Кеше Қазақстанға сапармен келген Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Пан Ги Мун Семей өңіріндегі бұрынғы сынақ аймағында болды
БҰҰ Бас хатшысының Қазақстанға сапарын Семей өңіріндегі бұрынғы сынақ полигонынан бастауының басты себебі әлем халықтарының атом қаруы мен ядролық мемлекеттер қатарының өсе түскеніне қатты алаңдаушылығын көрсету болса, екінші жағынан ядролық қаруды ауыздықтау және оны таратпау ісін жүргізуге Қазақстан қосқан және қосып отырған үлесті мойындау тұрғанын айқын түсінуге болар еді. АҚШ Президенті Барак Обаманың бастамасы бойынша алдағы аптада Құрама Штаттарда өтетін үлкен саммит қарсаңында БҰҰ Бас хатшысы аса маңызды мәлімдемесін де осында жасауы жайдан жай емес екені түсінікті.
Еліміз өз тәуелсіздігін жариялаған беттен бейбітсүйгіш қадамдарымен әлем жұртшылығының назарын өзіне аудара білді. Айталық, еліміздің Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың алғашқы жарлықтарының бірімен кешегі атом аждаһасының – Семей сынақ полигонының аузына құм құйылып жабылуы әлемге жаңа тұрпатты мемлекеттің пайда болғандығын паш етті. Солайша Қазақстан жас тәуелсіз ел болса да осы бастамасымен бірден дүние жүзі қауымдастығына танылып қана қоймай, үлгі де болып үлгерді.
Ал бұдан кейінгі жерде кешегі полигон астанасы Курчатов қаласының әлеуеті бейбіт мақсатқа орайластырылып, бүтіндей басқаша сипатқа ие болды. Яғни, Елбасы Жарлығымен мұнда алғашқыда Ұлттық ядролық орталық құрылса, бүгінде онда сонымен бірге ядролық технологиялар паркі жұмыс істеп тұр. Мұның алғашқысы бүгінгі күннің ғылым жетістіктерін теориялық, ал екіншісі практикалық тұрғыда жүзеге асыруда. Енді, міне, алдағы таяу болашақта Курчатовта атом электр стансасын салу күн тәртібіне қойылып отыр.
Ең бастысы сол, егемен ел мен Елбасы тарапынан жер жаһандағы барша атом полигондарын ауыздықтап, әлемде бейбітшілікті түбегейлі орнықтыру туралы нақты ұсыныстар жүйелі түрде айтылуда. Семей ядролық сынақ алаңы жабылуының 15 жылдығына орай Елбасының атына БҰҰ-ның бұрынғы Бас хатшысы Кофи Аннан мен Ядролық сынаққа қарсы жаппай тыйым салу шарты ұйымы дайындық комиссиясының атқарушы хатшысы Тибор Тоттан арнайы жолдаулардың келіп түсуі әлгіндей қадамдардың тарихи маңыздылығын айғақтап жатты. Сол тұста Қазақстан тарабының Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру идеясына орай Семейде өңірдегі бес елдің сыртқы істер министрлері өзара келісім-шартқа қол қойғаны да бар.
Өткен жылдың маусым айында Семейдегі Ертіс өзені айрығындағы аралда ядролық сынақтар құрбандықтарына арналған сәулетті ескерткіш басында сан мыңдаған семейліктер, сандаған елдердің дипломатиялық миссия өкілдері қатысқан сындарлы митинг өткізіліп, онда Елбасы тарапынан Семей полигонының жабылған күні – 29 тамызды Жаппай қырып-жою қаруынан бас тартудың бүкілдүниежүзілік күні деп жариялау туралы бастама көтерілгені, іле әлемдік маңызы зор бұл бастаманың Біріккен Ұлттар Ұйымы тарапынан қолдау тапқаны белгілі.
Міне, БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунның елімізге сапарының Семей өңірінен – Курчатов қаласынан басталуының мәнісі осындай-осындай себептерде жатса керек. Сонымен, мәртебелі мейман Орталық Азия елдеріне сапары барысында ат басын қазақ жеріне тіреді. Душанбеден ұшып келген Бас хатшыны Семей әуежайында еліміздің Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев пен Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев қарсы алып, сол бетте тікұшақпен бұрынғы Семей атом полигонының астанасы – Курчатов қаласына бастап алып келді.
Осы сапардан бірер күн бұрын келген бірқатар елдердің журналистері дүйсенбі, ал БҰҰ-ның бірер жауапты қызметкерлері кешегі күні Семейде аялдап, осындағы онкологиялық диспансерде, радиациялық медицина және экологиялық ғылыми-зерттеу институтында болды, БҰҰ Бірлескен бағдарламаларының өкілдерімен кездесті. Ал осы оқиғаға орай Семейге тағы қайрылып келген Еуропарламенттің депутаты Струан Стивенсон дүйсенбі күні осындағы Шәкәрім атындағы университетте Елбасымыздың биылғы Жолдауына үн қоса отырып, әлемдегі бейбітшілікті нығайту мәселелері жөнінде және сол келелі мәселеге Қазақстан тарапының қалайша үн қосып келе жатқандығы туралы сындарлы лекция оқыды. Семей сынақ аймағына түрлі мазмұндағы гуманитарлық көмектердің үздіксіз келуіне бірден-бір себепкер болып келе жатқан бұл қонағымыз Семей қаласының құрметті азаматы, сондай-ақ аталған жоғары оқу орнының құрметті профессоры болып табылады.
Сонымен, БҰҰ-ның Бас хатшысы Курчатов қаласына түс ауа жетсе, ал бұл жаққа ертелетіп жетіп алған алыс-жақыннан келген журналистер қауымы оған дейін Ұлттық ядролық орталық пен Технологиялар паркінде болып, аталған мекемелердің басшылары Қайрат Кәдіржанов пен Абзал Құсайыновтың байыппен қозғаған әңгімелерінің нәтижесінде мұндағы жалпы жағдай туралы терең мағлұмат алып үлгерді.
Мәртебелі мейман Курчатов қаласымен, жалпы кешегі сынақ полигонының өткені мен бүгінгі тынысы туралы таныстығы осындағы Ұлттық ядролық орталық құрамындағы полигон тарихы мұражайынан басталды. Семей қасіретін айғақты деректермен сипаттайтын бұл мұражаймен Бас хатшы асықпай танысты. Бұдан кейін ол термоядролық “Токамак” реакторында болды. Мұның алғашқысы, жоғарыда айтқандай, осы өңірдегі елдің басынан өткен кешегі қилы тарихты қозғаса, екіншісі егемен елдің жарқын болашағын айғақтайды.
Бұдан кейін қонақтар мінген тікұшақтар кешегі атом сынақтары жүргізілген тәжірибе алаңына бет алды. Сапарының соңында Пан Ги Мун осы жерде тұрып, ресми мәлімдеме жасады. Ол өзінің сөзінде Семей полигоны тарихының мұражайынан ерекше әсер алып шыққандығын айта келіп, 1991 жылы Семей сынақ полигонының Нұрсұлтан Назарбаевтың батыл шешімімен жабылуы көрегендік іс болғандығын атап көрсетті. Пан Ги Мун өз мәлімдемесінде қуаты жағынан әлемдегі төртінші полигоннан өз еркімен бас тартып, бүгінде ядролық қаруды таратпау ісінің белсенді жақтаушысына айналған Қазақстанның, оның басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың батыл қадамдарын жоғары бағалап, ядролық қаруға ие барлық мемлекеттерді Қазақстанның жолымен жүруге шақырды.
Осы күні кешкісін Бас хатшы мінген ұшақ Астананы бетке алып ұшып кетті. Ал енді бірнеше күннен соң Вашингтонда ядролық қауіпсіздік хақында жаһандық саммит өткізіліп, онда әлемнің даму тарихында оң бетбұрыс жасалады деп күтілуде.
Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ.
СЕМЕЙ – КУРЧАТОВ – СЕМЕЙ.