Аймақтар • 17 Маусым, 2020

Таразда Абай мен әл-Фараби бейнеленген мурал салынды

578 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгінде Тараз қаласындағы тұрғын үйлердің қасбетіне де айрықша көңіл бөлінуде. Екі мың жылдан астам тарихы бар көне шаһардың сәулетін арттырған жобалар легі жалғасын табуда. Қазіргі кезде көпқабатты үйлердің қасбеттеріне әл-Фараби, Абай Құнанбайұлы сияқты тарихи тұлғалардың және өңірдегі тарихи орындардың суреттері салынуда. Бұл ретте "Тұрғын үй жөндеу – Тараз" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Тараз қаласындағы Төле би, Тәуке хан, Абай, Жамбыл даңғылдарының бойындағы 35 тұрғын үйдің сыртына безендіру жұмыстарын жүргізуде, - деп жазады Egemen.kz

Таразда Абай мен әл-Фараби бейнеленген мурал салынды

Аталған мекеме басшысы Самат Мырзалиевтің айтуынша, бүгінде қаладағы 18 үйдің әрлеу жұмыстары аяқталған. Оның айтуынша, жоба толығымен облыс орталығындағы тұрғын үйлерді жаңғырту жұмыстарына жауапты мердігер компаниялардың демеушілігімен жүзеге асуда.

Тараздық тұрғындарды таңдандырып отырған суреттерді Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясының түлегі Айтан Елебаев салу үстінде екен. Ол көне Тараз шаһарындағы үйлердің сыртына мурал салу бойынша конкурсқа қатысып, жеңімпаз атанған. Осылайша, Тараздағы "Астана" ықшамауданындағы 4 тұрғын үйдің қасбетіне Нұр-Сұлтан қаласындағы сәулетті нысандардың бейнесін бейнелеуге тапсырыс алған.

Қазіргі кезде ол аталған бағыт бойынша жұмысын жалғастыруда. Жас суретшінің туындылары бүгінде тараздықтардың көңілінен шығып отыр. Күн өткен сайын тарихи шаһардың сәулеті артуда. Ұлы тұлғалар ұлықталып, тарихи орындар көпшілікке кеңінен таныстырылуда.

 

Жамбыл облысы