Аймақтар • 12 Маусым, 2020

Қарақұйрықты қорғауға балалар кірісті

644 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қарақұйрық – Маңғыстау түбегі мен Үстірт жонында индустриализация басталмай тұрып, яғни өткен ғасырдың ортасында, саны жүз мыңнан кем емес болған, ал қазір Қазақстанның Қызыл кітабына енген бөкеннің түрі. Ақтаудағы "Білім-Инновация" облыстық лицей базасында өткен қарақұйрықты сақтау үшін кейбір ауылдық мектеп оқушыларын тартуға бағытталған жобаны іске асыру бойынша жұмыс жоспарына сай өткен дөңгелек үстелде қарақұйрықтар мәселесі талқыланды, - деп жазады Egemen.kz

Қарақұйрықты қорғауға балалар кірісті

"Табиғи орта" Батыс Қазақстан үкіметтік емес ұйымдары өңірлік ассоциациясының кеңес төрағасы, Экология министрлігінің амбассадоры Әділбек Қозыбақовтың айтуынша, Маңғыстау облысында Халықаралық табиғатты және табиғи ресурстарды қорғау одағы (IUCN) "Түрлерімізді сақтайық!" (SOS) бағдарламасының кіші гранты аясында «Қазақстанның Маңғыстау облысындағы ауылдық мектеп оқушылары арасында қарақұйрықты сақтауды насихаттау» жобасы іске асырылып бастады. Жоба мақсаты – қарақұйрықтың мекендеу ареалындағы ауылдарда тұратын мектеп оқушыларында және (олар арқылы) олардың достарында, туыстары мен ата-аналарында қарақұйрықтың, жалпы туған табиғаттың сақталуы үшін жауапкершілік сезімін ояту.

"Барлық мүдделі тараптардың мүдделерін ескеретіндей жұмыс жоспарын жасау үшін біздер облыстық білім басқармасын, облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасын, "Қызылсай" мемлекеттік өңірлік табиғи паркін, орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясын, Ақтау қаласындағы Химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебін және "Ecojer" қауымдастығы Батыс Қазақстан бойынша филиалы Маңғыстау облысының өңірлік экологиялық кеңесін шақырдық. Енді осылардың барлығы біздің негізгі серіктестеріміз болды", – деп мәлімдеді Ә.Қозыбақов.

2021 жылдың қазан айын қоса қамтыған жұмыс жоспарының жобасы қызу талқыланып, отырысқа қатысушылардың жөнді ұсыныстары ескерілді.

Талқылауға қатысқан "Ecojer" қауымдастығы өңірлік экологиялық кеңесінің мүшесі Нұрбол Оқуовтың айтуынша, осы жобаның ерекшелігі ауыл оқушыларының жәй ғана экологиялық мәдениетін арттырумен шектелмей, осы балалар арқылы олардың әкелері мен ағаларына, яғни өздері браконьер болуы немесе сырттан келген браконьерлерге жойылып кету қауіпі төніп тұрған қарақұйрықтарды іздеуге көмектесуі мүмкін туыстарына, моральдық әсер етуінде. Ол үшін Маңғыстау ауданының Шебір, Тұщықұдық, Қызан, Ақшымырау, Үштаған ауылдарында және Бейнеу ауданының Төлеп ауылында ауылдық мектептері маңында "Қарақұйрық достары" клубтарын құрып, осы клубтардың жұмысын жүйеге қою көзделген.  

Нәтижесінде жұмыс жоспары айтылған ұсыныстар бойынша өзгертулер мен толықтыруларды, оның ішінде облыстық білім басқармасымен тиісті меморандумға отыру да бар.

 

 

 

Маңғыстау облысы