Осы орайда мемлекеттік тілді оқытудың инфрақұрылымы айтарлықтай кеңейе түсті. Қазақ тілінде оқытып, тәрбие беретін ұйымдар мен балабақшалар саны да айтарлықтай өсті. Соңғы кездері өңірде тұратын бірқатар этнос өкілі балаларын қазақ тіліндегі балабақша мен мектептерге бере бастады. Бұл мемлекеттік тілді оқытуды балабақшадан бастау қажет деген қағида жолға қойыла білгенінің басты бір дәлелі деуге болады.
Облыстық тілдерді дамыту басқармасы жанынан ашылған тілдерді оқыту орталығының қызметі нақты нәтижелерге жол аша білді. Этнос өкілдері көп шоғырланған алты ауданда аталған орталықтың курстары жұмыс істейді. Сондай-ақ тілдерді үйренуге сұранысты қанағаттандыруға қажетті іс-тәжірибе қоры мен бірыңғай жүйе қалыптасты. Бүгінгі күнге дейін орталық арқылы 15 мыңға жуық астам ересек азамат мемлекеттік тілді, 1500-ден астам адам ағылшын, 149 адам – орыс тілін үйрету курстарымен қамтылды. Тілді үйренем деушілерге және шетелдегі қазақ диаспорасының өкілдеріне ана тілін меңгеруі үшін әдістемелік және ұйымдастырушылық қолдау көрсету мақсатында электронды оқыту бағдарламалары, қашықтықтан оқыту технологиясы, сайт, баспа оқу құралдары арқылы да толық мүмкіндіктер жасалды. Атап айтқанда «til-aktobe.kz» ақпараттық сайтында, ВКонтакте әлеуметтік желісіндегі парақшасына сабақтар орналастырылып, өз бетінше тіл үйренгісі келетіндер қашықтан оқыту технологиясы бойынша дәріс ала алады.
Ұзақмерзімді жобалар қатарында 2014 жылдан бері тіл оқытушылары мен әдіскерлерге көмекші құрал ретінде «Тілдерді оқыту: ізденіс және әдістеме» ақпараттық журналы шығарылып келеді. Шетелдегі қазақ диаспорасы өкілдерінің ана тілін үйренуі үшін әдістемелік және ұйымдастырушылық қолдау көрсету мақсатында көршілес Орынбор облысында тұратын қандастарымызға тіл үйренуге бағытталған шаралар, ашық сабақтар жүйелі түрде ұйымдастырылып, әдістемелік құралдар тегін таратылып келеді. Қазақ тілі бойынша тілдік білім деңгейін бағалаудың бірыңғай жүйесі – «Қазтест» бойынша тестілеу ұйымдастырылды. 2012 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін сынаққа 22 мыңға жуық адам қатыстырылды. Мемлекеттік тілмен қатар облыстағы этностардың ана тілдерін үйренуі жүйелі жүргізіліп келеді. 2006 жылдан бері жексенбілік мектептерде этнос өкілдері мемлекеттік және украин, неміс, корей, чешен, татар, башқұрт, әзербайжан тілдерін оқыту курстарымен қамтылды.
Қазіргі таңда тұтастай еліміз бойынша кемшін тұстардың бірі – мемлекеттік тілде балаларға арналған сапалы, өнегелі, танымдық және оқыту әдебиеті мен тележобалардың тапшылығы. Тілді меңгерем деп ұмтылған өскелең ұрпақ үшін қазақ тіліндегі өнімдер аса маңызды. Ол балалардың, оның ішінде өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілін түсініп, еркін меңгеруіне түрткі болады. Осы ретте мектепке дейінгі білім мекемелерінің тәрбиеленушілеріне, бастауыш сынып оқушыларына арналған қазақ тіліндегі басылымдарды шығару, БАҚ-та балалар мен жасөспірімдерге арналған медиалық мазмұнды кеңейту сияқты шаралар қолға алынды.
2014 жылдан бастап мектеп жасына дейінгі балалардың дүниетанымын дамытуға және тілдерді үйренуіне ықпал ету мақсатында үш тілде танымдық «Күншуақ» журналы шығарылып келеді. 2018 жылдан бастап балалардың тілдік машықтарын жетілдіру бағытындағы көпшілік сипаттағы құрал ретінде «Kunshuak-aktobe.kz» сайты ашылды. Тілдерді алғаш үйренушілер үшін сөздіктер мен суретті тапсырмалар әзірленген. «Мен үш тілде сөйлеймін» балаларға арналған үш тілдегі тілашар жарық көрді, «Алтын сандық» ертегілер жинағы, «Ғажайып математика» атты халықтық элементтері бар ертегілер мен сандарға байланысты мақал-мәтелдер, «Балаларға базарлық» көмекші құралдары шығарылды. Тілдік ортаны қалыптастыруда бұқаралық ақпарат құралдарының атқарар рөлі зор. Оның шығармашылық әлуетін пайдалана отырып, жүзеге асырылған мемлекеттік тілді насихаттау, тіл саясатын түсіндіру сипатындағы түрлі форматтағы жобалар облыс жұртшылығына ұсынылып, көпшілік пен тіл жанашырлары тарапынан қолдау тапты.
Мемлекеттік тіл саясатында маңызды мәселенің бірі – ономастикалық жұмыстар. Жалпы, ономастика десе бұқара халықтың санасында біреудің есімін белгілі бір нысанға, елді мекенге немесе көшеге беру деген біржақты пікірлер туындап қалады. Шынтуайтына келгенде, бұл бағыттағы сан қырлы жұмыстарды тек осымен шектей салуға болмайды. Мемлекеттіліктің нығайып қалыптасуында байырғы жер, су, елді мекендердің тарихи атауын қайтарудың орны айрықша. «Жер тарихы – ел тарихы» демекші, ұлан байтақ жеріміздегі барлық жер-су атауларының ежелгі тарихы бар. Оны бұрмалауға болмайды. Осылайша Тәуелсіздікке қол жеткізген 1991 жылдан бері облыста 146 елді мекен тарихи атауларымен қайта қауышты.
2014 жылдан бері өңірдің топонимиялық атаулары, жер бедері, табиғат, жер-су, жануарлар атаулары, өсімдіктер туралы мәліметтерді қамтитын қазақ, орыс, ағылшын тілдеріндегі «Туған өлке» энциклопедиялық анықтамалықтың аудандар бойынша сериясы шығарылды. Осыған дейін елді мекендер мен қала көшелері атауларының көбі ел тарихына ешқандай қатысы жоқ бөгде атаулармен аталып келгенін айта кеткен жөн. Бүгінгі күні қазіргі талаптарға сай көшелерге атау беру жұмыстары жүргізілуде. 2014-2019 жылдар аралығында Ақтөбе қаласы бойынша 42 көше қайта аталып, 515 көше мен 24 шағын ауданға атау берілді. Аудандар бойынша 22 елді мекен, 75 құрамдас бөлік қайта аталып, 137 құрамдас бөлік атау иеленді.
– Алайда шешімін таппай жүрген мәселелер де жеткілікті. Бірінші кезекте мемлекеттік тілді міндетті түрде білуі тиіс азаматтар санаттарын және тілді білу көлемін айқындау, тіл мәселесіндегі нормативтік құқықтық базаға өзгеріс енгізу ісінің өзектілігі мен қажеттілігі әлі де күрделі күйінде қалып отыр. Тіл тұғырын тұғырлы ету мәселесін әр қазақ өзінен бастауы тиіс.
«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы жарияланған кезден бері өңірде қазақ тілін латын графикасына көшірудің қажеттілігі мен маңыздылығын жан-жақты түсіндіру жұмыстары қолға алынғанын айта кеткен жөн. Облыста жыл сайын мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мен қолданыс аясын кеңейтуге арналған әртүрлі форматтағы шаралар өткізу дәстүрі қалыптасты, деді облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Г.Төлебаева.
АҚТӨБЕ