Көптің тілегі мен пейілі кең. Оны тасқыннан зардап шеккен қызылағаштықтарға көрсетіліп жатқан көмек ауқымынан көреміз. Бұған дейін мұнда келіп түскен қаржылай, материалдық құндылықтар мен көмек мөлшері 3,0 млрд. теңгеге жетіпті. Оның ішінде зардап шеккендерге жалпы құны 64,2 млн. теңге азық-түлік пен басқа да тұрмыстық қажеттіліктер таратылып беріліпті.
Көрген адамның көңілін құлазытқан ауылдың тыныс-тіршілігі қазіргі кезде қалыпты арнаға түсіп, бел шешіп еңбек еткен құрылысшылар мен оларға көмек қолдарын ұсынған жергілікті тұрғындар бүтін бір елді мекендегі жұмыстың белгіленген мерзімде аяқталуына жұмылған. Біз келгенде бір көшедегі бұған дейін құрылысы басталған үйлердің шатырлары жабылса, 33 үйдің қабырғасы қаланыпты. Ал, енді біреулері бітуге жақын. Көшелерге электр жарығы тартылып, жұмыс жүйелі жалғасқанына көз жетті.
Қызылағаштағы күн-түн демей жұмыс істеген құрылысшыларға қосымша жұмыс қолы артық болмайтындықтан жастар ұйымдары да өз үлестерін қосуды парыз санап, құрылыс бригадаларын құрып, көгалдандыру, абаттандыру, тазалық жұмыстарымен айналысуға ден қойса, І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің 300-ге жуық білімгерлері сенбілік өткізді.
Жастармен бірге Қызылағаш ауылын қалпына келтіруде 5000-нан астам адам жұмыс істеуде. Мұндағы жұмыс ауқымды болғандықтан тұрғындардың қолұшын бергендерге алғыстан басқа айтары жоқ. Өткен сенбіде жүзден аса жастар күні бойы тазалық жұмыстарын жүргізсе, сенбі сайын бұл бастама жалғасатын болды.
Тасқын кезінде тұрғындардың денінің құжаттары үйде қалып, су шайғандықтан оны орнына келтіру жедел қолға алынған еді. Қазіргі кезде 456 адамның жеке басын анықтайтын төлқұжат рәсімделіп, қолдарына беріліпті.
Өздерінің халыққа деген ізгі ниеттерін білдіріп, Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстық өкілдері де жас босанған қызылағаштық Ақшайым Манарбек пен Бейбітгүл Көккөзованың хал-жағдайын біліп, азық-түлік, киім-кешек, тұрмыстық және төсек жабдықтарын, мектеп жасындағы балаларына қажетті оқу құралдарын апарған. Басқа да көп балалы отбасыларына мұндай көмекті өңірдегі өзге де мекеме, ұйым және жеке кәсіпкерлер көрсетіп, қиындықты жеңілдетуге жұмылған.
Күмісжан БАЙЖАН.
Алматы облысы.
УНИВЕРСИТЕТ ҚАЛЫС ҚАЛҒАН ЖОҚ
Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университеті Алматы облысы Қызылағаш ауданында зардап шеккен жұртшылыққа жәрдем көрсетуде. Университет оқытушылары мен қызметкерлері қаржылай, материалдық (жылы киім, қажетті заттармен) көмектерін көрсетіп жатыр. Университет басшылығы гуманитарлық факультетінің екінші курс студенті Жібек Ибраймоваға материалдық көмек көрсетіп, 2009-2010 оқу жылындағы оқу ақысын университет қаражатынан төлейтін болды. Ж.Ибраймова: “Менің отбасым су тасқынынан қатты зардап шекті. Қызылағашта тұрып жатқан отбасым бүгінде баспанасыз қалды. Университет ұжымына, ректор Е.Сыдықовқа алғысым шексіз. Қиын кезде қолдау көрсетіп, жәрдем бергендері мен үшін үлкен қажеттілік болды” деп өз ойымен бөлісті. Сонымен қатар университет қызылағаштықтарға қаржылай көмек көрсету жөнінде үндеу қабылдады.
Әсем ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ, Шәкәрім атындағы СМУ-дің қызметкері.