Естеріңізге салайық, 60-тан астам қазақстандық 9 маусымда Оңтүстік Кореяға ұшып кете алмаған еді. Бірақ мәселе шешіліп кеше таңертен ұшақ Оңтүстік Кореяның негізгі әуежайына қонған.
"Хабар24" арнасының хабарлауынша, ұшып барғаннан кейін барлық жолаушының дене температурасы тексеріліп, тестіден өткен. Олардың бірінде нәтижесі оң болыпты.
Науқас Қазақстан азаматы екені белгілі. Ол 31 жастағы әйел кісі. Инчхонның Йонсу ауданында тұрады. Дәрігерлердің айтуынша, жолаушыда COVID-19 белгілері болмаған, тек температурасы 37,1 градусты көрсеткен.
Қазір науқас ауруханада. Бұл – Корея Республикасындағы Қазақстан азаматында коронавирус жұқтырудың алғашқы дерегі. Бұған дейін мамырдың 31-і күні дерт Мәскеуден келген қазақстандық әйелдің үш жасар қызынан анықталған еді. Бұл отбасы Ыйджонбу қаласында тұрады Оңтүстік Кореяға шетелден келгендердің барлығы екі апта үйде оқшаулануы тиіс.
Сондықтан Алматыдан келген жолаушылар да 14 күн үйде болады. Сондай-ақ, олар ұялы телефондарына арнайы қосымшаны жүктеуі тиіс. Осы арқылы Денсаулық сақтау басқармасы олардың жағдайы туралы мәліметтер алып, жүріп-тұруын бақылайды. Жалпы, Корея заңы бойынша оқшаулау ережелерін бұзғаны үшін шамамен 7,5 мың доллар айыппұл салынады.