Аймақтар • 15 Маусым, 2020

Батыс Қазақстанда ахуал әлі тұрақсыз

547 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Демалыс күндері Батыс Қазақстан облысында коронавирус инфекциясын жұқтырған 47 адам тіркелді. Өңір бойынша ауырғандардың жалпы саны 967-ге жетті. Облыстағы 12 ауданның 11-інде вирус жұқтырғандар бар, дегенмен аурудың 82 пайызы Орал қаласынан, деп жазады Egemen.kz

Батыс Қазақстанда ахуал әлі тұрақсыз

Жаңадан тіркелген науқастардың 56%-ы вирусты қарым-қатынас арқылы жұқтырғаны анықталды. Бұл  тұрғындардың жеке қауіпсіздігін сақтамай, санитарлық талаптарға салғырт қарауының нәтижесі,  деп мәлімдеді Батыс Қазақстан облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Мұхамғали Арыспаев.

Мұхамғали Қайыржанұлының айтуынша, елімізде төтенше жағдай тоқтатылып, карантиндік шектеулер жеңілдеген сәттен бастап, тұрғындардың дені жайбарақат өмірге көшкен. Көпшілік жиындар көбейіп, той маусымы басталып кетті. "Қазақстанның бас мемлекеттік санитар дәрігерінің жаңа қаулысы бойынша тойлар мен көп адам жиналатын үлкен жиындарды өткізуге тыйым салынған. Мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектордың жұмыс тәртібі 80%-ға дейін онлайн режімге көшірілді. Халыққа қызмет көрсететін орталықтар да басым көпшілік қызметін қашықтан атқарады, онлайн өтуге мүмкін емес қызмет болса, оның өзін алдын ала жазылу арқылы көрсету керек. Орал қаласында да базарлар күндізгі сағат 10:00 мен 16:00 арасында ашық. Қоғамдық көлік – автобустар барлық санитарлық талаптарды орындай отырып, таңғы сағат 6:00-ден 21:00-ге дейін жүретін болады", дейді Батыс Қазақстан облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы. Қазір батыс Қазақстан облысының Сырым, Қаратөбе және Жаңақала аудандарында кейбір шектеулер енгізілген.

Орал қаласының өзінде №6 емханасы, "Центркредитбанк" филиалы, "Алтындар" сауда үйінің өндіріс цехы және "Суровский" супермаркеті уақытша жабылған. Сондай-ақ Орал қаласындағы орталық саябақ, барлық түнгі клуб, ойын алаңдары, букмекерлік кеңселер, кезекші топтан басқа мектепке дейінгі ұйымдар да жұмысын тоқтатқан. Бұл аталған нысандардың бәрінде қызметкерлердің вирус жұқтырғаны анықталған.

Батыс Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Болатбек Қаюповтың айтуынша, дәл бүгін жұқпалы аурулар ауруханасында 240 науқас ем-дом алып жатыр екен. Оның ішінде 6 бала бар.

− Тіркелген науқастардың 64-і аурудың симптомсыз түрімен ауырған. 58 адамда дерт жеңіл, 102 адамда орташа өтуде. Ал 16 адам коронавирустың ауыр түрімен ауырып жатыр. Оның ішінде 4 адам өкпенің жасанды желдететін аппаратына қосылған,  деді Болатбек Амангелдіұлы.

Батыс Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының айтуынша, соңғы кезде коронавирустың ауыр түрімен ауыратындар көбейген. "Әсіресе пневмония диагнозымен түскендер көп, 53 адамға жетті. Олардың бәрі де оттегіге мұқтаж, яғни оттегі бетпердесін қолдануда. Бұл өте жауапты жағдай, біз оларды ерекше бақылауға алдық. Қазір жан сақтау бөлімінде – 7 адам, жедел терапия бөлімінде – 7 адам жатыр. Ауруын асқындырып, ауыр жағдайда түсетіндер көбейді. Мәселен, 5 маусымда қосымша қант диабеті, жүректің ишемиялық ауруы сынды сырқаттары бар 1938 жылы туған әйел адам ауыр жағдаймен түсті. Ол бұған дейін өз үйінде емделген. Қолданылған шараларға қарамастан 10 маусым күні қайтыс болды", дейді Болатбек Қаюпов.

Күні бүгін Батыс Қазақстан облысында коронавирус инфекциясының 376 ошақта тіркеліп отыр. 15 маусымдағы көрсеткіш бойынша облыста 100 мың тұрғынға шаққанда аурушаңдық көрсеткіші 147,3 құрады. 14 жасқа дейінгі балалар арасында 48 жағдай тіркелді.

13 маусымда Батыс Қазақстан облысының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері "Батыс Қазақстан облысының аумағында коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу бойынша шектеу шараларын енгізу туралы" қаулы шығарған болатын. Ол бойынша банкет, үйлену тойлары, мерейтойлар, отбасылық, естелік, әдет-ғұрып және өзге де адамдар көп жиналатын іс-шаралар өткізуге тыйым салынды.

Жиналыс, кеңес, семинар, конференция сынды жиындар селекторлық режимде және бейнебайланыс арқылы өтеді. Жоғарыда айтылғандай, мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор ұйымдары қызметкерлерінің 80 пайызы қашықтан жұмыс тәсіліне ауысты.

Медициналық орталықтар мен стоматологиялық клиникалар алдын ала жазылу бойынша сағат 10:00-ден 18:00-ге дейін қызмет көрсетеді.

Спорттық нысандар тек ашық ауада, тек спортшылар үшін, онда да 30 адамға дейін ғана көрерменсіз қызмет көрсете алады. Мәдениет нысандарында да қызметкерлер 30 адамнан аспай, көрерменсіз жұмыс істейді. Сауналар, жеке және қоғамдық моншалар тек 20 адамға дейін қабылдап, сағат 10:00-ден 22:00-ге дейін қызмет көрсетуі тиіс.

− 20 маусымнан бастап сауықтыру және санаториялық нысандардың жарты қуатымен жұмыс істеуіне рұқсат беріледі, бірақ келушілер денсаулық жағдайы туралы анықтама және COVID-2019 зертханалық зерттеулердің нәтижесін алып келуі шарт, − дейді Мұхамғали Арыспаев. Бірақ жоғарыда айтылғандай, оқушылардың жазғы демалыс орталықтары мен лагерлері әзірге жабық.

 

Батыс Қазақстан