Аймақтар • 15 Маусым, 2020

"Атырау-Орал" жолының учаскесі төрт жолақты болады

225 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазіргі таңда республикалық маңызға ие "Атырау-Орал" автомобиль жолында (75-125 шақырым) қайта жаңарту жұмыстарын жүргізуге арналған жобалық-сметалық құжаттаманы (ЖСҚ) әзірлейтін компанияны анықтау мақсатында тиісті процедуралар басталып кетті, - деп хабарлады ИИДМ баспасөз қызметі.

"Атырау-Орал" жолының учаскесі төрт жолақты болады

ЖСҚ дайын болған соң, жолшылар тасжолдың 50 шақырымында құрылыс-монтаждау жұмыстарына кірісетін болады. 

"Атырау-Орал" автомобиль жолы – екі облыс орталығын байланыстырушы маңызды транзиттік көліктік дәліз. Ол Каспий теңізінің порттарына шығуға мүмкіндік береді. Жол осыдан 15 жыл бұрын жөндеуден өткен болатын. Үшінші техникалық санаттағы тасжолдың құрылымы осьтік жүктемесі 8 тоннаға дейінгі көлік құралдарына лайықталып, тәулігіне шамамен 3000 көлікті өткізе алады. Бүгінгі таңда Қазақстанда автомобиль жолдарын салу мен қайта жаңарту оське 13 тоннаға дейінгі есептік жүктемемен жүзеге асырылады. Тиісінше, аталмыш жолдың жаңғыртылуы қос өңір үшін аса қажет. 

Жол қайта жаңарту жұмыстарынан өткен соң  төрт және екі жолақты болады. Бүгінгі таңда автомобиль жолының  учаскесінде (75-125 шақырым) қайта жаңарту жұмыстарын жүргізуге арналған ЖСҚ әзірлейтін жобалық компания анықталған. Жоба осы процедуралар аяқталған соң іске асырыла бастайды.

Айта кету керек, жоба автомобиль жолының өткізу қабілетін арттыруға, жолдағы апаттылықты төмендетуге, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарының әлеуметтік-экономикалық дамуын жақсартуға, сондай-ақ, Қазақстанның транзиттік әлеуетін айтарлықтай арттыруға мүмкіндік бермек.

Еске салайық, "Атырау-Орал" автомобиль жолы 2020-2025 жылдарға арналған "Нұрлы жол" мемлекеттік бағдарламасы аясында қайта жаңартылады.