Саясат • 16 Маусым, 2020

ШЫҰ: Елбасының тарихи бастамасының жарқын үлгісі

510 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Тарихты тұлғалар жасайды. Ұйымның тарихын ой елеңінен өткізген кезде, оның жыл сайын сатылап, кезең-кезеңмен жаңа белестерді бағындырып отырғанын байқаймыз, - деп хабарлайды Egemen.kz.

ШЫҰ: Елбасының тарихи бастамасының жарқын үлгісі

Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған байыпты бастамаларының бірі және бірегейі ШЫҰ бүгінде іргелі ұйымға айналып, өңірдегі бейбітшіліктің берік қалқанындай серпінді дамып келе жатқанын атап өткіміз керек.

Бастапқыда "Шанхай бестігі" ретінде құрылып, араға біраз жыл салып "Шанхай ынтымақтастық ұйымы" аталған ол еліміздің сыртқы экономикалық байланыстарының дамуына және әлемдік деңгейдегі абыройының асқақтауына жол ашты.

Шанхай ынтымақтастық ұйымының тарихына көз жүгіртсек, алғаш рет Қытай, Ресей, Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстан елдерінің  шекаралық аумақтарында өзара сенім ахуалын қалыптастыру және әскерді қысқарту жөніндегі келісім-шарттарға қол қоюдан бастау алған еді.

Елбасының сарабдал саясатымен Қазақстан мен Қытай арасында мемлекеттік шекараны делимитациялау табысты әрі нәтижелі қорытындылаған соң, 1997 жылдан бастап "Шанхай бестігі" экстремизм, терроризм және сепаратизмге соққы беруге қатысты әлемдік деңгейдегі өзекті мәселелерді күн тәртібіне енгізді. Жыл өткен сайын халықаралық ұйымның талқылайтын тақырып аясы кеңейіп, 1999 жылы тамыз айында  Бішкекте өткен "Шанхай бестігіне" мүше мемлекеттер басшыларының төртінші саммитінде ұлттық сепаратизмге, діни экстремизмге, халықаралық тероризмге, контрабанды есірткі саудасына және халықаралық қылмысқа қатаң қарсы тұру жөніндегі конвенцияға  қол қойылды.

Аталған құжат аймақтағы бейбітшілікті бірлесіп қорғауға ерекше серпіліс берді. Себебі бұл конвенция Орталық Азияда қоғамдық орнықтылықты сақтаудың, бейбіт мақсатта өзара байланыстарды тереңдетудің заңдық іргетасын қалады. Бұған қоса, бұл келісім ұлттық сепаратизм, діни экстремизм және халықаралық тероризм Шыңжаңға Орталық Азиядан енеді деп болжайтын Қытай үшін ерекше шешім болды. Сөйтіп, экстремистік күштерге соққы беруді Орталық Азия елдерімен бірлесіп  жүргізудің ұйымдық және заңдық құжаттарының қалыптасуы Қытайдың Орталық Азия елдерімен шектесіп жатқан Шыңжаң өлкесінің қауіпсіздігін қамтамасыз етудің ең ұтымды жолы жасалды.

2011 жылы елордада өткен саммитте ШЫҰ-ның қатысушылары ұйымның құрылымы мен қызметі ынтымақтастықтың тереңдеуіне мүмкіндік беретініне, сенімді нығайтатынына және де ШЫҰ-ның орнықты мүшесі болу өте қолайлы әрі маңызды екенін атап өтті. Сонымен қатар, жиын барысында "Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекет мәртебесін алу мақсатындағы міндеттемелері туралы меморандум" қабылданды. Осыдан кейін ШЫҰ мүшелік етуге ұсыныс білдірген мемлекеттерге еш қарсылық білдіру мүмкін емес сынды.

Мысалы, 2015 жылдың 10 шілдесінде Шанхай ынтымақтастық ұйымына Үндістан мен Пәкістанның кіргізуді бастау процедуралары жарияланды. Ал 2017 жылы маусымда Үндістан мен Пәкістан Шанхай ынтымақтастық ұйымының толыққанды мүшесі ретінде қабылданды. Статистика ретінде айтар болсақ, Шанхай ынтымақтастық ұйымына енетін елдердің жер көлемі жағынан 34 миллион шаршы ақырымды құрайды, яғни Еуразия құрлығының 60% болып табылады. ШЫҰ-ға кіретін елдердің халқының жалпы саны 3 миллиард 40 миллион адамды құрайды. Бұл жер шарының жартысына жуық тұрғыны.

Мұндай ірі мемлекеттерді қабылдау ұйымның мінездемесін түпкілікті өзгертеді. Сондықтан, бұл өзгерістердің конструктивті болуы, ұйымды нығайтуға күш салуы қазіргі таңның актуалды әрі басты сұрақтарының бірі. Қазіргі таңда ШЫҰқызметін үш салаға бөліп қарауға болады: аймақтық қауіпсіздікті қолдау, экономика және мәдениет.

Ұйымның басты жетістіктерінің бірі аймақтың қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Жаһандық деңгейдегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолында ШЫҰ әлемдік деңгейдегі тепе-теңдікді сақтауда үлкен рөл атқарып келеді. Мысалы, 2005 жылғы 5 маусымда елордада ШЫҰ Cаммитінде Орталық Азия елдерінде орналасқан Американың базаларын шығару мерзімдерін айқындау жөнінде Америка Құрама Штаттарына үндеу жасалған декларация қабылданды. Сонымен қатар Американың бұл базалары Қырғызстан, Өзбекстан елдерінің аумағында, Ауғанстанның Талибан режіміне қарсы америкалық әскери іс-қимылға қолдау көрсету үшін орналастырылғаны белгілі. Астана декларациясының жауабы ретінде АҚШ Конгресі өкілдерінің палатасы 2005 жылғы 19 маусымда Резолюция қабылдап, ШЫҰ бұл мәлімдемесіне алаңдаушылығын білдіретінін және де Қытай мен Ресей елдерінің Америка Құрама Штаттарын аталған өңірден ығыстыруға жасалған әрекеттер ретінде бағалайтындығын хабарлаған.

Бүгінгі таңда ШЫҰ аймақтар үшін экономикалық ынтымақтастықта қосымша импульс беруде. ШЫҰ-ның жан-жақты жобалары көптеген мемлекеттерде қызығушылық танытып, жаңа серіктестіктерге жол ашуда. Мысалға, Үндістанмемлекеті Қытай Халық Республикасы және Ресей Федерциясымен өзіндік экономикалық қарым қатынас орнатқан, сонымен қатар, ШЫҰ бақылаушы мемлекеті Ауғанстанмен де тарихи байналыстары да бар. Иран мемлекеті болса Ресей мен Қытай Халық Республикасының энергиямен қамтамасыз етуші басты серіктесі болып табылады.

2006 жылы 24 тамызда Ташкентте "Шанхай ынтымақтастық ұйымының өңірлік экономикалық ынтымақтастық" ғаламторының іске қосылуы тәрізді шаралар ұйымға мүше мемлекеттер арасында сауда байланыстарының дамуына белсенді рөл атқарды.

ШЫҰ бірнеше жылдар бойы жүргізген қажырлы ізденістері мен практикасының нәтижесінде экономикалық ынтымақтастықтың стратегиялық қадамдарын белгіледі. Атап айтқанда, бірінші кезекте оңтайлы ынтымақтастықты өрістету, әр сала бойынша  ынтымақтастықты дамытудағы кедергілерді тазарту; әр саладағы экономикалық-техникалық ынтымақтастықты күшейту және басқа да маңызды қадамдар қаралды. Ұйым негізінде Қазақстан мен Қытай арасында экономикалық байланыстардың дамуының ең негізгілерін атап өтуге болады. 2004 жылы маусым айында екі ел қатынастарының шеңберінде, үкіметтер арасында жасалған келісім-шарттар негізінде Қазақстан-Қытай ынтымақтастық комитеті құрылды. Комитеттің жанынан он топтық комитеттер және бір аралас комитет құрылды. Бұл комитет екі жақтылы қатынастардың барлық саласын қамтыды. Қазақстан мен Қытай үкіметтері 2006 жылы 10-қаңтар күні Стратегиялық ынтымақтастықты онан әрі атқарудың бірлескен мәлімдемесін жариялады. Сол негізде іске асырлған "Атасу-Алашаньку" мұнай құбыры екі елдің энергетика саласында өзара тиімді ынтымақтастығының жарқын тасымалына айналды. Қазақстан ұлттық Казмұнайгаз компаниясы мен Қытайдың ұлттық мұнай газ компаниясы бірлесіп жасаған табиғи газ құбырының бірінші кезектегі құрылысы 2010 жылы аяқталып, қолданысқа енді. ШЫҰ шеңберінде  "Қазақстан-Қытай Қорғас шекарасы ынтымақтастық орталығын" құру қолға алынды. Сонымен қатар, Батыс Қытай-Батыс Еуропа тас жолын да атап айтуға болады. Демек, ШЫҰ Хартиясында көрсетілген ұйымның қызмет бағыт-тары ішінде экономикалық ынтымақтастықтың даму қарқыны айтарлықтай.

Шанхай ынтымақтастық ұйымының тағы да бір ерекше назар аударылған бағыты – мәдени-гуманитарлық ынтамақтастығы. Ұйымды кеңейту нәтижесінде ШЫҰ үш емес, бес әлемдік алпауыт орталықтарды мүшелік етіп алды. Өзге мемлекетке өзіндік мәдениетті міндеттемей, бейбіт және конструктивті қарым-қатынас бүкіл әлем үшін үлгі болып отыр.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ұйымның құрылуына ұйытқы болуымен қатар оның құлашын кең жаюына да күш- жігерін салды. Атап айтсақ, ШЫҰ-ның 2025 жылға дейінгі даму Стратегиясын әзірлеу идеясын ұсынды. Ол аталған құжаттың негізін ШЫҰ Форумы мен тараптардың жетекші сарапшыларын тарта отырып дайындау қажеттігін, Ұйым қызметінің негізгі бағыттарының теңдестірілген қағидаттары орын алуы тиіс екенін атап өтті.

Елбасы сондай-ақ, ШЫҰ Бас хатшысының рөлін және Ұйым Хатшылығы қызметінің тиімділігін арттыру қажеттігін атап көрсетті.Нұрсұлтан Назарбаев өңірлік террористік құрылымдарға қарсы атқару комитеті функцияларын кеңейту есебінен кибертерроризмге және киберқылмыстарға қарсы күрес, сондай-ақ есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес саласындағы өзара іс-қимылды нығайту, ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің шекаралық мәселелер жөніндегі ынтымақтастығы мен өзара іс-қимылы туралы келісімге қол қоюды қоса алғанда, терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге қарсы күрес мәселелері жөніндегі ШЫҰ аясындағы жұмысты күшейтуді ұсынды.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Арнайы шот (Даму қоры) пен ШЫҰ даму банкін құру экономикалық ынтымақтастықтың тиімділігін арттырылатынын болжап көрсетті. Сонымен қатар, көлік саласындағы ынтымақтастықты дамытуда халықаралық автомобиль тасымалы үшін қолайлы жағдай жасады. Түйіндеп айтқанда, Елбасының бастамасымен құрылған ШЫҰ бүгінде әлемдегі ең ықпалды халықаралық ұйымдардың қатарына еніп, Қазақстанның көпвекторлы саясатының тағы бір жарқын жеңісін айғақтап тұрғандай.

 


Айсана
ҚАХАРМАН,

саясаттанушы