Қазақстан • 11 Маусым, 2020

Мамыр-маусымдағы зейнетақы мөлшері айырмашылығының себебі белгілі болды

1561 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстандықтардың мамыр айында алған зейнетақысы маусымдағыдан көп болды. Мұның себебі – төлемдерді қосымша 5%-ға индекстегеннен кейін сәуірде толық алынбаған қосымша төлемдер, - деп хабарлайды Egemen.kz

Мамыр-маусымдағы зейнетақы мөлшері айырмашылығының себебі белгілі болды

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, Мемлекет басшысының 2020 жылғы 30 наурыздағы тапсырмасы бойынша зейнетақы төлемдері мен жәрдемақыларды жылдық мәнде 10%-ға қосымша индекстеу жүргізілді. Осылайша, 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап жүзеге асырылған базалық зейнетақы мен мемлекеттік жәрдемақылар 5%-ға, ал жасына байланысты зейнетақы 7%-ға артқан кезде, 1 сәуірден бастап барлық төлемдер қосымша тағы 5%-ға өсті.

Сәуірдегі өсім автоматтандырылған режимде жүзеге асырылды (қосымша құжаттарды талап етпестен), ал мамырда азаматтар өсімді ескере отырып төлемдер алды. Сонымен қатар, азаматтардың сәуір айында алмаған зейнетақының жаңа және ескі мөлшері арасындағы айырмашылық мамыр айында кезекті зейнетақы төлемімен бірге төленді.

Мысалы, егер 2020 жылғы қаңтардан бастап зейнетақы төлемдерінің мөлшері (жасына байланысты зейнетақы + базалық зейнетақы) 90 400 теңгені құраса, ағымдағы жылғы 1 сәуірден бастап зейнетақы төлемдерінің жаңа мөлшері 94 920 теңгені (90 400 теңге + 5% арттыру) құрайды. Бұл ретте төлем мамыр айында 99 440 теңгені (94 920 теңге + сәуір айына қосымша ақы 4520 теңге) құрады. Маусым айында зейнетақы тиісінше 94 920 теңгені құрады.

Естеріңізге сала кетейік, 2020 жылғы 1 сәуірден бастап ең төменгі зейнетақы төлемі 58 082 теңге, оның ішінде базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері – 17 641 теңге болып белгіленген.