Пікір • 12 Маусым, 2020

Дамудың дербес жолы

203 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Биылғы мамыр айында өткізілген Жоғары Еуразиялық эко­номикалық кеңестің отырысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «2025 жылға дейінгі Еуразиялық эко­но­ми­калық интеграцияның стратегиялық даму бағыттары туралы» құжатты қабылдау идеясын қолдайтынын, алайда оның кейбір бөлімдері қайта талқылау мен жетілдіруді талап ететінін жеткізген еді.

Дамудың дербес жолы

Президенттің айтуынша, ұсы­ныл­ған Стратегияда «үйлестіруге және біріздендіруге» қатысты құ­қық­тық жауапкершілік орнату бөлі­міндегі әкімшілік және қыл­мыс­тық, кеден ісі, техникалық рет­теу, тұтынушылардың құқы­ғын қор­ғау сияқты бірқатар сала жет­кі­лік­ті деңгейде пысық­­тал­ма­ған. Неге десеңіз, атал­ған стратегия Үкі­­меттер мен Пар­ла­менттердің дер­бес құқығын шек­тейді. Пре­зи­­дент Қасым-Жомарт Тоқаев «Ком­со­моль­ская правда» газетіне бер­­ген сұх­ба­тын­да да Ресеймен стра­те­гиялық әріп­тес екенімізді айтып, көбі­несе эко­номикалық алыс-берісті ны­ғай­туға үлкен мән бері­ле­ті­нін нақ­ты­ла­ды.

Президенттің бұл жауабы дип­ло­матиялық тұрғыда өте дұрыс. Де­генмен бұл саланың өзінде әріп­тес­тігімізге мұқият қарап, белгілі бір деңгейде шектеу қойылғаны артық болмас деп есептеймін. Оның себе­біне тоқталсақ, қазақстандық тауар өндірушілерді қолдау үшін эко­номикалық серіктестеріміздің ай­мақ­тарынан келетін өнімдерге шектеу қойылу керек. Қай саланы алсақ та, ресейлік тауарлардың отандық өндірушілерді нарықтан ысырып тастап жатқанын байқауға болады. Олар нарықтық бағаны әдейілеп түсіреді. Мұның соңы біздегі кәсіпорындардың жабылуына алып келеді. Бұл бар тәжірибе. Мысалы, Өскеменде жылу оқшаулағыш материалдар шығаратын ірі кәсіпорын жұмыс істеген. Дәл сондай материал өндіретін ресейлік компания келіп, өнімдерін екі есе төмен бағада сатты. Осының салдарынан отандық зауыт жабылуға мәжбүр болды. Мұндай кәсібі тұралап, қызметін тоқтатқан кәсіпорындар елімізде аз емес.

Мемлекет ішкі нарықты дамыту үшін шектеу қойып, отандық іскер азаматтарға басымдық беру керек. Түрлі экономикалық одақтарға ене берсек, ішкі өндірістік секторды жоғалтып алуымыз мүмкін.

5-6 өнім түрі шығарылып, қайта өңдеу секторы дамымай қалуы мүмкін. Бұған қауіптенуге негіз бар. Экономикалық интеграциялық байланыстарда белгілі бір дең­гей­де шектеулер болғаны заңдылық. Қазақ­станнан Ресейге тасымалданатын тауарлар кеден бекеттерінде көптеген кедергіге тап болып жатыр. Ресейдің экономикасы ши­кізат ресурстарына тәуелді бол­ған­дықтан қайта өңдеу мәселесіне көршілес мемлекетте қазір үлкен мән беріліп келеді. Демек, ішкі сұра­нысты қамту мәселесін мық­тап қолға алу керек.

Біздің мемлекеттің ұстанатын өз экономикалық саясаты бар. Әйтсе де Ресей халқы 140 млн-нан аса­тын­дықтан, олардың ком­па­нияларымен бәсекелесу қазақ­стан­дық кә­сі­п­керлерге қиын. Сол себепті бұл мә­селеге мұқият қарап, жан-жақ­ты­ ойлау керек. Пре­зи­дент «Ком­со­мольская правда» газетіне берген сұхбатында осы мәсе­ле­лер­ге тоқ­тал­ды.

Әлбетте Ресеймен саяси-эконо­ми­калық ынты­мақ­тас­ты­ғы­мыз­дан бөлек, ортақ тарихи-мәдени бай­ланыстарымыз көп. Десек те Қаз­ақ­станның өз ұстанған жолы бар. Осыны көршілес мемлекеттер ескеру керек. Міне, Мемлекет басшысы осы тұстарды айқын аңғартты.

 

Азаматхан ӘМІРТАЙ,

«Байтақ-Болашақ» экологиялық альянсының төрағасы