05 Қазан, 2013

Салық салмағы кімдерге түседі?

390 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Депутаттар кеше осы мәселенің жауабын іздеді

Кеше Парламент Мәжілі­сін­де палата Спикері – «Нұр­ Отан» партиясы фрак­ция­сының жетекшісі Нұр­лан Нығматулиннің төр­аға­лы­ғымен фракция жиыны болды. Онда «Қазақстан Рес­публикасының кейбір заңнамалық актілеріне са­лық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толық­тыру­лар енгізу туралы» заң жобасына фракция де­путаттарының әзірлеген тү­зе­тулер топтамасы қаралды.

Фракция отырысында аталған мәселе бойынша баяндама жасаған Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат До­саев депутаттар тарапынан са­лықтық мөлшерлемелерге қа­тысты ұсыныстар түскендігін қуаттады.

Депутаттар кеше осы мәселенің жауабын іздеді

Кеше Парламент Мәжілі­сін­де палата Спикері – «Нұр­ Отан» партиясы фрак­ция­сының жетекшісі Нұр­лан Нығматулиннің төр­аға­лы­ғымен фракция жиыны болды. Онда «Қазақстан Рес­публикасының кейбір заңнамалық актілеріне са­лық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толық­тыру­лар енгізу туралы» заң жобасына фракция де­путаттарының әзірлеген тү­зе­тулер топтамасы қаралды.

Фракция отырысында аталған мәселе бойынша баяндама жасаған Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат До­саев депутаттар тарапынан са­лықтық мөлшерлемелерге қа­тысты ұсыныстар түскендігін қуаттады.

Қазақстанда 3,1 миллион автокөлік (жалпы көлемнің 88 пайызы) қозғалтқыш көлемі бойынша 3 литрге дейін болса, олардың салықтық мөлшер­ле­мелері өзгеріссіз қалатынын министр ерекше атады. Ал қоз­ғалтқыштары 3 мың мен 4 мың текше сантиметр болатын автокөліктер еліміздегі көліктердің жалпы көлемінің 3 пайызын ғана құрайды екен. Осы ретте министр қозғалтқыштары 4 мың текше сантиметр автокөліктері қымбат мүлікке жатқызылатынын тілге тиек ете кетті. Жылжымайтын мү­лікке қатысты салықтық мөл­шерлемелер негізінен Ас­та­на, Алматы және облыс орталық­та­рында өзгертілетіні белгілі болды. Сонымен қатар, салықтық мөлшерлемелер алкогольдік және темекі өнімдеріне артады деп күтілуде. Мәселен, 2016 жылы темекі акцизіне мөлшерлеме 3,3 есе өседі деп күтілуде. Осы уақыт аралығында 1 литр спирттік ішімдікке мөлшерлеме қазіргі 500 теңгеден 1600 теңгеге дейін өсетіндігі белгілі болып отыр.

Депутаттар да министрге сұ­рақ­тарын қоя отырып, өз ойларын ортаға салды. Әсіресе, де­путаттар Серікбай Нұрғисаев пен Ро­за­құл Халмұрадов ауылдағы азамат­тарымыздың автокөліктері күнкөрістің көзі екендігін алға тарта отырып, олардың жағдайы ескерілуі қажеттігіне ерекше назар аудартты. Депутаттардың қой­ған сұрақтарына орай жауа­бында министр ауыл мен қала­ тұрғындарына автокөлік салы­ғы­ның деңгейі бірдей болатынын ескерте кетті. Қазіргі таңда қозғалтқыш көлемі жоғары авто­көліктердің 80 пайызы қалаларда болса, тек 20 пайызы ауылдық жерлерде тіркелген.

Ал Ерген Дошаев еліміздің алкоголь өнімдері рыногында сыраның 80 пайыз құрайтындығын тілге тиек ете келіп, оған деген­ са­лық­тық мөлшерлемені көтеру туралы өткір мәселе қойды. Ала­тау бөктеріндегі Алматы об­лы­сы аумағына кіретін зәу­лім сарайлардың салықтық ауырт­­палықтарды сезінбей отыр­ғандығын айтқан Виктор Рогалев осы мәселені шешудің жолын сұрады. Министрдің жауабына қарағанда, Алматыдағы Әл-Фараби даңғылының үстіңгі жа­ғындағы тұрғын жайлар жақын болашақта қала аумағына кіргі­зіліп, қала бюджетіне салық тө­лейтін болады. Қазіргі таңда көп­теген үйлердің иелері өз ие­ліктеріндегі жылжымайтын мүліктерінің 70-80 пайызы ғана салынып бітті деген желеумен жа­рық пен суды қостырып алып, жылдар бойы салықтан жалтарып отырғандықтары да назардан тыс қалмады. Министрдің мә­ліметіне қарағанда, қазір ком­муналдық қызметтерді қостырған тұрғындарға салық төлетуді енгізу жайын қарастыру көзделіп отырғандығымен бөлісті.

Депутаттардың ойын жеткіз­ген фракция жетекшісі көлік және тұрғын үй салығына қатысты тү­зетулер бойынша үкіметтік нұс­қамен келіспейтіндігін мәлім­деді. Заң жобасы салықтық әкім­шілендіру жүйесін жетілдіруге бағытталғандықтан, оны толықтай қолдайтындықтарын білдірген Спикер көлік пен тұрғын үй салығына қатысты түзетулерді Үкімет ұсынған нұсқада қабылдай алмаймыз дегенді ерекше айтты. Елбасы 2008 жылғы Жолдауында Салық кодексін қалыптастыру кезінде құнды мүліктерге, зәулім үйлер мен қымбат көліктерге жанама салықтар енгізу туралы нақты тапсырма жүктеген-ді. Ол ескерілмей, керісінше, осының барлығы орта санаттағыларға аударылған. Сондықтан, бүгінгі біз қарап отырған Салық кодексіне енгізілген үкіметтік түзетулер Президенттің аталған тапсырмасына сәйкес өзгертілуге тиіс деп есептейміз, деді Нұрлан Нығматулин.

Фракция жетекшісі салықты есептеу кезінде көлік және үй салығына теңгерімдік әдісі­нің қажеттігін алға тартты. Үкіметтік нұсқада негізгі сал­мақ қозғалқыштары 3 мыңнан 4 мың текше см.-ге дейінгі көлік­терге түсетіндігін, сондай-ақ, олардың жылы, тозығы ескеріл­мей­тіндігін және көлемі 4 мың текше см.-ден асатын темір тұл­пар­лардың салығын ұлғайту қа­рал­мағандығын ескертті. Сонда көлемі 4-мың текше см.-ден, 5-тен, 6-дан асатын, ерекше са­нат­қа жатқызылатын көліктер қайда? Мысалы, 1,5 миллион еуро тұратын, қозғалтқыш көлемі 6 мың текше см. «Мазератти» көлігіне салынатын салық он жыл бұрынғы, көлемі 4 мың тек­ше см. «Тойота-Прадомен» бір­дей болғаны ма? деді Нұрлан Зай­рол­лаұлы таңданысын жасыра алмай.

Мәжіліс Төрағасы жылжымайтын мүлікке салынатын салықтың олқы тұстарын да назардан тыс қалдырмады. Алаңы 150 шаршы метрден асатын пәтерлер мен 300 шаршы метрден асатын жекеменшік үйлерге салық көлемін 3 есе жоғарылататын коэффициент туралы айта келіп, Н.Нығматулин баспананың нақты құны есепке алынбағандығын атап айтты. Сіздердің коэффициент үйдің сапалық сипаттамасына да, тұратын адамдар санына да құрылмаған. Бұл – сіздерде қымбат баспанаға жатқызатын нақты өлшемнің жоқтығының белгісі. Соның салдары қымбат баспанаға төленетін салықты шарықтатуға мүмкіндік бермей отыр, деді Спикер.

Төрағаның пайымынша, сән-салтанатқа, байлыққа салынатын салық кім қымбат көлік пен зәулім үйге ие болса, соларға көп салынуы тиіс. Сөйтті де Төраға бірқатар ұсыныстарды алға тартты. Атап айтқанда, темір тұлпарларға салынатын салық түріне қатысты – қозғалтқыш көлемі 4 мыңнан, 5 мың текше см.-ге дейінгі көліктер үшін салық мөлшерін 130 МРП-ге дейін, ал көлемі 5 мың текше. см.-ден асатын көліктер үшін салық мөлшерін 200 МРП-ге дейін өсіру мәселесі төтесінен қойылды. Және қарапайым азаматтардың мүддесіне нұқсан келтірмес үшін жаңа салықтық мөлшерлемелерді 2014 жылдың 1 қаңтарынан бастап сатылып алынатын көліктерге қолдану ұсынылды. Яғни, ертеректе сатып алынған көліктер үшін бұрынғы салық көлемін қалдыру қажет.

Жылжымайтын мүлікке байланысты салықты сөз еткенде, фракция жетекшісі жоғарылататын коэффициентті жойып, баспана құнына қатысты неғұрлым әділ тәсілге алмастыру керектігін атап, бұл салық салу кезінде, әсіресе, қымбат бас­паналар үшін неғұрлым негізді болмақ дегенді айтты.

Енді «Нұр Отан» ХДП фракциясы мақұлдаған түзетулер топтамасы палатаның Қаржы және бюджет комитетінде дүйсенбіге дейін талқыланып, жан-жақты пысықталуы тиіс. Заң жобасы келесі сәрсенбіде мақұлдануы мүмкіндігі де аталып өтілді.

Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан».

Соңғы жаңалықтар