Өскемендегі «Абайтану» ғылыми-зерттеу институтының директоры Айжан Картаева модераторлық еткен конференцияны университет ректоры Мұхтар Төлеген кіріспе сөзімен ашып, абайтанудың білгірі, көрнекті ғалым Мекемтас Мырзахметұлын 90 жасқа толған мерейтойымен құттықтап, құрметтеп сөз кезегін ұсынды. Мекемтас Мырзахметұлы Абайдың Батысынан Шығысы басым екендігін нақты тұжырымдармен дәлелдей отырып ақынның «Толық адам» іліміне кеңінен тоқталды. Ғалымның пікірінше, бұл еңбекті тек қазақ халқы емес, алдымен түркі әлемі, кейін бүкіл Еуропа іздеп жүріп оқитын болады. Түркияның Фырат университетінің профессоры Ержан Алкайя «Ұлы Абай түркі әлемінде» тақырыбында тұщымды баяндама жасап, Абай Құнанбайұлының түркі әлемі әдебиетіндегі орны туралы сөз қозғады. Түркиядағы һәкім атындағы мектептер, көшелер, саябақтар мен ескерткіштер, өмірі мен шығармашылығы туралы жарық көрген кітаптар, жазылған диссертациялар мен мақалаларды таныстырды. Бүгінде Нидерланд елінде тұратын PhD доктор, профессор Зифа Мұратқызы Әуезова Абай өлеңдері мен әндерінің ағылшын тіліне аударылуы жайын сөз етті. Ғалымның айтуынша, ұлы ақын шығармаларын өзге тілдерге аударғанда орыс тіліне қарағанда, түпнұсқамен жұмыс істеу қазақ яғни тіліндегі нұсқасын аудару тиімді. Польшаның Варшава университетінің саяси ғылымдар және халықаралық қатынастар факультетінің доктаранты Жандос Қарынбаев «Құнанбай әулеті және поляк зиялылары: көпқырлы байланыстардың жылнамасына шолу» тақырыбында баяндама оқып, сол елдегі қазақтарға, соның ішінде Шығыс Қазақстанға, Құнанбай әулетіне қатысты жинақталған деректерді көрермен назарына ұсынды.
ӨСКЕМЕН