Курорттық аймақта 45 санаторий бар. Оның 13-і балаларға арналған сауықтыру орталығы. 133 нысанға 13 мыңнан астам туристі орналастыруға болады. 600 мыңнан астам дүкен, қоғамдық тамақтану орны мен тұрмыстық қызмет ұйымдары бар.
"Облыс басшылығы тарапынан туристік аймаққа жақсы көңіл бөлінуде. Жаңадан отельдер ашылуда. Сондай-ақ, биыл "Жекебатыр" санаторийі, "Ақ желкен" тау шаңғысының кешені ашылмақ. Бурабай елдімекенінің орталығында "Виндом Гарден" қонақ үйін ашу жоспарлануда. Ол әлемдік брендтегі отель болмақ", – дейді Бурабай аудандық дене шынықтыру, спорт және туризм бөлімінің жетекшісі Азамат Баймұқанов.
Экологиялық туризмді дамыту аясында 29 экскурсия бағыты дайындалды. Оның 19-ы – жаяу, екеуі атпен, біреуі велосипедпен, енді бірі сумен және алтауы автобуспен жүруге арналған. Бес бағыт бойынша абаттандыру жұмысы жүргізілді. Олар: "Кенесарының үңгірі", "Ыбырайдың соқпағы", "Табиғат аясында", "Оқжетпес шыңы", "Көкше тау".
Жалпақ жұрт жаман тұмаудан арылса, іргеге келген індеттің беті қайтса, Бурабайдың баурайы туристерге толмақ. Ол үшін бар жағдай жасалуда.
Ақмола облысы