Қазақстан • 15 Маусым, 2020

Коронавирус себебінен жол-көлік оқиғалары азайған

192 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

"QazAvtoJol" ҰК" АҚ-да бейне байланыс арқылы өткен ведомствоаралық мәжіліс барысында республикалық маңызы бар жолдардағы қауіпсіздік мәселесі талқыланды, деп хабарлады ИИДМ баспасөз қызметі.

Коронавирус себебінен жол-көлік оқиғалары азайған

Онлайн кездесуге Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі автомобиль жолдары комитетінің, Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитетінің, Бас прокуратура Құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдарының, сондай-ақ "Жол активтері сапасы ұлттық орталығының" РМК, ҚазжолҒЗИ" АҚ, "Қазақ жол қозғалысы қауіпсіздігі ғылыми-зерттеу институты" ЖШС және "Қазақатожол" ЖШС өкілдері қатысты.

Мамандардың айтуына қарағанда, елімізде төтенше жағдайды енгізу жолдардағы апаттылық деңгейінің төмендеуіне септігін тигізді. Осы ретте 2020 жылдың 5 айында ЖКО оқиғаларының саны 15% төмендеп, 638 оқиғаны құрады. Өткен жылы бұл көрсеткіш 747 оқиғаны құраған болатын. Сонымен қатар апаттардың салдарынан мерт болғандардың саны 35%, жарақат алғандардың саны 23% азайған. Алайда автокөліктердің қозғалысына қойылған шектеудің алынуы көлік ағынының күрт артуына, апаттылық деңгейінің де өсуіне сеп болды. Жүргізілген мониторингтің нәтижесінде белгілі болғандай, тек бір апта ішінде, яғни 1 және 7 маусым аралығында халықаралық және республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында 29 ЖКО орын алған. Апаттардың салдарынан 16 адам көз жұмып, 50 адам жарақат алды. 

Жиынға қатысушылар жол қауіпсіздігі жөніндегі ведомствоаралық комиссия мен сарапшылардан құралған жұмыс тобын құру туралы шешім қабылдады. Бұдан бөлек, белгілі бір жол учаскелерінде қозғалыс 2+1 типі бойынша ұйымдастырылса, қауіптілігі жоғары жол учаскелерінде металл қоршаулардың орнына сымарқаннан жасалған қоршаулар орнатылған.

Мұнымен қоса, ұшақ және пойыз апаттарын тергеу аналогиясы бойынша Қазақстан жолдарында жол инфрақұрылымы мен көлік құралдарының конструкциясы элементтерінің ЖКО-ға әсерін анықтау мақсатында апаттарды инженерлік-техникалық тексеру және талдау жөніндегі арнайы комиссиялар құрылатын болады. Бұдан басқа, жол қозғалысын бақылаудың автоматтандырылған жүйелері құқық бұзушылықтар туралы деректерді беру және жазаның бұлтартпастығы қағидатын қамтамасыз ету үшін әкімшілік құқық бұзушылықтардың бірыңғай тізілімімен біріктірілетін болады.

Кездесуге қатысушылар Қазақстан жолдарындағы апаттылық деңгейін тек бірлескен күш-жігер мен үйлестірілген жұмыс қана төмендетуге мүмкіндік беретінін атап өтті.