олар мойынсұнбаған немесе жазықты болған жағдайда қандай жаза қолданасыз?» деген сұрақ бойынша сұралған ата-аналарының 74,9%-ы еш жаза қолданбай, балаға жағдайды түсіндіруді жөн көретінін атап өтті. Айғай мен дауыс көтеруді тәрбиелік шара ретінде респонденттердің 33,6%-ы, ал тыйым салуды сұралғандардың 26,7%-ы қолданады.
«2019 жылы «Отбасылық-демографиялық саясат» әлеуметтік зерттеуі жүргізілді. Онда респонденттер «Балаларыңызбен қанша уақытты бірге өткізесіз?» деген сұраққа жауап берді. Сонда 48,2%-ы балаларының жанында үнемі болатынын айтты. Биыл біз пандемияны ескере отырып жағдайды көрсететін, өткен жылғы зерттеу өзгерістерінің динамикасын өлшеуді жоспарлап отырмыз», деді Әйгерім Ашимова.
«Рухани жаңғыру» ҚҚДИ-дың Отбасы институтын зерттеу орталығы әлеуметтік институт ретінде отбасының проблемалық аспектілерін шешу бойынша ұсыныстарды зерттеумен, талдаумен және әзірлеумен айналысады.