Қоғам • 13 Маусым, 2020

Әлемді байланыстыратын алаң

358 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Бүкіл ғалам ақпаратпен сусындаған ғасырда архив саласы адамзат пен ақпараттың, БАҚ пен технологияның арасындағы рухани көпірдің рөлін атқарып, қоғамның барлық саласы заманауи үрдіске бет түзеуде, - деп хабарлайды Egemen.kz.

Әлемді байланыстыратын алаң

Еліміздегі тарихи-мәдени нысандар (музей жәдігерлері, кітаптар мен қолжазбалар, архив құжаттары) цифрлау мен құндылықтарды электронды ортада қалыптастыру мүмкіндігіне ие болуда. Дерек көздеріне сүйенсек, Біріккен Ұлттар Ұйымы аясында 1948 жылы 9 маусымда Халықаралық архивтер кеңесі құрылып, 2007 жылдан бері бұл тарихи күн "Халықаралық архивтер күні" ретінде атап өтіледі. Бүгінде 190 ел мүше болып табылатын халықаралық кеңес әлем архивтерінің тарихи мұрағаттарын сақтауға және пайдалануға ықпал етеді, барлық елдердің архив ісі арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға сүбелі үлес қосып келеді. Халықаралық ұйымның тұрақты түрде шығып тұратын  "Archivum" журналы бар, сонымен қатар халықаралық мұрағатшылар конгресі 4 жылда 1 рет өтіп тұрады. Жылына Халықаралық архивтер апталығы өткізіледі. "Білім қоғамының құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту" мәселесі бойынша 8-14 маусым аралығында іс-шаралар өткізуді ұсынады. Мұндай айтулы жобалардың бірі ретінде жақында Нұр-Сұлтан қаласы мемлекеттік архиві ұйымдастырған "Архивтер мен қоғам: уақыт сынағы" атты дөңгелек үстелді атап өтуге болады. Онлайн-жиында Нұр-Сұлтан қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы, педагогика ғылымдарының докторы Тілеуғали Қышқашбаев архив ұжымын, тарихшы-ғалымдарды Халықаралық архивтер күнімен құттықтап, елорда архивінің ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет субъектісі ретінде аккредиттелгенін атап өтті.

Нұр-Сұлтан қаласы мемлекеттік архивінің директоры Мейрам Бектембаев қала әкімдігі, Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы қолдауымен атқарылып жатқан жұмыстар туралы, астанадағы тарихшы- ғалымдардың қатысуымен Архив жанынан Ғылыми-әдістемелік кеңес құрылғанын баяндай келіп: "Елорда архивінің стратегиялық жоспарына сәйкес өткен жылдан бері 3 миллион парақ құжат цифрланды, аса құнды құжаттар тізімі Архив сайтында жарияланды. 2019 жылдың тамызынан бері ақылы қызмет көрсету түрлері де енгізіле бастады, түскен қаржы қызметкерлердің әлеуметтік тұрмысын көтеруге, қосымша сыйақы белгілеуге, мамандардың  кәсіби біліктілігін көтеруге, қажетті құрылғыларды сатып алуға жұмсалып отыр.  Латын, араб әріптерімен жазылған құжаттарды жарыққа шығару да жоспарда бар", - деді.

Дөңгелек үстелге архив мамандарымен қатар Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының, Мемлекет тарихы институтының, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ғалымдары қатысып, ұсыныс-пікірлерімен бөлісті.  Мамандар қоғамдық сананы жаңғыртудағы архивтердің рөлі, архив құжаттарының сақталуы мен оларға қолжетімділік мәселелері, сала мамандарының заманауи талаптарға әзірлігі, құжаттарды цифрландыру тәжірибелері туралы ой қозғады.

Тарих ғылымдарының докторы, профессор, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты Дүниежүзі тарихы бөлімінің меңгерушісі Гүлжаухар Көкебаева: "Тақырыпты зерттеу кезінде туындайтын бірінші мәселе  –   белгісіз мерзімге аса құпия түрде сақталған архивтік материалдарға ғалымдардың қолы жете бермейді. Мысалы, шетелдік тәжірибеде бұлар оңай шешілген. Белгілі бір уақыт өткеннен кейін (30 жыл) құпия құжаттарды зерттеп, ғылыми айналымға енгізу үшін бәрі толықтай көпшілік назарына ұсынылады. Ал бізде бұл мәселе әлі де шешілмеген.

Екіншіден, архив деректерін жариялауға қатысты заңнаманы қайта қарастыруымыз қажет. Неге десеңіз, кейбір зерттеушілер архив деректерін басқа мақсаттарға пайдаланады және сол арқылы белгілі бір тарихи деректердің бұрмаланып кетуі ғажап емес.

Үшіншіден, архив материалдарын жеке жинақ етіп басып шығару назардан тыс қалмауға тиіс. Мұндай құқық жеке адамдарға емес, архивтер мен ірі ғылыми орталықтарға ғана тиесілі болуы керек.

Төртіншіден, архив қорын цифрландыру мәселесіне көңіл бөлгеніміз абзал. Архив мұраларының сақталуы мен және бұл байлықты кейінгі ұрпаққа жеткізуіне байланысты жұмыстың бұл түрі өте қажет және де ең бастысы,  оны арнайы білікті мамандар, архив мамандары жүзеге асыруы керек", ­- десе, тарих ғылымдарының докторы, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің профессоры Ғалия Алпыспаева әлеуметтік жадты сақтаудағы архивтің рөліне тоқталды. Тарих ғылымдарының кандидаты, Мемлекет тарихы институтының жетекші қызметкері Қанат Еңсенов тәуелсіз еліміздің тарихына қатысты Ұлттық архив деректеріне шолу жасап, архив материалдары туралы әңгімеледі.

Тарих ғылымдарының докторы, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің профессоры Гүлнәр Төлеуғазықызы Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің тарих факультеті мен Нұр-Сұлтан қаласы мемлекеттік архивінің ортақ іс-тәжірибесі туралы ойларымен бөлісті. Ғалым кәсіби біліктілікті арттыру мақсатында жыл сайын студенттер қалалық архивтің тәжірибесінен өтетінін, мұндай бастамалар оң нәтижесін көрсете бастағанын айтып, өткен жылы архив мамандарымен бірлесіп "тарих және архивтану" мамандығы бойынша "Білім беру бағдарламасы" жасалғанын, алайда мамандар даярлау бағыты бойынша "тарих" мамандығы "гуманитарлық ғылымдарға",  "архив ісі" мамандығы "әлеуметтік ғылымдарға"  қарайтындықтан біраз қиындықтар туындағанын алға тартты. "Архив ісі" мамандығы бойынша мамандар даярлау жобасына мемлекеттік органдар тарапынан қолдау көрсетілсе,деген ұсынын жеткізді.

Тарих ғылымдарының кандидаты, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бөлім меңгерушісі Сабит Шілдебай архив ісін басқару деңгейін көтеруді, еліміздегі архивтер жүйесін басқару үшін Үкіметке немесе Президент аппаратына қарасты "Қазархив" басқармасын құру қажеттілігін сөз етті.

"Архивтердің ғылыми жариялау бөлімдерінің жұмысын жандандыру қажет, зерттеулер үшін маңызды құжаттарды басып шығару жұмыстарының маңыздылығына мән берілсе, Президент архивіндегі Орталық партия комитетінің құжаттарын, Орталық мемлекеттік архивтегі Орталық атқару комитетінің, халық комиссарлар кеңесінің құжаттарын жинақтап шығаратын уақыт жетті. Әкімшілік-аумақтық бөлініс анықтамалықтары тарихшылар үшін аса қажет, архив жұмысында осы жағы баса ескерілсе, себебі жекелеген тұлғалардың туып-өскен жерінің атауын анықтау қиындық тудырады. Еліміз архивтеріндегі тарихи сана мен мемлекеттік идеологияны қалыптастыруға ықпал ететін зерттеу жұмыстарын жүргізу керек. Осындай жұмыстар ұлт тарихын ғылыми танудың жаңа белесіне жол ашады, архив құжаттарын цифрландырудың жаңа үлгісі құжаттарды жариялау, ғылыми айналымға енгізу жолымен жасалады", - деп әріптестеріне ой салды.

Алматы қаласы мемлекеттік архивінің директоры Абзал Ботанов архив саласындағы өзекті мәселелерді алға тартса, Нұр-Сұлтан қаласы мемлекеттік архивінің Ғылыми-зерттеу бөлімінің басшысы Ғазиза Исахан қала архивінің жұмыс тәжірибесі төңірегінде ой өрбітіп, саланың қазіргі ахуалына тоқталды.

Қалалық мемлекеттік архив мамандары тарихшы-ғалымдармен алдағы уақытта да тығыз байланыста жұмыс істеуге мүдделі екендіктерін жеткізді. Бұл бағытта жүзеге асырылып жатқан іс-шаралар аз емес. Сала мамандарының мәліметіне сүйенсек, мұнда қаншама тарихи сабақтар, вебинар мен құжаттық көрмелер, семинарлар өткен.

"Төтенше жағдай жұртқа цифрландырудың қаншалықты маңызды екенінін ұқтырды", - дейді кәсіби маман.

Жаңа технологиялар архив зерттеушілеріне қызмет көрсетудің құралына айнала бастады, бүгінде әр өңірдегі архивтердің өз веб-сайты бар. Ол арқылы үйіңізде отырып-ақ сайт көмегімен архивтен кез келген ақпаратқа қол жеткізуге мүмкіндігіңіз бар. Тіпті бейнеконференцияларға, арнайы тақырыптық форумдарға қатыса аласыз. Архивтің ақпараттық ресурстарына қол жеткізуге, электрондық тізімдемелер, жекелеген құжаттардың электрондық нұсқасын алуға, архивте өткізілген іс-шаралар туралы, Халықаралық архив қауымдастығымен ынтымақтастық байланысты дамыту туралы ақпараттарды алуға болады.

Қазіргі уақытта барлық мемлекеттік архивтер мен арнайы архивтер әлеуметтік-құқықтық сипаттағы сұраныстарды "Электрондық үкімет" порталы арқылы жеткізе алады, жекелеген тақырыптық, генеалогиялық сұраныстар да онлайн түрде қолжетімді. Мысалы, Нұр-Сұлтан қаласының мемлекеттік архивіне өткен жылы әкімшілік-құқықтық сипаттағы 10 331 сұраныс келіп түссе, биыл, қазірге дейін 3 мыңға жуық  сұраныс қабылданған.  

Дөңгелек үстелге қатысушылар сондай-ақ келешекте архив мамандарын даярлау, сала қызметкерлерінің жалақысын көтеру, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жандандыру, ғылыми жұмыстарға тарихшы-ғалымдарды тарту, архив құжаттарын құпиясыздандыру, жаңа ақпараттық технологияларды  меңгеру, цифрлық дәуірде құжат жасаушылар мен ақпараттық технология индустриясы өкілдерімен өзара тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеу, онлайн-режімде ақпаратты пайдалану кезінде киберкеңістіктегі қауіпсіздік қатерінің алдын алу сияқты маңызды жайттарға  мән берді.