Аймақтар • 09 Маусым, 2020

Түйенің құрғақ сүті Қытайға жөнелтілді

434 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бәрі де Мемлекет басшысының 2019 жылы Қытайға барған жұмыс сапарынан басталған еді. Сол сапар аясында Қазақстаннан аспан асты еліне сүт өнімдерін экспорттау жөніндегі хаттамаға да қол қойылған болатын, - деп хабарлайды Egemen.kz.

Түйенің құрғақ сүті Қытайға жөнелтілді

Таяуда, "Евразия Инвест ЛТД" компаниясы Saubota брендімен Қытайға, атап айтқанда  Ганьсу провинциясындағы Ланьчжоу қаласына түйенің 3,5 тоннадан астам құрғақ сүтін жөнелтті.

"Осылайша қазақстандық тауардың ҚХР-ға экспортталуының ресми бастамасы жүзеге асырылды. Осы сәтті біз бес жыл күттік. Қытай нарығына кіру өте қиын болғандықтан, көп жұмыс жүргізілді", – деді аталған компанияның басшысы Қадырбек Мейрамбеков.

Еске салсақ, 2020 жылдың қаңтар айында қазақстандық үш кәсіпорын ҚХР Бас кеден басқармасының импорттаушылар тізіміне енген еді. Олардың қатарында Saumal бренді бар "Евразия Инвест ЛТД" ЖШС-і де болды. Жалпы, аталған компанияның  бие сүтінен ұнтақ өндіретін зауыты Қарағанды облысында 2014 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Өткен жылы кәсіпорын Saubota брендімен түйенің құрғақ сүтін шығаруды игерген болатын. Қазіргі таңда зауыт айына екі тонна құрғақ сүт өнімін өндіреді.

"Евразия Инвест ЛТД" ЖШС-нің бас директоры Қадырбек Мейрамбеков кәсіпорынның өткен жылы "Қорғас" шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығына  609 млн теңгеге өнім сатқандығын мәлім етті.

"Сатылым биыл да артады деп үміттенген едік. Алайда, қаңтар айында шекара жабылды, «Қорғастың» сауда алаңы әлі ашылған жоқ. Сондықтан, басқа жолды таңдадық та, өндірісті сертификаттап, рұқсатты рәсімдеп, қазір Қытайға бірінші партияны жөнелтіп отырмыз", – деді ол.

Компанияның Қытай нарығына ілгерілеуіне Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылық министрлігі мен Ауыл шаруашылық өнімдерін экспорттаушылар қауымдастығының көмектескенін де айта кеткен ләзім.

1

 

Қарағанды облысы