Аймақтар • 16 Маусым, 2020

Маңғыстауда Азаматтық процестік кодекстің толықтырулары талқыланды

705 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Маңғыстау облыстық сотында Азаматтық процестік кодекске енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды талқылау мақсатында семинар өткізілді, - деп хабарлайды Маңғыстау облыстық сотының баспасөз қызметі.

Маңғыстауда Азаматтық процестік кодекстің толықтырулары талқыланды

Онлайн форматта өткен іс-шараға Маңғыстау облыстық сотының төрағасы Ержан Даулиев, облыстық соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Нұрсапа Примашев, аудандық және оған теңестірілген соттардың төрағалары мен судьялары, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қызметкерлері, Билер кеңесінің мүшелері, кәсіподақ орталығы мен "Атамекен" кәсіпкерлер палатасының Маңғыстау өңірлік филиалының өкілдері, адвокаттар, кәсіпкерлер, нотариустар, медиаторлар қатысты.

Іс-шара барысында сөз алған Нұрсапа Примашев Мемлекет басшысы "Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексіне соттар жұмысының заманауи форматтарын ендіру, артық сот рәсімдері мен шығындарын қысқарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Заңына қол қойғанын атап өтіп, басты өзгерістер мен толықтыруларға назар аударды.

Сондай-ақ Нұрсапа Примашев АПК-ға енгізілетін түзетулерге сай, судья басы артық жүктемелерден арылғанын, судья екі тарап ұсынбаған дәлелдемелерді сұрату арқылы ақиқатқа жетіп қана қоймай, процес барысында тараптардың уәждеріне қатысты дауға сай өз пікірін де білдіруге құқығы бар екенін айтып, бұл - сот шешімінің сапасына оң әсерін тигізетінін жеткізді.

Семинар барысында жекелеген мәселелерді тараптарды шақырмай-ақ қарау, процестік мерзімдерді ұзарту және қалпына келтіру, белгіленген ақша сомаларын индекстеу, медиатордың мәртебесі мен медиация механизмін процестік реттеу, судьялардың медиацияны жүргізуі және медиация туралы келісімді бекіту рәсімдері, электронды хаттама туралы да кеңінен айтылды.

Іс-шара соңында қатысушылар аталған заңға қатысты ой-пікірлерін ортаға салды.