Қоғам • 10 Маусым, 2020

Сіз үшін отбасы нені білдіреді?

1420 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қазақстандық қоғамдық даму институты «Рухани жаңғыру» отбасы институтын зерттеу орталығы 2020 жылдың ақпан-наурыз айларындағы «Қазақстандық көпбалалы отбасылардың жағдайын және дамуын зерттеу» деп аталатын зерттеу деректерін жария етті.

Сіз үшін отбасы нені білдіреді?

«Сіз үшін отбасы нені білді­реді?» деген сұраққа қазақ­стан­дық­­тардың жалпы санының 73,1%-ы отбасын өмірдің мәні ре­тін­­де санайтынын айтқан. Сон­­дай-ақ жауаптардың ішінде 39%-ы­ «әу­леттің ертеңі», 29%-ы­ «ба­қыт пен махаббат», 16,9%-ы­ «жа­уап­кершілік пен міндет­те­мелер», 7,9%-ы «қоғам­ның негі­зі» және 1,6%-ы «жалғыздық­тан құтқару» деп жауап берген. Оның ішінде әйелдердің 75,1%-ы және ерлердің 51,3%-ы отбасын «әулеттің ертеңі» деп санайды.

«Ата-аналардың 69,3%-ы «көпбалалы болғыңыз келе ме?» деген сұраққа, «Иә, мен әрқашан көпбалалы болғым келді» деп жауап берді. Сұралған мыңдаған респонденттердің 65,2%-ы төрт баланы тәрбиелеуде, 34,8%-ы бес және одан да көп баланы тәр­бие­леуде. Сауалдама нәтижесі бо­йынша, отбасылық жұптардың көп­шілігі (78,9%) өздерінің отба­сылық қарым-қатынастарын «өте жақсы, біз бір-бірімізді сүйе­міз және құрметтейміз» деп баға­ла­ды. Зерттеу сондай-ақ көп­те­ген адам­ның пікі­рін­ше, от­ба­сылық қа­тынастарды ны­ғай­та­тын ма­ңыз­­ды сапа махаб­баттан гөрі құр­­мет екенін көрсетті. Сұ­рал­ған­дардың 68,2%-ы осылай са­най­­­ды. Сондай-ақ отбасылық рес­­­­понденттер арасында 90,2%-ы өмі­ріне риза екендігін атап өт­­ті, бұл ретте ажырасқан адам­дар­­дың­ арасында өміріне риза­лы­ғын­­ 73,9%-ы атап өтті. 70,4%-ы ба­лалар­ды тәр­биелеуде күш қол­­­­дануға теріс қарайды, бұл орын­сыз және дұрыс емес деп са­­найды. Қазақ­стандық ата-аналар өзара түсіністік, құрмет, ма­хаббат сияқты эмоционалдық фак­торларға көңіл бөле­ді», деп атап өтті отбасы институтын зерт­­теу орталығының жетекшісі Жұл­дыз Батталова.

Айта кету керек, бұл зерттеу Қазақстанда алғаш рет өткізілді. Зерттеу қорытындысы бойынша осы мәселеге мүдделі мемлекеттік органдар мен басқа да ұйымдар үшін ұсынымдар әзірленетін болады. ҚҚДИ «Рухани жаңғыру» Отбасы инс­титутын зерттеу орталығы әлеу­меттік институт ретінде отандық және халықаралық тәжірибені зерделеу, отбасының проблемалық аспектілерін шешу бойынша ұсыныстарды зерттеумен, талдаумен, әзірлеумен және қазақстандық отбасылық саясаттың жай-күйі туралы жыл сайынғы Ұлттық баяндаманы дайындау үшін статистикалық және әлеуметтік деректер базасын құрумен айналысады. Инс­титут «Рухани жаңғыру» бағ­дарламасын іске асырудың бар­лық қатысушыларының тиімді қызметін ғылыми-әдістемелік қамтамасыз ету үшін құрылды. Бағдарламаның арнайы жобасына кіретін «Туған жер», «Қа­зақстанның киелі жерлерінің географиясы», «Латын әліпбиіне көшу», «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет», «100 жаңа оқулық», «100 жаңа есім» бағдарламалары бар.

Отбасы – ұлттың алтын діңгегі. Оны сақтау, қорғау ер мен әйелдің арына жүктелген қасиетті парызы. Жақында ғана өмірден өткен белгілі журналист Бейсен Құранбек үйленетін кезінде отбасының 7 қағидасын жасаған екен.

«Сыйластық бірінші кезекте тұру керек. «Үйленген күннен бастап мені «сіз» дейсің» дедім. Бастапқыда «сіз» дегені құлаққа түрпідей естіліп, күлкіге көміліп қалғанмын. Он бес жылдан бері «сіз» деген сөз отбасымыздың татулығының тірегіне айналды. Достарымның әйелдері біреуі 5 жылдан соң, біреуі 8 жылдан соң, біреуі 10 жылдан кейін күйеулерін «сіз» дей бастады. Анасы әкесін «сіз» деп сыйлап тұрса, бала да әкесін құрметтейтінін түсінді; Сенің ата-анаң – менің ата-анам, менің ата-анам – сенің ата-анаң. Балдызыма ақыл айтсам, туған қарындасыма айтқандай айтам, келіншегім қайнысына ұрысса, туған інісіне ұрысқандай ұрысады; Қандай сыйлы қонақ келсе де, үйімізге ішімдік кір­гізбейміз; Балаларымызды мектепке дейін хан сияқты сыйлаймыз, мектеп кезінде шәкірт сияқты тәрбиелейміз, мектептен соң дос сияқты сырлас боламыз, бірақ ақыл айтпаймыз; Ренжісіп қалсақ, 5 минуттан соң сөйлесеміз. «Жақсы адамның ашуы шәй орамал кепкенше, жаман адамның ашуы басы жерге жеткенше». Біреуіміз қылт етсек, екіншіміз уақыт санап оты­рамыз; Біздің үйде ер-азамат есеп бермейді, телефон соғып: «Қайда жүрсің? Қашан келесің?» деген сұрақ қойылмайды. Кейбір достарымның әйелдері телефонмен «Қайда жүрсің қаңғырып?» деп жатқанын естігенде, телефоны болмаған біздің ата-бабалар не деген бақытты деп ойлаймын; Ешқашан ажыраспаймыз. Маған әйел табылады, оған күйеу табылар, ал балаларға бөтен біреу әке-шеше бола алмайды», делінген журналистің жазбасында.

Әлемдердің Раббысы Ал­ла тағала ерлі-зайып­тылар­ға: «Сендер бір-бірлеріңе киім­сің­дер», дейді. Ислам ғұламалары бұл аятты былай тәпсірлеген: «Киім – адамды табиғаттың ыс­тық-суығынан қорғайды. Сол сияқты ерлі-зайыптылар да өмір­дің қайғысы мен қуанышында да бір-біріне қорған бола білуі қажет. Киім – адамның көркі. Ер мен әйел де бір-бірінің көркін киімдей кіргізе білуі шарт. Киім – адам денесіне ең жақын зат. Дәл сол секілді ерлі-зайып­ты жан­­дар да бір-біріне жақын бо­ла білуі міндетті. Киім – адам денесіндегі кемістікті жасырады. Сол сияқты ерлі-зайыптылар да бір-бірінің жақсылығын асырып, жамандығын жасыра білуі шарт», деген екен.

Қазақ «Үйлену оңай, үй болу қиын» деген қанатты сөзді бекерден бекер айтпаса керек. Өйт­кені көп жастар үйлену дегенге той жасау деп қарай­тын секілді. Негізгі міндет пен жауапкершілік той­дан кейін басталатынына мән бермейді. Өмірден тәжі­рибесі аз өрімдей жастар мойнына түскен кіші­гірім сынаққа сынып кетіп, бір-бірін түсіне алмай екі жаққа кетеді. Айрандай ұйыған әулеттің ойран бол­мауы үшін не істеу керек?

«Еліміздегі ажырасудың бас­ты себебі – жас­тардың отбасы құруға дайын еместігі. Мұндай пайым­ға арнайы жүргізген сауал­дамадан кейін келдім. Өткір тұр­ған өзекті мәселені шешу үшін жоғары оқу орындарында «Отбасы құру негіздері» деген пән енгізу қажет. Себебі білім беру институты адамды тек қана интеллектуалдық тұрғыда дайындамау керек. Оны өмір сүруге де дайындау керек. Сондықтан да «Oтбасы құру негіздері» деген пәннің аясында ана болу, әке болуды оқытып, сонымен қатар отбасының қаржылық жоспарын жасауды да үйреткеніміз жөн деп санаймын», дейді әлеуметтанушы Айсұлу Тұрсынбайқызы.