09 Сәуір, 2010

ШӘКІРТТЕР ДЕ, БҮЛДІРШІНДЕР ДЕ МӘЗ

568 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Алматы қаласында бір мектеп пен бір балабақша қатарға қосылды Өткен аптаның соңында Түрк­сіб ауданындағы “Түрксіб бесжылдығы” ықшам ауданында жал­пы білім бе­ре­тін мектептің және Алатау ауда­нын­дағы “Ұлжан” ықшам ауда­нын­да балабақшаның ашылу сал­тан­а­тына қала әкімі Ахметжан Есімов қа­тысты. Барған сайын молая түс­кен көктем шуағына орайласқан осы игілікті жағдайлар ата-аналарды, оқушы балалар мен жас жет­кін­шек­терді қуанышқа бөледі. Қазақ және орыс тілдерінде оқы­тылатын №84 орта мектебі “100 мектеп, 100 аурухана” бағдарламасы аясында, 1939 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан ескі мектептің ор­нын­да бой көтерді. Бұл көз сүйін­дір­ген жаңа нысанның сметалық құны 1 млрд. 648 млн. теңгеге түсті. Жаңа білім ордасы 1200 оқушыға есеп­теліп салынған. Көктемгі кани­кул­дан кейінгі төртінші тоқсанның бі­рінші оқу күнінде 1-11 сыныптар бо­йынша 700-ден астам бала са­баққа кірісті. Аумағы 14634,1 шар­шы метр болатын оқу орны осы за­мандық жобамен салынып, уақыт та­лабына сай жабдықтармен, ин­те­рак­тивті тақталармен, ком­пью­тер­лермен және басқа құралдармен жарақталған. Мектепте оқу және көрермен залдары, кітапхана, спорт­тық-сауықтыру орындары, ақпа­рат­тық орталық, асхана жұмыс істейді. Оқушыларды, олардың ата-ана­ларын және мұғалімдер қауымын жаңа қоныс тойымен құттықтаған қала әкімі соңғы жылы Алматыда осын­дай бес жаңа білім ордасы са­лын­ғандығын атап көрсетті. Жаб­дық­талуы мен жобасы жағынан мына мектеп солардың қай-қайсынан да кем соқпайтын тамаша нысан болып табылады. Мұнда балалардың сапалы білім мен лайықты тәрбие алуы үшін не қажеттің бәрі жасалған. Демек, Елбасының айтуына сай, өскелең ұрпаққа терең білім, тамаша тәрбие беріп, олардың санасына жаңашыл да сергек азаматтық рухты барынша сіңіру үдесінен шығу – мұғалімдер үшін парыз. Ал 320 орындық №165 жаңа балабақшаның ашылуы Елбасы қамқорлығындағы Алатау ауданы тұрғындарының көңілінен шықты деу керек. Бұл Алматының жаңа әкімшілік ауданында соңғы жылда пайдалануға беріліп отырған үшінші балабақша. Жалпы аумағы 6265,5 шаршы метрлік нысанға қала бюд­же­тінен 740 млн.теңге қаржы бө­лінген болатын. Соның бәрі сәтімен игерілді. Балабақша жас ерек­ше­лі­гіне орай 16 топқа есептеліп са­лынған. Әр топта 20-ға дейін бала болмақ. Мұнда хауыз, ойнайтын және ұйықтайтын бөлмелер, кір жуатын орын, меди­цина бөлімі, тамақтандыру блогы, сондай-ақ аулада бірнеше ойын алаңы бар. Сонымен қатар аталмыш нысанда сұйық отынмен жағылатын өз қазандығы орнатылған. Автоматты режимдегі күн батареялары жұмыс істейді. Мұның өзі жазғы уақытта су жылытатын отынды үнемдеуге мүмкіндік бермек. Сөз ретіне қарай айта кетсек, Алматы қаласында әлі 22 мың бала балабақша кезегінде тұр. Қазір “Дар­хан” және “Думан” ықшам аудан­дарында әрқайсысы 320 ор­ындық екі балабақша құрылысы жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ жылдың екінші жартысында “Қалқаман” және “Көк­жиек” ықшам аудандарында тағы екі балабақша құрылысы басталмақ. Қорғанбек АМАНЖОЛ.