05 Қазан, 2013

Маңдайдағы мазақ

313 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Оқушыны қорлағаны үшін мектеп директоры мен келіні жұмыстан қуылды

Онсыз да жақсы жағынан гөрі жаман дағдыларымен көбірек көзге түсіп жүрген Қызылжар өңірінің ұстаздары адамның үш ұйықтаса түсіне кіріп шықпайтын оспадар іс-әрекеттерімен ел ішін тағы ұлардай шулатты.

Оқушыны қорлағаны үшін мектеп директоры мен келіні жұмыстан қуылды

Онсыз да жақсы жағынан гөрі жаман дағдыларымен көбірек көзге түсіп жүрген Қызылжар өңірінің ұстаздары адамның үш ұйықтаса түсіне кіріп шықпайтын оспадар іс-әрекеттерімен ел ішін тағы ұлардай шулатты.

Бұл бассыздықты естіген тұрғындар жағаларын ұстап, естерін жия алмай дал. Жамбыл аудандық прокуратурасы оқушының жанына айықпас жара салып, психологиялық ауыр халге түсірген мұғалімнің құлақ естіп, көз көрмеген қатыгездігін әшкерелеп, жалпақ жұртқа жар салғаннан кейін ғана сенбеске амалдары қалмады.

Бауман мектебіндегі математика пәнінің мұғалімі К. Әсімжанова алгебра сабағында Т. деген оқушыны сыныптастарының алдында әбден масқаралаған. Үй тапсырмасын білмегені үшін ғана жеткіншектің кекіл шашын қырқып, қақ маңдайына қара сиямен «двоечник» деп баттитып жазып қойған. Қарғыс атқыр «қара таңбаны» өшірмеуге әмір етеді. Өйткен жағдайда тағы бір «екілікті» қонжитатынын айтып, зәре-құтын қашырады. Өзгелерге бұл жө­нінде ешкімге тіс жармауды бұйырады. Ме­нің тілімді алсаңдар, бірінші тоқсанда бә­ріңді «бестікке» шығарамын деген тәтті сөз­дерін айтуды да ұмытпайды. Сөйтсе, ол қайын енесі болып саналатын мектеп ди­рек­торы К.Карабаеваның арқасында осы­лайша есіріп, тайраңдап жүрген болып шықты.

Прокуратураның ұйғарымымен баға қоюда күнделік пен маңдайды шатастырған К.Әсімжанова оқу-тәрбие жұмыстарында моральдық жат қылықтарға жол бергені үшін Еңбек кодексінің 54-ші бабымен жазаланып, жұмыстан шығарылды. Директор да қызметімен қош айтысты. Жүрегі шайлығып, қорқып қалған жәбірленушінің ата-анасы сотқа жүгініп, моральдық шығын өндіріп алуға бекінген сыңайлы.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан».

Солтүстік Қазақстан облысы,

Жамбыл ауданы.