05 Қазан, 2013

Бәрі бар, бірегей балабақша

498 рет
көрсетілді
26 мин
оқу үшін

Меценат Исламбек Салжановтың бүлдіршіндерге базарлығы

Қобда – ғасырлар қойнауына тереңдеген сайын қазаққа қатысты деректері молыға түсетін тарихы бай өңір. Қара қыпшақ Қобыландының, Абат Байтақтың, Исатай мен Махамбеттің табаны тиген киелі топырақтан кешегі Ұлы Отан соғысында сегіз бірдей Кеңес Одағының Батыры шыққанын екінің бірі біле бермеуі мүмкін. Киелі өңір кісілігі мол тұлғаларға да кенде емес. Солардың бірі – Атымтай жомарттығымен қалың қазағына ғана емес, алыс-жақын шетелдерге де белгілі бола бастаған кәсіпкер Исламбек Салжановтың меценаттығы қазақ әдебиеті мен мәдениетінің өркендеуіне қызмет етіп жүргенін бұрыннан білетінбіз.

Меценат Исламбек Салжановтың бүлдіршіндерге базарлығы

Қобда – ғасырлар қойнауына тереңдеген сайын қазаққа қатысты деректері молыға түсетін тарихы бай өңір. Қара қыпшақ Қобыландының, Абат Байтақтың, Исатай мен Махамбеттің табаны тиген киелі топырақтан кешегі Ұлы Отан соғысында сегіз бірдей Кеңес Одағының Батыры шыққанын екінің бірі біле бермеуі мүмкін. Киелі өңір кісілігі мол тұлғаларға да кенде емес. Солардың бірі – Атымтай жомарттығымен қалың қазағына ғана емес, алыс-жақын шетелдерге де белгілі бола бастаған кәсіпкер Исламбек Салжановтың меценаттығы қазақ әдебиеті мен мәдениетінің өркендеуіне қызмет етіп жүргенін бұрыннан білетінбіз.

Қолда барын қалың жұртымен бөлісуге да­йын азаматтың Қобда ауылында елімізде теңдесі жоқ бірегей балабақша салып, оны жерлестеріне тегін беретінін естігенде-ақ «жақсыны көрмек үшін» деп жолға шыққанбыз. Шыны керек, өзіміз күнде көріп жүрген ауылдың аз ғана уақытта ажары кіріп қалғанын аңғардық. Орталық көшелерге қатты жамылғы төселіп, тазалық пен жинақылықтың ізі байқалады. Бірен-саран ғана көп қабатты ғимараттары бар аудан орталығындағы орталық көшеде сарғыш кірпіштен бой көтерген екі қабатты балабақша үйі ауылдың сәні мен салтанатын арттыратындай әсемдігімен көзге бірден ұрады. Міне, бұл «Алтын қыран» компаниялар тобының құрылтайшысы және президенті Исламбек Салжановтың өз қаржысына жерлестеріне демеушілік жасап салып беріп жатқан балабақшасы, қобдалық бүлдіршіндерге ағалық базарлығы. Бұл Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Өзінің болашағын ойлайтын және алға үмітпен қарайтын жігерлі де көреген халық ең алдымен ұрпақ тәрбиесі мен балаларын оқытудың қамын ойлайды», деген ойының жүзеге аса бастағанының айқын көрінісі десе де болады.

Түрлі шарлармен, жалаушалармен, үрмелі гүлдермен, көз қызығатындай әсем ойыншықтармен безендірілген балабақша алаңында әсірелеп айтқанда ине шаншар жер жоқ. Жүздерінен қуаныш лебі есетін ауылдың кәрі-жасы осында түгел жиналған ба дерсің. Олар бірегей балабақшаның қандай болатынын көрмекке ғана емес, ауылға сиректеу ат басын бұратын астаналық және алматылық қонақтарды да бір көріп қалудың сәтін құр жібергісі жоқ. Ал, балалары мен немерелері осы балабақшаға баратын ата-аналар мен ата-әжелердің қара домалақтарын қолдарынан жетектеп, үкілі үміттерінің қуанышын көруге асығатынын да аңғару қиын емес. Бірегей балабақшаның тұсаукесеріне келген қонақтардың арасында Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Қалдыбек Байымбетов, Парламент Мәжілісі мен Сенатының депутаттары Бақытжан Ертаев және Елеусін Сағындықов, Серік Нөгербеков, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ президенті Сауытбек Абдрахманов пен Президент сыйлығының иегері, республикалық «Central Asia monitor» газетінің бас редакторы Бигелді Ғабдуллин және басқалар бар. Осындай сыйлы қонақтардың алыстан ат арытып келуінің өзі-ақ бұл балабақшаның бұрынғылардан өзгеше екендігіне сендіре түскендей.

Қобдалықтар мен алыс-жақыннан келген қонақтарға алдымен «Балғын балалық» қойылымы көрсетілді. Алаң балалардың қуанышты дауысы мен көңілді күлкілеріне көмкерілді. Әдемі киінген балалар мен ертегілер елінің кейіпкерлері шыға келгенде тұсаукесер өтіп жатқан алаң ажарланып қоя берді. «Қарлығаш» халықтық би ансамблі ұсынған «Қуаныш» биі де салтанатты сәтпен сабақтаса кетті. Бірегей балабақшаның тұсаукесерінде алғашқы Ақтөбе өңірін дамытуға мол үлес қосқан жерлесіміз, Парламент Сенатының депутаты Елеусін Сағындықовқа берілді. Ол өңірдегі игі істерге тілектестігін білдірді.

– Құрметті жерлестер, қадірлі қонақтар! Кең байтақ тәуелсіз еліміздің Ақтөбе өңірінде, соның ішінде қасиетті Қобда жерінде ерекше тарихи іс-шараның куәсі болып отырмыз. Бұл шараның ерекшелігі және құндылығы билік пен бизнестің арасындағы қарым-қатынастың нығаюының бір көрінісі болып отыр. Осындай жақсылықтың арқасында біздің бүлдіршіндеріміз алға қарай ұмтылуға мүмкіндік беретін барлық жағдайы жасалған балабақшаға ие болып отыр. Бұған арқау болған осы жердің түлегі, көрнекті кәсіпкер, «Алтын қыран» компаниясының президенті Исламбек Салжанов мұндай әсем балабақшаны өз қаражатына салып бергені үлгі боларлық іс. Қазақта: «Үлкеннен ұлағат, кішіден мұрағат», деген сөз бар. Қуанышты күн бәрімізге, соның ішінде бүлдіршіндерге құтты болсын. Балаларға таудай талап берсін, бақтары жана берсін. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бастаған жақсы заман болып, қызығын ел-жұртшылық көре берсін, тәуелсіздік баянды болсын, – деп ойын түйіндеді Елеусін Наурызбайұлы.

Одан кейін сөз алған Қазақстан Қарулы Күштерінің негізін салушылардың бірі, Халық Қаһарманы, Парламент Мәжілісінің депутаты Бақытжан Ертаев осындай шағын ауылда туып-өскенін тілге тиек ете келіп, халыққа қызмет етудің үлгісін көрсетіп отырған кәсіпкер Исламбек Салжановтың туған жеріне деген ыстық ықыласына ризашылығын білдірді. Мынадай сайлы балабақша салып, туған жерін қуантып отырған Исламбек Төлеубайұлының азаматтығын алға тарта сөйледі.

– Барлығы осындай ауылдардан бастау алады. Бүгінгі бүлдіршіндерге жасалған жақсылық тәрбиелі азаматтардың өсіп-жетілуінің кепілі, ел ертеңін ойлау деп білемін. Бұл тұрғыда Исламбек бауырымыздың мұндай қадамы өзгелерге үлгі болуы тиіс. Туған жеріне деген ыстық ықыласын, перзенттік парызын ұмытпау бұл кісіліктің белгісі. Исламбек Салжанов осы қадамы арқылы ел ертеңі бүлдіршіндердің озық ойлы азамат болуларына берік негіз қалап отыр. Бұл патриоттық та елжандылық іс. Бүгін осы балабақшаға барған балалар елдің ертеңі, біздің болашағымыз. Сондықтан Исламбек Төлеубайұлының азаматтығы, ауылдастарына деген перзенттік ықыласы деу орынды. Мұндай салтанаты мен жабдықталуы келіскен балабақшаны Астанаға да, Алматыға да салуына болатын еді. Алайда, арда туған азамат туған жеріне салуды шешіп, сіздерді қуантып отыр, – деді ол.

– Мен Исламбектің еліне қуаныш сыйлаған сәтіне ортақ болғаныма ризамын. Бүгін осы заманауи талаптарға жауап беретін балабақшаға барған бүлдіршіндердің арасынан Исламбектей елжанды тұлғалар көптеп шығатынына сенімдімін. Бүгінгі бүлдіршіндеріміз ертеңгі Нобель сыйлығының лауреаты, қоғамдық және саяси қайраткерлер болмасына кім кепіл. Сондықтан бүлдіршіндерді қуантқан меценат бауырымыздың бағалы бастамалары баянды болсын. Балалар жан-жақты білімді, салиқалы азамат болып шығуларына тілектеспін. Бүлдіршіндеріңіздің қуанышы құтты болсын, – деді Парламент Сенатының депутаты Серік Нөгербеков.

Ауылдықтар атынан пікірін білдірген еңбек ардагері Сәрсенғали Әмірғалиевтің ойы төмендегіше өрбіді.

– Осыдан дәл бір жылдай уақыт бұрын осы балабақшаның салынуы жайы­на аудан әкімі Асқар Жүсібәлиев­тің ұйымдастыруымен өткен ел ақсақал­дарымен болған кездесу барысында Ислам Салжановты алғаш көріп, терең ойлы, зерделі, парасатты, қарапайым адам ретінде әсер алдым. Оның түрлі игіліктерге жанашырлық танытып, әлеуметтік шараларға арқау болып келе жатқанына куә болып жүрміз. Солардың барлығы дерлік облыс басшысы Архимед Мұхамбетов жария еткен «Көркейе бер, туған жер!» акциясы аясында туған өлкесіне шама-шарықтарынша қолұшын беруде. Осы игі бастаманы Исламбек Салжанов секілді кәсіпкерлердің қолдауы жүздеген миллион мемлекет қаржысын үнемдеп қана қоймайды, елжандылықты, туған елге де сүйіспеншілік пен парызды дәріптеуде де тәрбиелік мәні зор. Біз­дер қобдалықтар жерлесіміздің елге істеп жатқан жанашырлығына шына­йы алғысымызды білдіреміз. Исламбек Сал­жановқа ауданның құрметті атағын беру туралы ұсынысымызды қолдаған аудан әкімдігіне алғысымыз шексіз, – дей келіп, біткен іске ақсақалдық батасын берді.

«Алтын қыран» компаниялар тобының президенті Исламбек Салжанов жаңа балабақша ғимаратының символдық кілтін балабақша меңгерушісі Жұмазия Ертілеуоваға салтанатты жағдайда табыс­тады. Ақтөбе облысының әкімі Архимед Мұхамбетов пен «Алтын қыран» компаниялар тобының президенті Исламбек Салжанов бүлдіршіндердің құтты мекенінің кіреберісіне керілген көк лентаны қиды, қуанышты сәтке жиналғандарға «Айқара-көз» әжелер ансамблі «Немерем» әнін сыйға тартты. Содан кейін қобдалықтар мен қонақтар балабақшаны аралап, «Даналық әліппесі» бағдарламасы, «Су асты әлeмі» E-BIOCKS және «IPAD» технологиялары бойынша ұйымдастырылған оқу іс-әрекетімен танысты, «Біз бақытты баламыз» тақырыбындағы флеш-мобты тамашалады. Олар сондай-ақ, балабақшаның жазғы ойын алаңдарымен танысты. Салтанатты сәт аяқталған соң тілшілермен тілдескен облыс әкімі Архимед Мұхамбетов бұл балабақшаның жеке кәсіпкерлер салған төртінші балалар мекемесі екеніне тоқталды. Қазір балаларды балабақшамен қамту 85 пайызды құрайтынын айта келіп, таяудағы үш жылда бұл мәселе толық шешілетінін жеткізді. Биылдың өзінде 16 балабақша пайдалануға берілетінін жеткізді. Ірі компаниялармен бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табуда екенін тілге тиек етті. Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне сұхбат берген Парламент Мәжілісінің депутаты Бақытжан Ертаев пен Парламент Сенатының депутаты Серік Нөгербеков көрнекті кәсіпкер Исламбек Салжановтың қолы ашық, қайырымды азаматтығына баса назар аударды. Олар ауылына осындай сәулетті де жарақтандырылуы өзгеше балабақша салып беруіне тәнтіліктерін жеткізді. Бұл үлкен азаматтық деп бағалады. Кәсіпкер Исламбек Салжановтың өзі де журналистермен тілдесіп, өзінің ойымен бөлісті. Ол қаржыны тапқанына емес, орнымен жұмсағанына қуанатынын, қашанда туған жерге бүйрегі бұрып тұратынын, мұндай қайырымдылық істер алда да жалғасатынын тілге тиек етті.

Біздің ұлы жазушымыз Мұхтар Әуезов: «Ел боламын десең, бесігіңді түзе», – деген-ді. Біздің компанияға 20 жыл толды. Бұл компанияның осы мерейтойы қарсаңында елімізге жасаған сыйымыз. Елбасының «Балапан» бағдарламасын орындауға қосқан үлесіміз болмақ, – деді ол өз ойын қорытындылай келе.

Орайы келгенде Қобда ауданының әкімі Асқар Жүсібәлиевпен жолығып, әңгімеге тарттық. Ішкі ойымыз игілікті істің қалай басталғанын білу ғой.

– Облыс әкімінің бастамасымен «Көркейе бер, туған жер!» акциясы өңірде қанат қаққаннан кейін Атымтай жомарттығымен аты шығып жүрген Исламбек Салжанов бауырымызбен кездесіп, ұсыныс білдіргім келіп, Астанаға іздеп бардым. Ол бізді өте жылы қабылдады. Бұрын-соңды жүзбе-жүз кездеспегенмен бір қарағанда-ақ істің адамы екенін сездім. Алдында, аудан орталығындағы ескі стадионды қайта жарақтандырып берсеңіз дегім келіп барғанмын, екеуара әңгімеден кейін Исламбек бауырымыз одан гөрі құлашын кеңге сермегенде бұл ойымды ішіме бүгіп қалуға тура келді. Ол бұрынғылардан өзгеше еуростандартқа сай балабақша салып беремін деп кесіп айтқанда тілімді тістей қойғаным да рас. Міне, сөйтіп осы балабақша құрылысы қолға алынды. Таңдау осы орталық көшедегі ескі парктің көше жақ бетіне түсті. Бұл орынды да болды. Жаңа балабақша ғимараты орталық көшенің сәнін келтіріп, сәулеттік көрінісіне көрік беріп тұр. Ол үшін жерлесіміз, кәсіпкер, меценат Исламбек Салжанов бауырымызға алғыстан басқа айтарымыз жоқ, – дейді аудан әкімі.

Осы арада жерлесіміз, кәсіпкер Исламбек Салжанов туралы бір-екі ауыз таныстыра кету де артық болмас. Исламбектің балалық шағы осы ауданның бұрынғы Брусиловка, қазіргі Қаракемер ауылында өтті. Осында туып-өсті. Кейін Қызылжар орта мектебін бітіргеннен кейін Ақтөбе мемлекеттік медицина институтына түсіп, жоғары білімді емдеу ісі дәрігері мамандығын алып шықты. Уақыттың лебін сезінген Исламбек институт қабырғасында жүргеннің өзінде-ақ бизнестің әліппесін ашып, өз бетінше күн көрудің қадамдарын жасады. Бұл оның бойындағы кәсіпкерлікке деген икемділікті дамытуға себепші болады. Сөйтіп, үлкен кәсіпкерлікке қадам жасауға бекінеді. Алғашқыда «Мақсат Капитал» шағын жеке кәсіпорнын ашып, делдалдық қызметпен және мұнай өнімдерін көтерме сатумен айналысты. Жұмыс жүріп, кәсіпкерлік көкжиегін кеңейту қажеттігі туындағанда «Ақжол» қазақ-неміс бірлескен кәсіпорнына қосымша құрылтайшы және директоры болды. Бұл кәсіпорын Батыс Қазақстанда автокөлік жанар-жағармай құю стансаларын, терминалдарын салып, пайдалануға берді. 2000-2001 жылдары «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ еншіліс кәсіпорны «ҚазақОйл-Продактс» ЖШС Ақтөбе филиалының директоры, 2001-2004 жылдары Ақтөбе қаласындағы «Ақжол» компаниялар тобының құрылтайшысы және бас директоры қызметтерін абыройлы атқарды. 2004 жылдан бері «Алтын қыран» компаниялар тобының құрылтайшысы және бас директоры болып жұмыс істеуде. Мемлекеттік және қоғамдық белсенді қызметі, еліміздің экономикалық-әлеуметтік және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесі үшін ол «Құрмет» орденімен, бірнеше медальдармен, «Білім меценаты-2012» алтын медалімен және дипломмен марапатталған, «Компания-2011» номинациясында қайырымдылық бойынша «Алтын жүрек» жыл сайынғы Ұлттық Қоғамдық сыйлықтың, Қазақстандағы «Кәсіпкер-2012» халықаралық конкур­­­­сы­ның «Экономикалық интеграцияны дамы­ту» номинациясының жеңімпазы болды. Сондай-ақ, «Алтын қыран» қайырымдылық қорының құрылтайшысы және президенті болып табылады.

– Компания басында Қазақстанның батыс өңірінде 12 автокөлік жанармай құю стансасын іске қосып, мұнай өнімдерінің бөлшек саудасын жүргізді. Кейін 250 миллион АҚШ долларына өзінің жеке темір жол паркін құрып, мұнай тасымалымен айналысты. Қазіргі таңда темір жол паркінде 3722 цистерна вагоны бар. Вагон паркін 10 мың бірлікке дейін жеткізу көзделуде. Қуаты бір мезгілде 50 мың тонна мұнай сақтауға мүмкіндік беретін терминал құрылысын бастады. Жобаның құны 60 миллион АҚШ долларын құрайды. Бұл жоба биыл жыл аяғына дейін пайдалануға беріледі деп күтілуде.

Бұл біздің қобдалықтармен ауызекі әңгімеден, басқа да дерек көздерінен білгеніміз. Ал, кластасы туралы «Алтын қыран» қайырымдылық қорының Ақтөбе облысы бойынша өкілі Сәндібай Әлитурлиев айтар сыр өз алдына бір бөлек. Олар он жыл бірге оқыған, екеуі де дәрігерлік мамандықты таңдаған, қазір бизнес саласында да қоян-қолтық еңбек етуде. Осы өңірдегі бар шаруаның басы-қасында жүрген де Сәндібай. Араларынан қыл өтпейтін достықтың алтын көпірі кәсіпкерлікте жалғасын табуда. Балабақша ғимаратының құрылысы белгіленген мер­зім­нен бұрын аяқталды, – дейді Сәндібай Әлитурлиев біткен іске сүйсінісін аңғартып.

Ресейден әкелінген сарғыш қызыл кірпіштен бой көтерген 150 орындық екі қабатты балабақша құрылысына 1 гектар жер бөлінген. Ғимараттың жалпы алаңы 1832 шаршы метрді құрайды. Құрылыс жұмыстары халықаралық еуростандартқа сай жүргізілген. Балабақша құрылысына Батыс Еуропадан, Ресейден, Украинадан жеткізілген осы заманғы материалдар пайдаланылған. Өңдеу жұмыстарын да Еуропадан келген мамандар жүргізген. Өңдеу материалдары, балабақшалар үшін арнайы жасалған санитарлық құралдар, жарық шамдары Германиядан әкелініп орнатылған.

– Жобаның жалпы құны 394781 мың теңге тұрады. Құрылыс жұмыстарына жергілікті жердің 15 адамы жұмысқа тартылды. Құрылыс материалдары, қондырғылар мен құрал-жабдықтар уақтылы жеткізіліп тұрды. Жұмыста кідіріс болған жоқ. Балабақшаға су құбыры тартылды, кәріз жүйесі жүргізілді. Сумен қамтуда және шайын­ды суды айдауда күрделі жағдай туындамас үшін скважина қазылып, насостар орнатылды. Мұнда дербес жылу қазандығы орнатылды. Бұл балабақшаны жылумен және ыстық сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Ауладағы балалардың ойын алаңдарындағы әткеншектер, басқа ойын құралдары арнайы тапсырыспен жасалған. Аулада төрт киіз үй сияқты үйшіктер жасалды. Менің облыста құрылыс салғаныма 40 жылдай болды, мұндай бірегей балабақшаны әлі кездестірмедім. Меценат жерлесіміздің әйтеуір салып берсем болды деп емес, шын көңілден кейінгі ұрпақтың игілігіне жарасын деген ниеті байқалып-ақ тұр, – дейді бас мердігер «Дизайн­­­проект» ЖШС прорабы Сансызбай Жексенбаев.

Осы жерден серіктестік директоры Берік Итбаевты да жолықтырдық. Оның айтуынша, балабақшаға қуат ұстағыш терезелер орнатылған, оларды балалар ашып, құлап кетпеу үшін арнайы кілттері бар. Терезелер сырттан түсетін күннің 8 түрлі сәулесінен қорғайды екен. Аулаға күн ысығанда зиянды заттар шығаратын асфальттің орнына бетон брусчаткалар төселген. Сондай-ақ, бөлмелерге көзді қарықтырмайтын шамдар ілінген. Балалардың бойын суық алмау үшін ойын бөлмелеріне жылу еденнің астымен жүргізілген. Мұнда сантехникалық қондырғылар ересектерге, балаларға бөлек орнатылған. Бәрінен де олар балаларға қолайлы етіп арнайы жасалған. Ауланы жарықтандыратын шамдар да талғамға сай. Сегіз ойын алаңдары Санкт-Петербургтің «КСИЛ» компаниясында арнайы тапсырыспен жасатқан ұлттық нақыштағы ойын құралдарымен жарақтандырылған. Балабақшаның ішкі әрлеу жұмыстарын сербиялық мамандар жасаған. Осында үш айдан бері жұмыс істеп жатқан әрлеушілер бригадасының бригадирі Хасаф Ямини жергілікті жұмысшылармен ортақ тіл табысып, жұмыс жасағандарын жеткізді. Балабақшаның өзгелерден ерекшелігі еуростандартқа сай жоспарлануы және салынуы, сондай-ақ, қымбат та сапалы материалдар пайдаланылуы екенін атап өтті.

Балабақшада жас ерекшелігіне қарай 8 топ болады. Қазірдің өзінде алты топқа 150 бала іріктеліп алынған. Балабақшаға негізінен аз қамтылған отбасы балаларын бірінші кезекте орналастыру ойластырылған. Балабақша меңгерушісіне конкурс жарияланып, іріктеуден өткен Жұмазия Ертілеуова тағайындалған.

– Мен бұрын облыстық кәсіби біліктілікті көтеру институтында әдіскер болып жұмыс істедім. Таңдаудың маған түскеніне қуаныштымын, – дейді ұжым басшысы. – Менің негізгі мамандығым – педагог-психолог. Балаларымыз ересек, жолдасым ауған соғысының ардагері, ауылға барып жұмыс істеуге ол да келісті. Сөйтіп, осы жұмысты қолға алып жатырмын. Балабақшаның негізгі жұмыс бағыты – рухани-патриоттық сана-сезімді қалыптастыру. Басты мақсатымыз – балалардың өз елінің тарихын білу, өз елінің кешегі және бүгінгі қаһармандарын мақтаныш тұту, олардың ерлігіне тағзым ету, оларға сай болу сияқты патриоттық сезімге тәрбиелеу.

Меңгерушінің әңгімесінен аңғарғанымыз, балабақшаға үш жастан алты жасқа дейінгі 150 бүлдіршін қабылданған. Мұнда жұмыс істейтін 23 педагог іріктеуден өткен. Олардың ішінде 13-і тәрбиешілер. Ұстаздар мен тәрбиешілер Астананың және Ақтөбенің үздік балабақшаларында тәжірибеден өткен. Әкімшілік-техникалық қызметшілер 32 адамды құрайды. Қордың қаржылай демеушілігімен балабақша меңгерушісі Жұмазия Ертілеуоваға тұрғын үй сатып әперіліп, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген, көлікпен қамтамасыз етілген. Осы шараның басы-қасында жүрген аудан әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова жаңа балабақша аудан орталығындағы балалар мекемелеріне деген сұранысты артығымен жабатынын, жалпы барлық ауылдарда балабақшамен қамту мәселесі толықтай шешілгенін жеткізді. Балабақша аудандық әкімдіктің балансына өткізілген. Бұл «Алтын қыран» қайырымдылық қоры демеушілік қадамын осымен доғарды деген сөз емес. Қор бұдан былай демеушілік жасап, балабақшамен байланысын үзбек емес.

– Қор бұған дейін аудандағы, Қызылжар ауылындағы мешітке және осындағы орта мектепке, Қаракемер негізгі мектебіне демеушілік көмек беріп келген. Бұдан басқа осы мектептердегі аз қамтылған отбасыларының жақсы оқитын балаларын Астанаға апарып, қыдыртып, елордамен таныстыруды дәстүрге айналдырған-ды. Биыл аудан орталығынан да балаларды Астанаға апаруды бастадық, – дейді «Ал­тын қыран» халықаралық қайырым­ды­лық қорының Ақтөбе облысы бойын­ша өкілі Сәндібай Әлитурлиев бізбен әңгімесінде.

Қор «Бөбек» қорымен ынтымақтаса жұмыс істеп, аз қамтылған отбасы және жетім балаларға тұрақты қолдау көрсетіп келеді. Балалар үйіне, жоқ-жітік және көп балалы отбасыларына, соғыс және еңбек ардагерлеріне, мүгедектерге, ардагерлер ұйымдарына көмек беруді дәстүрге айналдырған, мемлекеттік тілді насихаттау және дамытуға ұдайы көңіл бөледі. Голливудтың «Дисней» студиясының фильмдерін ағылшыншадан қазақшаға аударуға қаржылай қолдау көрсеткен. Қазақ тілін насихаттау бойынша түрлі конференциялар, мәдени-көпшілік шаралар өткізуге де мұрындық болып жүр. Қайырымдылық қоры әдебиет пен өнерді дамытуға қаржылай қолдау көрсетуді дағдыға айналдырған. Қордың қаржылай қолдауымен белгілі ақындар мен жазушы­лардың кітаптары мыңдаған данамен шы­ғарылуда. Үстіміздегі жылы Қазақ­станның халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» және «Соңғы парыз» романдарын АҚШ-тан ағылшын тілінде шығаруға қаржылай қолдау көрсетті.

Алашына ақжарылқап көңілімен көмегін ұсынуды азаматтық парызы санайтын кәсіпкер Исламбек Салжанов мұндай қайырымдылықты жүрек қалауымен жасайтынын, өзін көп дәріптеуге қарсы екенін де білеміз. Ол оны көзге түсу, арзан бедел жинау үшін жасамайтынын да білетіндер жыр ғып айтады. Дегенмен, «Аттан аттың несі артық, қазанаты бір басқа, адамнан адамның несі артық, азаматы бір басқа» демей ме, атам қазақ. Міне, азаматым деп көрсетуге тұратын ұлың болса, неге мақтанбасқа, Ал, Исламбаек Салжановты мақтауға да, онымен мақтануға да тұрады. Ол істеген ісімен, қайырымдылық қасиетімен, кісілік келбетімен осыған әбден лайық азамат. Оны бүгін тұсаукесері болған «Нұрлы болашақ» балабақшасын салып беріп қана қоймай, аудандық әкімдікке тегін өткізуі және бұл балабақшаны болашақта да назарда ұстауға уәде беруі арқылы мұны тағы бір дәлелдей түсті.

Сатыбалды СӘУІРБАЙ,

«Егемен Қазақстан».

Ақтөбе облысы,

Қобда ауданы.