Президент • 11 Маусым, 2020

Жемісті бір жыл

383 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың айқын басымдықпен жеңіске жетіп, ел Президенті болып сайлануы елдігіміздің, бірлігіміздің жарқын куәсі болды. Ол Елбасының қасында жүріп, үлкен саяси мектептен өткен, мемлекетіміздің ішкі және сыртқы саясатын, халықаралық дипломатияның қыр-сырын терең меңгерген, дүниежүзілік аренада Қазақстанды лайықты таныта алатын және еліміздің мүддесін жоғарғы деңгейде қорғай білетін тұлға ретінде кеңінен танылды.

Жемісті бір жыл

Қасым-Жомарт Тоқаев Президент болып сайланғалы бір жыл көлемінде не істелінді, не өзгерді, қандай табыстарға қол жетті. Осы мәселені ой елегінен өткізсек, ең алдымен ойға ора­латыны ол – еліміздегі биліктің Кон­ст­ит­у­цияға сай демократиялық жолмен ауыс­у­ы. Бұл ел тарихындағы ерекше саяси оқиға болды. Өткен бір жылда коронавирус індеті мен көмірсутегі шикізаты бағасының құлдырауына қарамастан елімізде
қыр­уар іс атқарылды.

Біріншіден, Президенттің бастамасымен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылды. Саяси аренада сең қозғалды. Президентіміздің ұсынысымен қоғамды демократияландыруға бағытталған заң­дар қабылданып, митингілер тек хабарлама беру арқылы өткізілетін болды, саяси партияларды құру мен тіркеу талабы едəуір жеңілдетілді. Осылардың барлығы көппартиялық жүйені одан əрі нығайтуға септігін тигізетіні сөзсіз. Сайлау туралы заңға өзгерістер енгізіліп, партиялардың сайлау тізімінде əйелдер мен жастар үшін 30 пайыздық міндетті квота белгіленді. Бұл əйелдер мен жас­тар­ға еліміздің қоғамдық-саяси өмі­­ріне белсене қатысу үшін қосымша мүм­кіндік береді. Президенттің өзі пар­ла­менттік оппозиция болу керектігі тура­лы ұсыныс енгізіп, осы туралы заң жобасы қабылданды. Азаматтардың өтініш-тілектерін жедел қарастыру үшін «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы ұсынылып, ол барлық деңгейде іске аса бастады. Қоғамда сая­си пікір алуандығы қалыпты жағдайға айналды. Осының бәрі көпшіліктің көңілінде билікке деген сенімді оята бас­тады. Демократиялық даму жолындағы мұндай нақты қадамдар саяси жүйемізді əрі қарай дамытуға өз үлесін қосатыны сөзсіз.

Қ.Тоқаев өзінің Елбасы жасап берген саяси басқару мен сабақтастықты жалғастыру, əділеттілік, алға басу, даму жолымен жүру сынды ұстанымдарына берік екенін дәлелдеп келеді. Билікті қолына алған күннен бастап, ол бұл ұстанымынан айныған емес.

Қазақстан Президенті өзінің басты ұстанымы әділеттілік екенін айта келіп, «Оны жоғалтып алу адамзат үшін де, ұлт үшін де өзін өзі жоғалтып алумен бірдей. Әділеттілік салтанат құрмаған қоғамда тек қайшылық, қиыншылық, құл­дырау үстемдік ететіні белгілі. Сон­дықтан әділетсіздікпен мемлекет, қоғам, әр адам күн сайын бірігіп күре­суі­міз керек. Халқымыз айтқандай, «Әді­лет жолы – ауыр жол», бірақ ауыр болса да одан басқа тура жол жоқ». Бұл өз кезе­гінде Қазақстанның бәсе­кеге қа­бі­лет­­ті ел ретінде алға дамуы­на, өз мүд­де­­мізді қорғауға, өз мақ­са­ты­мыз­ға же­ту­ге жол ашады. Мына заман жал­қау­­лық пен масылдықты, жай­ба­сар­лық­­ты көтермейді. Біздің еліміз үшін ең бас­ты мақсат – халқымыздың әл-ауқа­ты­ның артуы. Біздің экономикалық же­тіс­тіктерімізді әр қазақстандық сезінуі тиіс. Оған қол жеткізу үшін біз үздіксіз дамып, үнемі өрлеп, өркендеуіміз керек», деді.

Мемлекет басшысы адам құ­қы­ғын қорғауға барынша көңіл бөліп, əйел­дер мен балаларға қатысты зор­лық-зом­бы­лық, адам саудасы сынды қыл­мыс­тарға қарсы заңнамаларды қа­таң­датты, алдын алу шараларын күшейтті.

Мемлекет басшысы əрқашан қоғам үшін өзек­ті оқи­ға­лар­дың ортасынан табы­лып, əлеу­меттік желінің белсенді қол­да­ну­шысы ретінде, қоғамды толған­ды­ра­тын жағдайларға қатысты өзінің пікірін білдіріп, бағасын беріп, билік өкілдерінің назарын аударып отырады. Мемлекеттің басқару жүйе­сіне ен­гі­зіл­ген осындай жаңалықтар жаңа сая­си мəдениеттің қалыптасуына жол ашып отыр. Өткен жылғы Арыс­та­ғы жарылыста да, Қордайдағы қақ­ты­ғыс пен Мақтааралдағы топан су тас­­қынында да Президент халықпен бір­ге болып, апат зардаптарын тез арада қалпына келтіруді өз бақы­ла­уына алды. Халықтың әл-ауқатын көте­ру мақсатында, Қасым-Жомарт Тоқаев­тың бастамасымен жағдайы төмен аза­мат­тарға бірқатар жеңілдіктер жаса­лы­нуда. Ең алдымен табысы төмен бюджет қызметкерлерінің жалақысы мен студенттердің шəкіртақылары көте­рілді. Одан кейін табысы төмен аза­мат­тардың несие қарыздарын мемлекет өз мойнына алды. Жағдайы төмен жүз мыңдаған азаматтың несиелерін кешіру, берілетін несиенің пайызын азайту арқылы оның қолжетімділігін қамтамасыз ету, көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақыны көбейту және әрі қарай жетілдіре түсу, баспанамен қамтамасыз етудің халыққа қолайлы жолдарын қарастыру, микро және шағын бизнес субъектілеріне салық жеңілдіктерін енгізу, оларды тексеруге үш жылға мораторий жариялау сияқты тағы басқа жеңілдіктер іске асырыла бас­тады. Мем­лекет басшысының елімізде ынты­мақ­ты, саяси тұрақтылық пен халық достығын нығайту жолында атқарып жатқан қызметі бұқараның мемлекетке деген сенімін арттырып, қоғамның билікке деген көзқарасын өзгертуде.

Қ.Тоқаевтың Президенттік қызметі әлем­дегі көмірсутегі шикізаты баға­сы­ның 2-3 есеге құлдырауы мен коро­на­ви­рустық пандемияға байланысты еліміз­де­гі қалыптасқан ауыр жағдайларға тура келді. Осындай қиын кезеңде Президент бүкіл елді індетке қарсы күресу үшін жұдырықтай жұмылдыра білді. Елімізде Төтенше жағдай режімі дер кезінде жарияланып, пандемияға қарсы іс-шаралар уақтылы және сапалы атқарылуына байланысты індеттің жаппай таралуына жол берілген жоқ. Мұны ДДҰ, халықаралық сарапшылар жоғары ба­ға­­лауда. Індет әлі толығымен жойылып кеткен жоқ. Пандемия халықтың ден­саулығына əлі де қауіпті. Індетті түбегейлі жою үшін біз әрі қарай да өз өміріміз үшін, бала-шағамыз, ата-ана­мыз, еліміз үшін жағдайдың талабын терең түсініп, сақтанып, тәртіпке ба­ғы­нып, қарапайым гигиеналық сауат­ты­лық танытуға тиіспіз. Сонда ғана біз бұл індетті еңсереміз.

Қиыншылықтарға қарамастан мемлекет азаматтарға, шағын жəне орта бизнес өкілдеріне қолдау көрсетіп келеді. Пре­зидентіміздің пәрменімен дағ­да­рыс­қа қарсы шаралар үшін 6 триллион тең­ге­ге жуық қаржы бөлінді. Ең бірінші, жұ­мыс­сыз қалған адамдарға 42 500 теңге мөл­шерінде төлем жасалды. Бұл көмек 4,2 миллион адамды қамтыды. 1 миллиондай мұқтаж отбасы азық-түлікпен жəне қа­жетті заттармен қамтамасыз етілуде. Қиындыққа тап болған кәсіпкерлер үшін салықтар мен басқа да міндетті төлемдерді төлеу мерзімі ұзартылды. 700 мыңнан аса компания мен кəсіпкерлер үшін салық жүктемесі азайтылды. Сол арқылы олар 1 триллион теңгеге жуық қаржы үнемдеуге мүмкіндік алды. Ауыл шар­уашылығына көктемгі егіс нау­қа­­нын ұйымшылдықпен өткізу және өнім өндіруді молайтып, азық-түлік қауіп­сіз­дігін нығайту үшін 200 млрд теңге қаржы бөлінді.

Жаңа экономикалық ахуал жағ­да­йын­да экономикалық өсуді қалпына кел­тіру үшін Мемлекет басшысының Жар­лығымен Экономикалық өсуді қал­пы­на келтіру жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылды. Дағдарыс кезіндегі жəне одан кейін де дамудың ең басым бағыттары халықты әлеуметтік қор­ғау, жұмыссыздықпен күресу, эконо­ми­каны, оның ішінде шағын және орта бизнесті қолдау, халықтың өмірі мен денсаулығын, азаматтардың табы­сын арттыру болып айқындалды. Әсіресе бү­гінгі жағдай білім жəне ғылым жүйе­сін, медицина саласын түбегейлі рефор­ма­лауды талап етіп отыр. Ұлттық қо­­ғам­дық сенім кеңесінің үшінші оты­ры­сы негізінен, осы мәселелерге ар­нал­­ды. Жиында Мемлекет басшы­сы денсаулық сақтау мен білім беру са­ласын одан әрі реформалау бо­йынша нақты ұстанымдарын жария етті. Өмір көрсеткендей, енді бұл бағыттың маңызы арта түседі. Тіпті экономиканың өзі соған тəуелді болмақ. Сондықтан білім мен ғылымды, медицина саласын дамытуға үлкен басымдық беріледі. Алдағы 5 жылда білім саласына бөлінетін қаражат 6 есе, ғылымға бөлінетін қаржы 7 есе өсетін болады. Ал дəрігерлердің еңбекақысы кезең-кезеңмен өсіп, олардың айлығы 2023 жылға қарай экономикадағы орташа жалақыдан екі жарым есе артық болуы көзделіп отыр.

Сонымен бірге мемлекеттік басқару жүйесін жаңарту үшін орныққан жұмыс тəсілі ретінде Үкіметтің, əкімдіктердің түрлі жиындарын қашықтан өткізу, ес­кір­ген, қажетсіз, уақыт пен қаражатты шығын­дайтын шараларды жойып, кеңес алу, анықтама алу, өтініш беру сияқты рə­сімдерді онлайн режіміне толық көші­ру талап етілді.

Елімізде жетістіктермен бірге, кемші­лік­тер де жетерлік. Әсіресе бүгінгі таң­да­ғы қалыптасқан қиын жағдайда оларды бірер жылдың ішінде шешіп тастау мүмкін де емес. Бірақ бағыт – дұрыс. Біз бүгінгі таңдағы елімізде атқарылып жатқан оң өзгерістердің баянды боларына толық сенеміз.

Мемлекет басшысы халықаралық аренада да еліміздің мүддесін қорғай алатын ірі саясаткер екенін көрсете білді. Жуырда өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің онлайн отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылға дейінгі еуразиялық экономикалық интеграцияның стратегиялық даму бағыттары туралы құжатты қабылдау идеясын қолдай отырып, стратегияның кейбір бөлімдерін қайта талқылап, əлі де пы­сықтай түсу керек екеніне тоқталды. ЕАЭО-ға мүше елдер арасындағы екі­­жақты ынтымақтастықтың көп­қыр­лы екенін, оның экономикалық, əлеу­мет­тік, гуманитарлық қатынастарды қам­титынын, сондықтан аталған мəсе­ле­лер­ді бесжақты форматта Еуразиялық эко­номикалық комиссияны (ЕЭК) қа­тыс­ты­ра отырып қарастыру, оның нақты іске асуын қиындататынын атап өтті. Денсаулық сақтау, білім жəне ғылым са­л­аларын ЕЭК құзыретіне толық кө­лем­­де беру, ЕАЭО-ны құру туралы келісімнің мəніне қайшы келетінін, одаққа мүше мемлекеттердің қызмет көрсету, өзара сауда мəселелері бо­йынша үшінші елмен өткізетін екіжақты келіссөздеріне комиссияның қатысу құқығына келіспейтінін, ЕЭК-тің өкі­лет­тігін кеңейту мəселелеріне мұқият болуға шақырып, дəл қазіргі жағдайда ЕАЭО-мен ынтымақтастықтың басым бағыты экономиканы қайта қалпына келтіру бойынша құрылуы керек еке­нін, одақтың шығыны көп жекелеген шешімдерін орындау, атап айтқанда, қазіргі дағдарыс жағдайында кейбір тауар түрлерін міндетті түрде таңбалау аса қажет емес екенін айтып, еліміздің мүдделерін ескеретін ұсыныстар берді.

Қ.Тоқаев өткен бір жыл ішінде ұлы­ла­ры­мызды ұлықтап, елдік, ұлттық құн­ды­лықтарды əлемге әйгіледі. Ол ұлы ойшыл бабамыз əл-Фараби мен даныш­пан Абайдың мерейтойларын, Алтын Орданың 750 жылдығын жоғары дәрежеде атап өту арқылы тарихымызды жастардың санасына сіңіруге, ұлы тұлғаларымызды кеңінен дәріптеуге, қазақты әлемге танытуға ерекше маңыз беру керектігіне тоқталды.

Ұлттық мүдде, ұлттық құндылықтар туралы Президент Қ.Тоқаев билік басына келгеннен кейін: «Жаңа сын-сынаққа төтеп беру үшін, ең алдымен, ұлттық құндылықтарды қорғай білген жөн. Ана тілімізді, салт-дəстүрімізді, ұлттық сана-сезімді, қоғамдағы татулық пен келісімді, береке-бірлікті сақтай алмасақ, келер ұрпақ бізді кешірмейді. Əсіресе мемлекеттік тілдің мəселесі өте маңызды. Тіл – ұлттың тұғыры, ұрпақтың ғұмыры», деп идеология сала­­сындағы алдымыздағы басты мін­дет­терді айқындап берді. Мемлекет бас­шысының мектептердегі үш тілділік мәселесіне тоқталып, шет тілдері бас­та­уыш сыныптардан кейін оқытылуы ке­рек деген ұсынысын халқымыз қуана қарсы алды.

Қазақстан халқының қолдауына толық ие болған, Президенттің бұл тарихи бастамалары, Үкімет пен барлық деңгейдегі атқарушы органдарға, барлық мемлекеттік қызметкерлер мен барша қазақстандықтарға үлгі, өнеге, нұсқау болып қабылданып, батыл іс-әрекеттер, нақты шешімдер ретінде іске асуы тиіс. Президент айтарын айтты, бағыт-бағдарын берді. Біз Тәуелсіздіктің ең басты шарты – тіл екенін, тілі жоқ ұлт – өлген ұлт екенін түсінуіміз керек. Мұны түсіну үшін бәрімізге азаматтық пен туған елге, жерге, тілге деген адалдық қажет. Көп жылғы ұлы державалық сая­сат тілімізді тұқыртты. Өз тілімізде күміл­жіп, өзге тілде сайрап тұрамыз. Дәл осындай жағдайда қазақ тілінің дамуына кім кепіл? Әрине, сол ұлттың өзі. Бү­гінде елімізде қазақ тілін білетіндер саны 77 пайыздан асты. Солай бола тұра еліміздегі мемлекеттік қызметшілердің басым көпшілігі орыс тілінде сөйлейді. Халықпен қоян-қолтық араласып жұ­мыс істейтін қатардағы қызметшілер, мем­ле­кеттік тілді білмесе, олар елмен қалай жұмыс істемек? Мемлекет бас­шы­сының «Халыққа үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы қалай жүзеге асырылады? Осыны түсінетін уақыт жетті. Тек түсініп қана қоймай, әр­қайсысымыз барынша үлес қосуымыз керек. Бір-бірімізбен, балаларымызбен қазақша сөйлесіп, ұрпағымызды ұлттық құн­дылықтар негізінде тәрбиелеуіміз қажет.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халқымыз үшін, мемле­кет мүддесі үшін жасап жатқан қыз­ме­ті, қолға алған тарихи бастамала­ры жалпыхалықтық қолдауға лайықты. Сондықтан баршамыз Президент төңі­ре­гіне топтасып, бірігіп, Мемлекет бас­­шы­сының бастамаларын, игі істе­рін ­қолдап, оны іске асыруға атса­лыс­қа­ны­мыз абзал.

 

Қуаныш АЙТАХАНОВ,

қоғам қайраткері

 

НҰР-СҰЛТАН