09 Сәуір, 2010

ТАРАЗ ТҰРҒЫНДАРЫ НЕГЕ ДҮРЛІКТІ?

625 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Сәуірдің 7-сінен 8-іне қараған түні белгісіз біреулердің жалған ақпарат таратуынан Тараз қаласы­ның тұрғындары әбігерге түсті. “Қырғыз елінің Талас облысын­дағы тәртіпсіздікке қатысушылар­дың бір тобы Киров су қоймасын жарып жіберіпті” деген хабарды есті­ген тараздықтар облыстық төтен­ше жағдайлар жөніндегі комитетке мәселенің мән-жайын білу үшін кеш­кі сағат 21. 00. шама­сында хабар­ласа бастаған. Содан сағат 23.00.-ге дейін олар 2500 қоңы­рау иелерін сабырға шақы­рып, оның жалған ақпарат екенін түсіндірген. Тағды­рына алаңдаған Тараз тұрғындары телефонмен облыстық ІІД-ге де хабарласқан. Оларға жарты сағаттың ішінде 640 қоңырау түсіпті. Осы мәліметтен-ақ тұрғындар­дың жалған ақпараттан қаншалық­ты дүрліккенін шамалай беруге бола­ды. Көптеген тұрғындар пәтер­лері мен үй-жайларын тастап, автокөлік­термен Алматы бағытын­дағы “105”, “Керуен сарай”, Ақшо­лақ, Ташкент бағытын­дағы Жуалы, Шымкентке және Тек­тұрмас биігі­не қарай кете бастаған. Тиісті орын­дардың берген мәлімет­тері­не қарағанда, “Керуен сарай” маңы­на шамамен 400-ге жуық авто­көлік жиналған. Тектұр­мас­қа да көп­теген адам­дар шоғыр­ланыпты. Ал Таш­кент бағытына қарай беттеген автокөліктерден “Жансая” шағын ау­да­ны­ның маңын­дағы жолда “тығын” пайда болғанына қарағанда, бұл тарапқа да көптеген адамдар ағылған. Түнгі сағат 2.00. шамасында облыс әкімі Қ.Бозымбаев, Тараз қала­сының әкімі Е.Астаев жергі­лікті телеарна арқылы эфирге шығып, Киров су қоймасының жарыл­маға­нын, оны сол елдің қарулы әскері қатаң күзетке алып отырғанын мәлім­деп, облыс пен Тараз қаласы­ның тұрғындарын пәтер­лері мен үй-жайларына оралу­ға шақырды. Облыс әкімі, мұны­мен қатар Тектұрмас, Әуежай, “Жансая” аймақтарында болып, үрейге бой алдырған халықпен әңгімелесіп, су қоймасында ешқан­дай қауіп жоқ екеніне көздерін жеткізді. “105”, “Керуен сарай” бағыт­тарына облыс әкімінің бірінші орынбасары К. Көкірекбаев барып, ол да осы мағынада түсінік жұмыстарын жүргізді. Мұндай жұмысқа облыс пен қаланың басқа да тиісті мекемелері мен жауапты қызметкерлері тартылды. Жалпы, Киров су қоймасының жобалық көлемі 550,6 млн. текше метр суға арналғанын, ал оның техникалық жағдайына байланысты рұқсат көлемі 520, 0 млн. текше метр болатынын “Сақтықта қорлық жоқ” деген бұдан бұрынғы мақаламызда айтқан болатынбыз. 8 сәуір күні таңертең берілген мәліметте осы қоймаға жиналған судың көлемі 501,87 млн. текше метрге жеткені көрсетіліпті. Осыдан біраз бұрын оның көлемі 480 млн. текше метрдің шамасында болатын. Демек, қалай десек те, су мөлшерінің бұрынғыдан арта түскені өтірік емес. Дәл қазір қоймаға келіп жатқан су көлемі секөнтіне 35,4 текше метр болса, одан сыртқа ағып жатқан судың мөлшері секөнтіне 25 текше метрді құрайды. Бұл көрсеткіш былтыр тиісінше 26,3 және 2,7 болған. Қырғыз еліндегі саяси тұрақ­сыздыққа байланысты екі ел шекара­сындағы жағдайға келетін болсақ, бүгінгі күнге дейін мемлекет қауіп­сіз­дігіне қатер төндіретін ешқандай тәртіпсіздік орын алған жоқ. Бірақ кешеден бастап шекарадағы кеден­дер жабылды. Тиісті органдардың мәлімдеуінше, егер Қырғыз еліндегі саяси жағдай тұрақтанса, олар қайта ашылады. Сондай-ақ, осы оқиға орын алғалы бері 14 қырғыз азаматы қазақ еліне өтуге тілек білдіріп, олардың өтініштері қабылданған. Бүгінде ол азаматтармен облыстық ІІД айналысып жатыр. Ал шекарадан ретсіз босып өтіп жатқан қырғыз азаматтары жоқ. Екі ел арасына орналасқан үлкенді-кішілі 12 кеден бекетінде тәртіп күшейтілген. Қорытып айтқанда, Тараз қала­сы мен оған жақын орналасқан аудан­дарға қарасты елді мекен­дер­дің “Киров су қоймасы жарылып, топан су ағып келе жатыр” деген жалған ақпаратқа байланысты үрейге бой алдырған тұрғындары түнгі сағат 2.00.-ден кейін тыныш­талып, жағдай таңғы сағат 5.00. шамасында біржолата тұрақталды. Дегенмен, ескеретін мәселе бар­шы­лық. Мысалы, халықты дер кезінде сабырға шақырып, нақты жағдайды түсіндіру жұмысын ұйым­дастыруға тиісті сала шенеу­нік­тері сылбырлық танытқан сияқты. Бұған дәлел, тұрғындар арасында кешкі сағат 20.30. шамасында басталған дүрлігуге байланысты мәлімдеме түнгі сағат 2.00. шамасында ғана таратыл­ды. Онда да тек бір телеарна арқылы. Сондықтан облыстық төтенше жағ­дай­лар жөніндегі департамент, ІІД және облыстық әкімдік мұндай жағ­дай­да, мейлі ол жалған ақпарат бол­сын, мәселе мәнісімен халықты не­ғұр­лым тезірек құлақтандырып, тезі­рек түсіндіру жағын ойластырса дейміз. Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ. Жамбыл облысы.