Әдебиет • 17 Маусым, 2020

Үй (үштаған)

628 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Борген

Көл жағасындағы кішкентай ғана қызыл үй, кейде көңіл түкпірінде көмес­кіленіп, көрінбеске айналғандай, кісі қиялында ғана бар секілді, өмірде жоқ, жылдың үш мезгілінде иесіз, қаңырап тұратын, жазға салым қаладағы қожасы оралғанша – ол бір елес. Оралған сайын үй иесі есігін ашып, ішке кіргенше үй­дің бар я жоқ екеніне күдіктенуші еді, арманында ойша жасап алған үй ме екен деп ойлаушы еді. Бір жылы сол үйді өзі жоқта, жылдың үш мезгілінде үйсіз қария мен кейуана паналайтынын, сонда тығылып өмір сүретінін, сол үшін өздерін енді кінәлі санайтынын,  сұмдық ыңғайсызданатынын,  бұл құпияның ашылмауын сонша қалағандықтарын білді. Білді де, қария мен кейуанаға сол үйді мекен етуге рұқсатын берді. Бірақ қызыл үйге құдайы қонақтар со күйі қайта оралмады. Бұл – норвег жазушысы Юхан Боргеннің новелласындағы үй. Ұзын-ырғасы осы. Автор, адам өмірінің жазы өтпелі екенін, сол үйдің, сол үй бейнесіндегі тұтас әлемнің бізге дейін де, бізден кейін де өмір сүре беретінін айтады.

Үй (үштаған)

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»

 

Бірақ неге екені, менің ойыма Не­красовтың өз өмірінен алынған бір өлеңі оралды. Қарт әжесі немересінен қам­қорлық күтуші еді, қолғанат болса екен, қолғабыс қылса екен деуші еді. Сонда шаруаға қыры жоқ немересі «мен ертең Петербор барам, білім алам, сонда сені үлде мен бүлдеге орармын» дейтін. Немере өсті, қала барды, азамат болды, бірінші демалысында оралғанда, әжесінің өмірден өтіп кеткенін көрді. Қамқоршысыз, қолғанатсыз, өмірден рахат көрмеген күйі.

Боргеннің үйі – өкініш үйі. Біздің армандарымыздың, біздің болашаққа құрған ұзақ мерзімді отбасылық, жеке адамдық жоспарларымыздың әрқашан жүзеге аса бермейтінінің мысалы іспетті. Баламызға айтамыз, «сен шыда, ертең үлкен үй аламыз, сонда өзіңнің бөлмең болады, керегіңді сол кезде жасаймын», ата-анаға айтамыз, «шыдай тұрыңыз, шаруамды ыңғайлап алайын, содан соң тойыңды да өткерем, сыйыңды да қылам», жарға айтамыз, «қоя тұр, қаражатты қа­жетке жұмсайық, сенің қалауың қайда қа­шар дейсің», Отанға айтамыз, «қажетіңе жарармын, қайратым бекісін, әуелі өз басым­ды оңап алайын».

Коммунизмге жете алмаған күйі күй­реген кешегі империя секілді біз де өз өмірімізде келер я келмес күндердің мерейі үшін әркез бүгінді құрбандыққа шалып отырамыз. Бүгін айтылмаған сөз ертең айтыла ма, бүгін жасалмаған шаруа ертең бола ма? Балаңа дәл бүгін керек болған ойыншықтың ертең керек боларына сенім бар ма? Жағдайың оңалғанша, қарияң мен кейуанаңның тірі тұрарына сенім бар ма? Қоғамыңды бүгін керек етпесең, ертең оған керек боларыңа сенім бар ма?

Боргеннің үйі көз ұшындағы әлдебір көлдің жағасында бұлдырап тұр.

 

Дюрренматт

Қалың өскен тал-дарақпен көмкеріліп жатқан қыстақтың ішінде ескі бір ақ үй шошайып тұр. Бұл үйде зейнет жасындағы судья тұрады. Жолай бұрылған жолаушы ретінде бұл үйге мейман болып түссеңіз, бір қызыққа тап боларыңыз анық. Үй иесі қонақ шақырады, үйге судьяның достары, олар да зейнет жасында – прокурор, адвокат және жендет келеді. Және, ішіңіз сезгендей, сіз бір демде күдіктіге айналасыз. Бұл да бір өзінше зейнеткерлердің қызығы. Сот басталады.

Мінекей, Трапс, қалада тұра­тын ком­мивояжер – кәдімгі сауда делдалы, көлігі апатқа ұшырап, жол бойына жа­қын орналасқан осы бір үйге түседі. Құдайы қонақ үй иесінің ықыласын көреді, асын ішеді және олардың ойы­нына қатысуға қызық үшін келісім бе­реді. Әңгіменің қысқасы сол, қырықтан асқан саналы ғұмырында кісі баласына қиянат қылмадым деп санайтын біздің кейіпкеріміз – күдікті Трапс сот барысында кісі өліміне айыпты деп танылып, өлім жазасына кесіледі.

Сот шешіміне назар ауда­райықшы: «Альфредо Трапс, сен кісі өлтірдің! Өміріңде қолыңа қа­ру ұстамасаң да, өзің өмір сүретін әлемдегі механизм сені кісі өлтіруге алып келді».

Швейцариялық жазушы Фридрих Дюрренматтың үйі – ар үйі. Адамның өз ішіндегі ар мен ұяттың сарайы. Адасқан жүрек таба алған. Трапстың көлік апатына ұшырауы – бір сәт тоқтап, өз жүрегіне үңілуі.

Адам түнде прокурор –

Өзін өзі даттайтын,

Адам түнде адвокат –

Өзін өзі ақтайтын, – деген Қадыр ағамыздың өлеңі бірден еске түседі. Осы бір ар арпалысында адам баласы өзі өзіне есеп бере отырып, айтқан сөз, қылған істің жөні мен жосығын, ағы мен қарасын ажыратуға тырысады. Кейде бір көзқарас та кісі өлтіреді. Абайсыз айтылған сөз де ауру етеді. Қалаусыз жасалған іс те кісі қайғысына себеп болады. Трапс та ешкімді өлтірген жоқ, бірақ оның іс-әрекеті, қызметқұмарлығы, қызылқұмарлығы – қартайған қызметкер Гигакс мырзаның жүрек талмасынан өлуіне алып келеді.

Қандай әрекеттің де бір қиянаты болады. Бірақ адам баласы әрбір әрекетінің салдары қалай боларын ойлана бермейді ғой. Ал асылында, ойлану керек. Салдар – себептен ауыр.

 

Тарази

Көкөзек ауылындағы көркем шатырлы көп үйдің бірі – жатаған ескі үй. Ауыл шетінде тұр. Жатаған ескі үйді жаман Сұлтан, қара қайыс Сұлтан, өліп-тірілген Сұлтан, қарындасын бір құсқа айырбастап жіберген Сұлтан мекен етеді.

Өзі – мұрап, бүкіл ауылдың қызыл­шасын суарады. Қадірі артпаған, қыз­метте өспеген, қызыққа батпаған осы бір кейіпкердің табиғатын тану үшін оның барлық іс-әрекетінен көктей өтіп, тегіне барасыз, тамырына қарайсыз, түсін болжайсыз, ісін бағамдайсыз, қы­лығына күлесіз, қоңырлығын аңдайсыз, аңғалдығына күйесіз, содан кейін барып көпте жоқ адалдығы мен адамдығына тоқтайсыз.

Сұлтанның жамандығы неде екен десеңіз – қоңырлығында, момындығында, қанағатында. Надандық, талапсыздық, көрсеқызарлық, әрине пысықтық та онда жоқ. Елге күлкі боларлық ебедейсіздік, епсіздік, аңқаулығы бар. Аузынан сөзі, иығынан бөзі түскен жаманға ұқсап қалады. Бірақ осы жамандық – өзгеше бір философиялық категория. Астарсыз қарасаң, Аяз бидің жамандығы секілді. Сол тұрғыдан келгенде, Таразидың үйі – тазалықтың үйі. Өзінен басқа ешкімге қиянаты тимеген, бояуы жұқпаған бір адам.

Сұлтанның өзі «Жұрттыкі жөн. Ел аузы­на қақпақ боламысың?» дер еді. Бірақ бұл жөншілдік бас шұлғаушылық емес, Абайдың «жұрт айтса, болдысы» да емес, көнбістік те емес, конфликтісіз кісінің келісімі. Шаруасына тиянақты, бала-шаға тоқ, қарындасы ұзатылды, Сәнжаны өрде жүр. Жапырайса да жатаған үйі – жанға пана.

Сұлтанға басқа не керек?