Руханият • 10 Маусым, 2020

Ақпараттардың түрленуі – ғажайып құбылыс

540 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ақпарат заманында өмір сүріп жатырмыз. Алдағы өміріміз үшін мұның маңызы үлкен. Ақпараттардың формасы мен берілісі түрленген сайын біз ертегілерде айтылатын ғажайыптар әлеміне ене түскендейміз.

Ақпараттардың түрленуі – ғажайып құбылыс

Алдымен ақпараттардың даму тарихына қысқаша тоқталайық. Алғашқы ақпараттар ыммен, сосын ауызша тарағаны белгілі. Осы тұста көптеген ақпараттардың таралу ауқымы мен ғұмыры қысқа болды да, солардың ең маңыздылары мен әсері молы ғана халық жадында сақталып, бүгінгі күнге дейін жетті. Сондай халық жадында сақталған оқиғалардың бірі қазақтың атақты байы Сағынайға Ереймен бауырында ас берілуі болды. Егер талдап көретін болсақ, бұл астың халық жадында сақталуына екі-үш фактордың әсер еткендігін байқаймыз. Біріншісі, астың ауқымдылығы, қазақтың үш жүзінен адамдардың шақырылуы. Екіншісі, атақты Ақан серінің Құлагері қастандықпен өлтірілуі. Үшіншісі, қазақтың дүлдүл ақы­ны Ілияс Жансүгіровтің осы оқиғаға орайлас «Құлагер» поэмасын жазғаны.

Осындай кесек факторлардың арқа­сын­да ғана Сағынайдың асы туралы деректер бүгінгі күнге дейін жетті. Соның өзінде, өткеніне әлі толық бір жарым ғасыр болмаса да, ас туралы әңгімелердің аңыздық сипаты мол. Әдетте ауызша тарайтын ақпараттардың көбі хатқа түспей қалғандықтан рас-өтірігі белгісіз аңызға айналып кететіні мәлім.

Ал енді осыған керісінше, біздің тари­хы­мыздағы бұдан 1300 жыл бұрын тасқа қашалып жазылған Орхон жазба ескерткіштері сол замандағы түркі дәуірі туралы бізге біршама айқын ақпарат береді. Міне, осы Күлтегін дәуірі мен Сағынайдың асы аралығындағы мың жылдан астам уақытта құндылығы керемет қаншама миллиондаған ауызша ақпарат тасқа түс­пей қалғандықтан ғана бізге жете алмай ұмытылды десеңізші. Ұмытылатын себебі, ауызша ақпараттардың архиві болған жоқ. Тарихымыз басқалардың қолымен, басқаша көзқарас негізінде жазылуына да міне, осындай олқылықтың түрткі болғаны анық.

Жазба өнері дамымаған халықтың тарихи жады қашанда мықты болады. Мұндай ха­лықтар үлкен тарихи дастандарды туды­рады және оны жадында сақтайды. Бірақ бәрібір жазу өнері дамып, кітаптар шығарған халықтар ғана тарихқа төрешілік ететіндігін көріп отырмыз. Әрине бұл басқа әңгіме.

Өткен ғасырдан бастап өмірге кино, телеграф, радио мен теледидар аралас­ты. Олар ақпараттардың ауқымдылығы мен түрленуін тудырды. Ақпараттың ақи­қат­тығын арттырды. Деректер базасын мо­лық­тырды. Білім қоры жинақталды. Бірақ осының барлығының тілі адам тілі болды. Енді біз ақпараттардың жаңа технологиялар тілінде, яғни цифрлы тілде де сөйлей бас­тағанын көріп отырмыз.

Мәселен, адам денсаулығын тексеретін меди­циналық құрал-жабдықтарды алайық­шы. Олардың көбі адам тілінде сөйлемейді, бірақ сіздің денсаулығыңыз туралы нақты ақпарат бере алады. Сол секілді авто­көлік­тердің, тұрмыстық техникалардың, көптеген автоматтандырылған өнеркәсіптік жүйелердің тілін де мамандар барынша жедел, тіпті сөйлеу мен оқудан да тез ұғады. Соған сай жылдам әрекет етеді. Бұл түсінген жан үшін ғажайып дүние. Ал қазіргі ақпараттық технологиялар мен цифрлы технологиялардың дамуы бұл ғажайып­тардың арғы жағында да неше түрлі адам сенбес ғажайыптардың туындайтындығын байқатып отыр.

Мәселен, сіз қазір өзіңізді бәрін білемін деп ойлайсыз. Алайда басқаны былай қойып, сіз әлі өзіңізді өзіңіз жақсы біле бермейсіз. Өйткені ағзаңыздың қалай жұмыс істеп тұрғандығын да анық білмейсіз. Қандай ауа жұтып тұрғаныңызды ары кеткенде жай шамалауға ғана мүмкіндігіңіз бар. Өзіңізге күніне қандай жылдамдықпен қанша шақырым жүру керек екендігін де нақты анықтай қойған жоқ шығарсыз. Жалпы, сіз өзіңіздің денсаулығыңыздың неге қабілетті екендігін, өз бойыңызда қандай қабілеттің бұғып жатқандығын нақты білмейсіз.

Ал ақпараттық технологиялар осының бәрін мүмкін етті. Мәселен, қазіргі смарт сағаттар арқылы өз жүрегіңіз бен қан тамырыңыздың соғысын кез келген уақытта білуге мүмкіндігіңіз бар. Ақпараттардың жаңа формаларының пайда болуы – шын мәнінде ғажайып дүние.