08 Қазан, 2013

ЭКСПО-2017 – дамудың бетбұрыс белесі

1106 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

Еркіндікті еншілеген егемендігіміздің тарихында көңіл марқаяр толайым табыс­тар толып жатыр. Шешендігі мен көсемдігі даугершілікте, батырлығы мен ақылдылығы жаугершілікте сыналып, қайратты қажырлылықпен қадамын нық басқан Алаш ұрпағы арманын аласартқан емес. Асыл арман ешқашан адастырған да емес. Тәуелсіздігімізге тірек, елдігімізге тілек, барша қазаққа жүрек болған Астанамыз мәртебемізді биік­тетіп, айбынымызды асқақтатты. Алысты жа­қын­датты. Қазақ Елін жатқа танытты. Таныта да бермек. Оның бір айқын дәлелі – бү­кіләлемдік ЭКСПО-2017 көрмесі болмақ.

albom preview Страница 03

 

экспо-логоЕркіндікті еншілеген егемендігіміздің тарихында көңіл марқаяр толайым табыс­тар толып жатыр. Шешендігі мен көсемдігі даугершілікте, батырлығы мен ақылдылығы жаугершілікте сыналып, қайратты қажырлылықпен қадамын нық басқан Алаш ұрпағы арманын аласартқан емес. Асыл арман ешқашан адастырған да емес. Тәуелсіздігімізге тірек, елдігімізге тілек, барша қазаққа жүрек болған Астанамыз мәртебемізді биік­тетіп, айбынымызды асқақтатты. Алысты жа­қын­датты. Қазақ Елін жатқа танытты. Таныта да бермек. Оның бір айқын дәлелі – бү­кіләлемдік ЭКСПО-2017 көрмесі болмақ.

01Экспо1

 

albom preview Страница 03

Уақытқа шегініс жасасақ, өткен жылдың соңы, атап айтқанда 22 қараша бүкіл қазақстандықтар үшін айтулы күн болды. Сұлулық пен сымбаттылық салтанат құрған Париж қаласынан жеткен қуанышты хабар халықты қуантты әрі толқытты. Қуанғанымыз – ортақ мұраттың жеңіске жетіп, ел мерейінің өскені болса, көңілдегі толқыныс – жауапкершілікті сезінгеніміз еді. Халықтың пікірі екіге жарылды: бірі жақсылық хабардың жаршысы болып тілеулестік танытса, бірі «бос шығын, пайдасынан зияны көп» деп көлгірсіді, тереңірек үңіліп, байыбына бармады ма, қалай өзі?! Елбасы бұқара халық арасында түсіндіру жұмыстарының тыңғылықты жүргізілмей, игі шараның өз деңгейінде насихатталмауын сынға алды. Орынды.

Тәуелсіз мемлекетіміздің Халықаралық көрмелер бюросына тұрақты мүше болып енгеніне 16 жыл толыпты. Болашақты болжап, бағдарлауда қателеспейтін Елбасы егемендіктің алғашқы жылдарында-ақ Қазақстанды келешекте бүкіл әлем танып, мойын­дайтынын айтқанда таңдай қаға таңырқағандар да, басын шайқап сенбегендер де болды. Ел экономикасын өсіріп, ішкі және сыртқы істерді біріздендіріп, саяси тұрақтылық орната білген Мемлекет басшысы нағыз істің адамы екенін және бір дәлелдеді. ЭКСПО-2017 бүкіләлемдік көр­месін елімізде өткізу мүмкін­ді­гіне ие болуымыздың астарын­да қарапайым халықтың еңбе­гі­мен бірге Елбасының биік бе­делі, асқақ абыройы мен тұл­ғалық танымалдылығы жа­тыр. Иә, ақиқаты сол, бұл же­ңісті жылдамдатқан Елбасының көрегендігі, білімдарлығы мен білік­тілігі! Дос қуанып, дұшпан күйін­ді. Тілеулес жұрт сүйсінді. Көре алмастар күрсінді. Мәңгілік Ел мұраты мұнымен шектелмек емес.

Аты да, заты да салмақты дүниежүзілік беделді ұйым ұйымдастыратын іс-шараларға Қазақстан 2005 жылдан бері белсенді қатысып келеді. Испания Корольдігінің Сарагоса қаласында «Су және тұрақты даму» айдарымен өткен ЭКСПО-2008 Дүниежүзілік көрмесінде әлемнің 104 мемлекеті павильондарының арасында біздің елдің павильоны «С» дәрежесі бойынша қола жүлдені иеленді. Қазақстанда Дүниежүзілік көрме өткізу идеясын алғаш рет Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осы көрменің ашылу салтанатында жариялады.

2011 жылдың 10 маусымында ЭКСПО-2017-ні Астана қаласында өткізу жөніндегі ресми өтініш Париж қаласындағы Халықаралық көрмелер бюросына тапсырылды. Бүкіләлемдік ауқымдағы ЭКСПО-2017 көрмесін өткізу құқығына орталық Азия мен ТМД мемлекеттерінің арасынан алғаш болып Астана қол жеткізді. Халықаралық көрмелер бюросына мүше 160 мемлекеттің 103-інің дауысын иеленген бас қаламыз ел мерейін үстем етті. Шүкіршілік.

Дүниежүзілік көрмелер тарихы 1851 жылы Лондон қаласында өткізілген «Барлық халықтардың өнеркәсіптік еңбектерінің ұлы көрмесінен» бастау алады. Барша көрме қойылымдары орналастырылатын ғимарат қажеттілігінен Хрусталь сарайы салынып, техникалық және технологиялық жаңалықтарға деген ұмтылыстың алғашқы қадамы жасалды. Бұл дәстүр халықаралық көрме шежіресінде күні бүгінге дейін жалғасып келеді. 1851-1900 жылдар аралығында экономика мен сауданың өсу толқынында туындаған өндірістік жаңалықтар ұсынылса, 1900-1939 жылдары «Дағдарыстан – болашақты көруге дейін» тақырыбында, ал 1958-1970 жылдары «Бейбіт уақыт және жаңғыру» ұранымен, 1974-1998 жылдары «Жаңа технологиялар дәуірі» сипатымен, 2000-2010 жылдар аралығында «Ертеңгі күн бүгіннен де жақсы болуы керек» тақырыбымен өтті. 2008 жылы Испанияның Сарагоса қаласындағы «Су және тұрақты даму» аталған көрмеде әлем назарына жаһандық су мәселесі ұсынылып, мұнда Еуропадағы ең үлкен тұщы су аквариумы орнатылды. Ал 2010 жылы Шанхай қаласында «Жақсы қала – жақсы өмір» ұранымен ұйымдастырылған дүниежүзілік көрмені 73 миллион адам тамашалап, ұйымдастырушылар 12 миллиард доллар пайда көрді. Орта бизнестің табысы шамамен 20 пайызға артты. Шанхайдағы шараға барлығы 192 мемлекет пен 50-ге жуық ұйым қатысқан. Күн сайын жүздеген мәдени және ойын-сауық шаралары өтіп тұрған. ЭКСПО-2010 қатысушылардың саны жөнінен, көрме қонақтары мен экспозициялардың аумағы жөнінен рекорд жасаған. Ал осы көрмеге қойылған «Астана – Еуразия жүрегі» атты Қазақстанның ұлттық экспозициясын 1 миллионнан астам адам тамашалаған.

Ең үздік технологиялық, ғылыми, мәдени жетістіктерін көрсететін ЭКСПО көрмесінде әлемнің барлық мемлекеті жаһандық дамудың жаңа күн тәртібін қалыптастыратынын айта келіп, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Астананың жеңіп шығуы бекерден бекер емес. Біріншіден, елордамыздың әлемдік деңгейдегі шараны лайықты өткізе алатын орталық ретінде қалыптасқаны баршаға белгілі болды. Екіншіден, таңдаудың Қазақстан пайдасына шешілуі мемлекетіміздің табыстары жоғары бағаланғанын білдіреді және Еуразия өңірінде де оның даму келешегі кемел екенін айғақтай түседі. Үшіншіден, біздің «Болашақтың энергия­сы» атты өзекті тақырыпты ұсынуымыз жеңіске жетуімізге көмектесті. Іс жүзінде ІІІ индустриялық революция «жасыл экономикадан» басталмақ. Бұл ретте қай елде «жасыл экономика» болса, соның қолында жаңа технологиялар бар. Ал жаңа технологияларсыз енді даму жоқ. Яғни, ЭКСПО-2017 Қазақстан үшін экономикалық дамудың түбегейлі жаңа бетін ашудағы бетбұрыс бекетіне айналмақ! Ең бастысы, Астананың таңдалуы – Қазақстанның барша халқының күш-жігерінің нақты жемісі, бұл – тәуелсіздік жылдарындағы Қазақстанның халықаралық сахнадағы ең үлкен жетістігі!» деген болатын.

ЭКСПО – таза әрі ашық бәсекелестікке арналған әлемдегі беделді алаң. Оның басты мақсаты – қатысушы мемлекеттердің адамзат өміріне қажетті барлық саладағы жаңа зерттеулері мен тың жаңалықтарын барынша насихаттау. Халықаралық көрмелер экспозиция ерекшелігіне байланысты екі түрге бөлінеді: Дүниежүзілік әмбебап көрмелер және Халықаралық мамандандырылған көрмелер. Дүниежүзілік әмбебап көрмелер бес жыл сайын алты ай бойына өткізіледі.

Бүкіләлемдік көрмені өткізудің қандай пайдалы жақтары бар, дүние жүзінің алпауыт мемлекеттері неге қызығушылық танытады деген сұрақтың тууы заңды. Жүргізілген зерттеулерге сүйеніп, талдау жасағанда байқағанымыз төмендегіше болды:

Біріншіден, көрмені өткізу құқығына ие болған кез келген мемлекет сол көрме өтетін қала экономикасына белгілі бір деңгейде инвестиция тарта алады. Бұл арада Халықаралық көрмелер бюросының өзі ірі инвесторлық жасайтынын ескеру керек.

Екіншіден, сырттан қаржы тартылған қаланың инфрақұрылымы жетілдіріледі. Жұмыссыздық азаяды – көрме нысандарын салу кезінде он мыңдаған жұмыс орындары ашылып, жаңа заман технологиясын игеруге, іскерлік пен білімділікті ұштастыруға жағдай жасалынады.

Үшіншіден, мемлекет пен көрме өте­тін қалаға шетелдік туристерді тартуға үл­кен мүмкіндік туындайды, бұл таны­мал­дылықты арттырып қана қоймай ішкі жалпы табыстың өсуіне тікелей әсер етеді. Сонымен бірге, туризмді аса жоға­ры деңгейде ұйымдастыру шеберлігін мең­герер үлкен тәжірибе алмасу алаңы болады.

Төртіншіден, көрмені өткізуші мем­лекеттің халықаралық аренада беделі биік­тейді, абыройы артады. Бұл келешекте ғаламдық жобаларға қатысуға және оны жеңіп алуға ықпал етеді.

Бесіншіден, ұлттық құнды­лық­та­рымызды әлемдік ауқымда насихаттау мүмкіндігі туады. Бұл үшін осы мақсаттағы жұмыстарды жүйелеп, жанашырлықпен жүргізу қажет. Қай-қайсымызда атқарылар қайсыбір істе болмасын атүстіліктен аулақ болып, патриоттық, адалдық, адамгершілік, ұлтжандылық танытуымыз шарт. Астанадай айбарлы ақордасы бар алып мемлекет иесі – Қазақтың ұлттық ерекшеліктерін ұсынудың тамаша үлгісін көрсетуге осы бастан қамдануымыз қажет. Тарихымызға, мәдениетімізге, әдебиетімізге қатысты түрлі кітаптарды шет тілдерге аударып, келген туристердің назарына ұсынып, өзге де жан-жақты қосымша ұлттық көрмелер, концерттер ұйымдастыру керек. Баспасөзден оқығаным бар еді, Монреальда болған көрмеде ең үлкен павильон Кеңес Одағынікі, ал көрнекті бетке ұстар филиал біздің Қазақстан филиалы болыпты, оның павильонында ұлттық қолөнер түрлері көрсетілген екен. Қазақтың ою-өрнектерін, тұскиізі мен текеметін, тоқыған кілемін, жасаған ер-тұрманын тамашалаған шетелдіктер бір текеметті 6 мың долларға, бір тұскиізді 20 мың долларға сатып алған. Демек, біз келген қонақтарды ұлттық қадір-қасиетіміз бен мәдениетіміздің озық үлгілерімен, оның ішінде қазақы қолөнеріміздің таңғажайып туындыларымен таңғалдыра аламыз. Осы орайда педагог, ғалым-этнограф, тарихшы, қазақ халқының ұлттық мәдениеті мен әдет-ғұрпының жаңарып, дамуына елеулі үлес қосқан, ұлттық мәдениетіміздің жоқтаушысы, жанашыры болған Өзбекәлі Жәнібековтің коллекциясынан көрме ұйымдастырылып, жинаған жауһар дүние­лерін жиналған жұртшылықтың назарына ұсынамыз ба деген ой бар.

Алтыншыдан, ЭКСПО кезінде әлемнің түкпір-түкпірінен келген ең жаңа, заманауи технологиялар көрмеге қойылады, олардың жұмыс істеу принциптері көрсетіледі. Бұл бізге не береді дегенге келсек, жаңа технологияларды көру, әлемдегі озық технологиялар мен техниканың қай бағытта, қалай дамып бара жатқанына куә болу – еліміз бен дамыған мемлекеттер арасындағы технологиялық прогрестің айырмашылығын танытады.

Жетіншіден, бүкіләлемдік көрме барысында Қазақстанның тарапынан және шетел тарапынан салынатын жаңа жобалар, зерттеу орталықтары кейін де Қазақстанның керегіне жарап, ары қарай қызмет етеді. Бұл біз үшін межелеген дамушы отыз елдің қатарына ену процесін жылдамдатады.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев облыс әкімдерімен болған кездесуде еліміздің барлық өңірлері бүкіләлемдік көрменің өтуіне дайын болып және өткізілуіне белсенді түрде атсалысу қажеттігін айтып, тапсырмалар жүктеді: «Біріншіден, жұмыстың барлық көлемін өңірлер арасында қазіргі бағыттар негізінде бөлу керек. Мысалы, оңтүстік өңірлерде – азық-түлік, жеңіл өнеркәсіп өнімдері, солтүстікте – тағам, шығыс пен орталықта – машина жасау. Астана айналасында азық-түлік белдеуін жасау туралы жоспарымызды да қайта қарау керек. Екіншіден, қонақтар барып қайтатын өңірлерді дайындау қажет. Ол – Байқоңыр, Щучинск-Бурабай демалыс аймағы, Жоңғар қақпасы, «Алатау» инновациялық технологиялар паркі. Батыста да сондай орындар бар. Барлық жерде әлемдік деңгейге сәйкес жағдайлар жасау керек. Үшіншіден, индустрияландырудың аймақтық картасының барлығы көрмені дайындау мен ұйымдастыру жөніндегі Ұлттық жос­пармен үйлестірілуі керек».

ЭКСПО-2017 көрме кешені толы­ғымен жаңартылатын энергия көздері­мен қамтамасыз етілетін болады. Аста­на­дағы күн батереялары зауыты мен Ерейментаудағы жел стансасы көрмеге қызмет жасайды. Сарапшылар бұл айтулы оқиға елдегі баламалы энергетиканың анағұрлым қарқынды дамуына оң ықпал ететіндігін қазірдің өзінде анықтап отыр.

ЭКСПО-2017 бүкіләлемдік көрмесіне атау болған, біз ұсынған тақырып – «Болашақ энергиясы» – жел, күн, су, ғарыш баламалы энергетика, биомасса энергиясы, атмосфераға СО2 қалдықтарын төмендету мәселелерін терең қозғайтын өте ауқымды түсінік.

Баспасөз деректерінен белгілі болғандай, дүниежүзінің екі ірі мұнай компаниясы «British Petroleum» пен «Royal Dutch Shell» 2050 жылға дейін әлемдегі энергияның үштен бір бөлігі күннен, желден, басқа да баламалы көздерден алынып, адамзат энергияны үнемдемесе, әлемдік проблемаларға ұрынуы мүмкін деген болжам айтуда. Ғаламшарда климаттың, жер бетінде адам санының өсуі, сондай-ақ қазба байлықтар қорының түгесілуге жақындығы болашақта энергия үнемдеу мәселесінің үлкен рөл атқаратынын көрсетіп отыр. Сондықтан да Қазақстан ЭКСПО-2017 көрмесіне «Болашақтың энергиясы» тақыбырын ұсынды. Жерінде минералды ресурстары мен қазба байлықтардың үлкен қоры бар, елдегі өнеркәсіп өндірісінің 60 пайызға жуығын мұнай мен табиғи газ өндірісі құрайтын және осы байлықтардың қоры жағынан әлемде 11-орынға ие Қазақстан аталған тақырыпты халықаралық деңгейге алып шығарына сенім мол.

Еліміздің көп бөлігінде желдің орташа жылдық жылдамдығы секундына алты метр болғандықтан, қазақтың сайын даласында жел энергиясын пайдалану мүмкіндігі мол екенін зерттеушілер жасырмайды. БҰҰ Даму бағдарламасының негізінде Қазақстанда энергия ресурсы ретінде желден энергия өндіруге байланысты зерттеу жасалғанда, еліміздің климаттық ерекшеліктеріне байланысты кейбір аймақтарда жылына 3000 сағатқа дейін күн сәулесі түсіп тұрады екен. Бұл біздің өңірімізге, нақтырақ айтсақ Оңтүстікке тікелей қатысты. Халықаралық сараптаулар нәтижесінде Қазақстанда күн сәулесінің энергиясын пайдалануға да жол ашатын мүмкіндік бары анықталды. Ендеше, оңтүстіктің Өзбекстан Республикасымен шекаралас Сарыағаш, Мақтаарал аудандары үшін күн сәулесі энергиясын пайдалану мүмкіндігі туып отыр. Тек істің көзін тауып, халыққа қызмет көрсетудің озық үлгісін ұсыну қажет.

Көрменің тақырыбына сәйкес балама қуат көздерін (табиғи қуат көздері: жел; өндірістік суды қайта пайдалану және өзендерді; күн көзі қызуы; жерас­ты жылуы) пайдалануды іске асыратын бағыттарды белгілеу қажет. Сонымен бірге, балама қуат көздерін табумен қатар, осы электр қуаттарын тасымалдау­ды үнемдеуді ойластыру керек. Ал балама қуат көздерін пайдаланудың басты нәтижесі – экологиялық қауіпсіздік пен ауыл мен шағын қалалар тұрғындарының экономикалық, әлеуметтік мәселелерін шешуге бағытталуы.

Жақында газет бетінен қызықты материал оқыдым. Онда малдың қиын, нақтырақ айтқанда, көңін энергия көзі деп танып, «үшінші дүние» елдерінде суға бөктіріп, ерекше қоймалжыңға айналдырғанда одан бөлініп шыққан метан газын кәдімгі энергия көзі ретінде пайдаланатынын жазады. «Көңнен метан газын алуды жеделдететін реактив өндірісін әзірлеу мен осының бәрін кешенді түрде жүзеге асыратын техниканы дайындауға мемлекеттік мақсатты тапсырыс берілсе, бір жыл ішінде шешілетін мәселе» деп таниды. Мал шаруашылығымен айналысатын біздің өңіріміз үшін бұл тиімді ұсыныс. ХХ ғасыр басындағы Алаштың арда азаматы Әлихан Бөкейханұлының «Қазақтың оқыған азаматтары, қазаққа осындайда қызмет етпегенде қашан қызмет етіп пайдамызды тигіземіз?!» деген жанайқайын ЭКСПО көрмесін өткізу барысында қайталап айтқымыз келеді. Бұған Елбасының: «Біз туған мемлекетіміздің тәуелсіздігін баянды етуге, қуатын арттыруға, оның игілігіне, халықаралық қауымдастықтағы беделінің өсуіне қызмет етуге қарыздармыз», деген қанатты қағидасын қосыңыз.

Жасампаздық пен толағай табыстарға кенеліп, Отанымыз Қазақстанды көркейтуде ЭКСПО сияқты бүкіләлемдік маңызға ие сындарлы істен ешкім де сырт қалмақ емес. Тек қана жаһандық деңгейдегі ұлы міндеттер мен мақсаттарға ұмтылған ұлттар ғана жеңіске жетеді. Сондықтан бәсекеге қабілеттілікке бет түзеу ұлт рухының ең маңызды міндетіне айналуы шарт. Қазақстанның әрбір азаматы мұны жақсылыққа, байлыққа, ақылдылыққа ұмтылыс деп танып, туған елінің гүлденуіне қолдан келгеннің бәрін істеу қажет. Әрбір адам өз бойындағы асыл қасиеттерді дамытып, олар жеңіс рухының өз ғұмырының, қоғам мен мемлекет өмірінің бір бөлшегіне айналуына бар күш-жігерін сарп етуі тиіс. Иә, бізге болашағымызды дұрыс болжап, әлеуетті елге айналу үшін тек ұмтылыс керек, еңбек пен қабілет керек, ең бастысы – Отанға деген шексіз сүйіспеншілік пен ауызбіршілік керек.

Оңалбай АЯШЕВ,

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық

институтының ректоры, педагогика

ғылымдарының докторы, профессор.

Соңғы жаңалықтар