05 Қазан, 2013

Бразилияға алғашқы сапар Латын Америкасы елдеріне турнені қорытындылады

464 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов өзінің Оңтүстік Америка елдеріне сапарын аяқтады. Сапардың соңғы мәресі Бразилия болды. Ол онда елдің астанасы – Бразилиа қаласында ресми кездесулер өткізіп, Бразилияның индустриялық-қаржылық орталығы болып табылатын Сан-Паулу қаласында алғаш рет ұйымдастырылған Қазақстан-Бразилия бизнес-форумына қатысты, деп хабарлады ҚР СІМ-інің баспасөз қызметі.

Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов өзінің Оңтүстік Америка елдеріне сапарын аяқтады. Сапардың соңғы мәресі Бразилия болды. Ол онда елдің астанасы – Бразилиа қаласында ресми кездесулер өткізіп, Бразилияның индустриялық-қаржылық орталығы болып табылатын Сан-Паулу қаласында алғаш рет ұйымдастырылған Қазақстан-Бразилия бизнес-форумына қатысты, деп хабарлады ҚР СІМ-інің баспасөз қызметі.

БФР СІМ-інде өткен келіссөздер аясында екі елдің сыртқы саясат ведомстволарының басшылары жаһандық мәселелер жиынтығы мен екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Л.Фигейреду екі мемлекет арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнауының 20 жылдығы қарсаңында Бразилия аймағына қазақстандық министрдің алғаш рет ресми сапар жасап отырғанын атап өтті.

Қазақстан мен Бразилия арасындағы серіктестіктің тарихы бай. Елбасының 2007 жылы Бразилия мемлекетіне жасаған сапары екі аймақтық көшбасшылардың қарым-қатынасын әріптестік деңгейіне көтерді. БФР Президенті Л.И.Лула да Сильваның 2009 жылы Қазақстанға сапары бұл әріптестікті нығайта түсті. Бразилия аймақтың ірі экономикасы мен G-20 және БРИКС клубының мүшесі бола отырып, соңғы жылдары жаһандық деңгейде маңызды ойыншы болып табылады. Қазақстан бұл мемлекетпен ауыл шаруашылығы, машина жасау, түрлі саладағы жоғары технологиялар, азаматтық авиация мен энергия өндірісі секілді көптеген салаларда ынтымақтасуда. Қазіргі таңда қазақстандық әуе компаниялары сыйымдылығы 110 жолаушы болатын орта магистральді реактивті ұшақтар секторында көшбасшылардың бірі болып табылатын бразилиялық «Эмбраер» ұшағын иеленуде.

Итамарачидегі (БФР СІМ ғима­раты) келіссөз нәтижесінде екі елдің министрлері келесі құжаттарға: Екіжақты саяси, экономикалық, сау­да және инвестициялық үнқатысу жөніндегі меморандум мен Спорт саласындағы ынтымақтастық меморандумына қол қойып, Жаһандық сипатындағы екі елдің ұстанымы мен екіжақты мәселелер қамтылған бірлескен мәлімдеме қабылдады.

Өзінің Бразилиа қаласына сапары аясында Е.Ыдырысов Рио-Бранко атындағы Дипломатиялық академияның тыңдармандары мен профессорлық-оқытушылар құрамының алдында сөз сөйледі. Бразилиялық жас дип­ломаттар қазіргі Қазақстан жайлы терең білімдерін көрсетіп, ҚР-ның әлеуметтік-экономикалық реформаларымен, еліміздің тарихымен таныс екендіктерін байқатты және көршілес мемлекеттермен қарым-қатынастарымызға, аймақтық бірлес­тіктегі рөлімізге, Қазақстанның сыртқы саясатындағы басымдықтарына қызығушылық танытты.

Рио-Бранко атындағы Дипло­матиялық академия БФР СІМ-нің құрамына кіріп, аймақтағы жетекші мамандандырылған оқу орны болып табылады. Бұл академияда Еуропа, Азия, Африкадан келген студенттер оқиды. Е.Ыдырысов бразилиялық әріптесі Луис Альберту Фигейредумен Рио-Бранко атындағы Дипломатиялық академиясы мен ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының дипломатиялық институты арасындағы серіктестік туралы меморандумға қол қойды.

Бразилия астанасына сапарының ресми бағдарламасы Қазақстанның Дипломатиялық өкілдігінің салтанатты ашылу рәсімімен аяқталды. Аталған іс-шараға БФР Сыртқы істер министрі, Бразилия астанасының мэрі Бразилия қоғамдық-саяси және іскер топтарының өкілдері қатысты.

Рәсім барысында Е.Ыдырысов өзінің бразилиялық әріптесі Л.Фигейредумен бірге Екі елдің азаматтарына визалық талаптарды жою туралы келісімге қол қойды. Министрлер келісім күшіне енген сәттен бастап екі ел азаматтарының визалық рәсімдерсіз Қазақстан мен Бразилия елдеріне емін-еркін баруларына болатындығын атап өтті.

Сан-Паулу қаласында қазақстандық министр Бразилиядағы “Fiesp” өнеркәсіпшілердің ірі федерациясының қолдауымен “Kaznex Invest” экспорттар және инвестициялар жөніндегі ұлттық агенттігі тарапынан ұйымдастырылған Қазақстан-Бразилия бизнес-форумына қатысты.

Қазақстандық СІМ басшысының сапары жергілікті БАҚ-тардың да қызығушылығын тудырды. Сапары барысында Е.Ыдырысов «Бразилия ТВ», «Сенат ТВ» сияқты танымал телеарналарға, сондай-ақ, бірнеше бразилиялық газеттерге сұхбат берді. Журналистерді қызықтырған басты тақырып Қазақстанның халықаралық мәселелерге деген көзқарасы болды.

Соңғы жаңалықтар