Қоғам • 12 Маусым, 2020

Цифрландыру әлеуметтік шиеленісті азайтады

282 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты әлеуметтік маңызды бағыттар бойынша қолданыстағы заңнаманы талқылау циклін жал­ғастыруда. Жуырда онлайн форматында «Ден­саулық сақтау саласындағы ашықтық: жаңа трендтер ақпарат қолжетімділігіне қалай әсер етеді?» атты екінші пікірталас алаңы өтті.

Цифрландыру әлеуметтік шиеленісті азайтады

Пікірталас алаңы шеңберінде сарапшылар қолда­ныстағы денсаулық сақтау саласындағы заңнамадағы ақпаратқа қол жеткізу мәселесін, атап айтқанда, пандемия жағдайында анықталған осал жақтарды талқылады және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған «Халыққа құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы шең­берінде жұмыс­ты жетілдіру бойынша өз ұсыныстарын берді.

Диалогты аша отырып, алаң модераторы, Еуропалық құқық және адам құқықтары институтының директоры Марат Бәшімов цифрландыру және пандемия ақпа­ратқа қолжетімділік регламентін өзгерту қажеттілігіне итермелегенін атап өтті.

«Президент Әкімшілігінің жанынан құрылған өтініш­терді қарауды бақылау бөлімі өзін өте тиімді көрсетті. Енді адамдар Мемлекет басшысына тікелей жазады. Сондықтан Денсаулық сақтау министрлігінің жанынан ұқсас құрылым құру қажет деп санаймын», деді Марат Бәшімов.

Сонымен қатар ҮЕҰ «Әлеуметтік және құқықтық зерттеулер орталығының» директоры Айсана Сман «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» Заң 5 жыл бұрын сол уақыттың тенденцияларын ескере отырып қабылданғанын атап өтті. Ал жаңа жағдайда, оның пікірінше, осы Заңмен немесе «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексімен реттеуін қажет ететін  мәселелер пайда болды.

«Бұл сала қажет, себебі «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» Заңның алтыншы бабында азаматтың денсаулығын сақтауға байланысты ақпаратқа қол жеткізу құқығы шектелмейді деп жазылған. Яғни заң денсаулық сақтау саласында болып жатқан барлық нәрселерді заңнамамен де, басқа да нормативтік актілермен де шектелмейтінін тікелей айтады», деді Айсана Сман.

Сонымен қатар сарапшылар цифрландыру және ақпа­ратқа қол жеткізу халық арасындағы әлеуметтік шиеленісті азайтуға бағытталған деген пікір білдірді.

Талқылауға «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты» КЕАҚ Басқарма төрағасы Кемелбек Ойшыбаев, Президент Іс басқармасы ауруханасының салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының жетекшісі Марат Құрманов, Денсаулық сақтау министрлігі, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, өңірлік денсаулық сақтау басқармаларының өкілдері және сарапшылар қатысты.

Естеріңізге сала кетейік, жақын арада Қазақстандық қоғамдық даму институты жер қатынастары, экология, қаржы және халықты әлеуметтік қорғау саласындағы «ақпаратқа қол жеткізу туралы» заңды талқылау бойынша пікірталас алаңын өткізуді жоспарлап отыр.