Технология • 09 Маусым, 2020

Жоғары технологиялық қызметтерді қаржыландыруда

336 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

2020 жылғы І тоқсанда жоғары технологиялы медициналық қызметтерді (ЖТМҚ) қолдана отырып, еліміздің медициналық мекемелерінде 2 300-ден астам адам емделді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 23%-ға көп.

Жоғары технологиялық қызметтерді қаржыландыруда

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры І тоқ­санда жоғары технологиялық қызметтермен пациент­терді емдеу бұдан да артық көлемде жоспар­ланғанын айтады.

Алайда Алматы мен Нұр-Сұлтанда енгізілген шектеулерге байланысты Ұлттық ғылыми орталықтар жабық болды. Аталған жайт қорытынды көрсеткішке әсер етті.

«Өткен жылы аталған қызметтерді тек халықтың әлеуметтік жағынан осал санаттары, оның ішінде жүкті әйелдер, 18 жасқа дейінгі балалар, зейнеткерлер тегін ала алатын. 2020 жылдан бастап ЖТМҚ жоспарлы емдеуге жатқызу кезінде барлық сақтандырылған азаматтар үшін тегін болды», деп түсіндірді қор өкілдері.

Сонымен бірге осы қызметтерді қаржыландыру көлемі 2020 жылдың І тоқсанында 36%-ға артып, шамамен 7 млрд теңгені құрады. Жоғары технологиялық қызметтерді қолдана отырып, қан айналымы жүйесі аурулары бар науқастар көп емделді (57%). Ал 8%-ы – туа біткен ауытқулары бар, 6%-ы – несеп-жыныс жүйесі, сүйек-бұлшықет жүйесі аурулары, жарақаттар мен уланулар.

«ЖТМҚ қаржыландыру көлемін ұлғайту аталған қызметті күту мерзімін азайтуға және жаңа қызмет көрсетушілерді тартуға мүмкіндік береді. Бұл шаралар халыққа жоғары технологиялық медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға ықпал етуі тиіс», деп атап өтті ӘМСҚ баспасөз қызметі. Қызметтер тізіміне заманауи алдыңғы қатарлы әдістерді қолданумен жүзеге асырылатын 80-ге жуық бірегей технологиялар енетінін атап өткен жөн. ЖТМҚ қам­тамасыз ету үшін өте жо­ғары деңгейлі мамандар қажет.