09 Сәуір, 2010

ҚҰЛДЫРАҢДАП КЕЛГЕН ҚҰЛЫНДАР

875 рет
көрсетілді
23 мин
оқу үшін
Заман запыраны кімді аяған. Тілеуің оң, тілегің дұрыс болса, одан құтылуға болады екен. Қазақтың алтын құрсағына үш ғасыр бойы байланған залалы көп сол запыранды таң болып атқан тәуелсіздік ерітіп, бодандықтан құтқарып, елдік іргені бекітіп, төрткүл дүниеге жұртымызды танытты. Бұл ел экономикасын орнықтырып, ел иесінің еңсесін көтеріп, бір кездері тарыдай шашылған қандас қазақты топырағында табыстыруға да кең жол ашты. Шашыратып жіберсек шарасыз күйде қалады, одан кейін зымиян ой жүзеге асады деген арам пиғыл­дың әдібі сөгіліп, “жүз ұлттың лабора­тория­сы” деген саясаттың бетпердесі түріліп, егемендігімізге ие болып, еңсемізді тіктеп ес жиған тұста Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев телім-телім бо­лып кеткен халқын ата жұртында табыстыру мақ­сатында “Шетелде тұра­тын қандастарды қолдау­дың бағдарламасы тура­лы” Жарлық шығарды. Прези­дент­тің бұл Жарлы­ғы бұрын созса қол, ай­қай­ласа дауыс жетпейтін қандастар­дың атамекенде бір кісінің баласындай, бір қолдың саласындай бо­лып, береке-бірлікте, ын­ты­­мақ-тірлікте күн кешуі­не, барыс-келісі­не мол мүм­кіндік берді. Осы құн­ды құжат негізінде Білім және ғылым ми­нистр­лігіне қарасты “Да­рын” орталығы Отаны­мыз­да алғаш рет “Қазақстан – ата жұртым, қасиетім – ана тілім” атты шетел­дер­де тұрып жатқан бауыр­ластардың ұл-қызына ар­нал­ған қазақ тілі мен әде­биет пәнінен халық­ара­лық дәрежедегі олим­пиада өт­кізуді қолға алды. “Үлкен­нің біріне бергенше, баланың мыңына бер” деп бастаған шара­ны министрлік те қолдап, барлық мүмкіндікті жасады. Сөйтіп, алғашқы олимпиада 2004 жылы елордамыз Астанада болды. Қарғадайынан қара тұтқан елі бар, табан тіресе тұратын жері бар екенін алғаш рет сезінген алпыс ұл-қыз қасиетті қазақ жеріне келді. Атамекенім бар, қарсы алатын жұртым бар екен, деді олар. Жүрек лүпілі, жан-жылуы шыққан тегіне тартып тұрғанына сол жолы куә болып, көңіл шіркін, толқи тұрып, көкжиегін кеңіткен еді. Төрткүл дүниеге барлай көз салсаң, этностар арасында өзге жерге кіндік қаны тамып, бірнеше ұрпақ ауысқанмен түп-тамыры болып есептелетін ата жұртының қандай ісіне де жарап, сын сағатта жұмыла кетіп, сөзін сөйлеп, жоғын түгендеп, барын әспеттеп қаржылай қарасып, тіпті өте қажет деп тапса, атбасын тіреп қызметін көрсетіп жататындар аз ба? Бір замандары толыса келіп, қазақтан да сондай ұран болар ұл-қыз шықпайды деп кім айта алады. Ол үшін ұрпақты оята алсақ санасына ұлты туралы сәуле түсіре алсақ, болғаны. Сол кезде ғана қанаттанады, қайратына мінеді. Жасыған көңілі жадырап, басылған көңілі көтеріледі. Міне, осы озат ойдан бастау алған игілікті іс жеті жылдан бері жалғасын тауып, алыс-жақын шетел­­дер­де тұрып жатқан бес жүзден аса ұрпағы­мыз Отанымен табысып, танысты. Қара табаны ата-бабаларының кіндік қаны тамған қара топырақты басты. Біз әркез сол ұл-қыздың толғанысы мен тебіренісіне куә болып жүрген жайымыз бар. Дүниежүзі қазақтарының алғашқы құрылтайына келген бауырлары­мыздың жан толқуын жиі айтып жүреміз. Ал сол қандастарымыздың ұл-қызы “Біздің бұл дүниеде бір ғана Отанымыз бар, ол – тәуелсіз Қазақстан” деген Елбасының сөзін ту етіп көтеріп, “Атамекен айналайын, деп келдім, Күтіп алар бар ма ағайын деп келдім. Бар екенсің шуағындай көктемнің!” – деп 2004 жылы жыр жолдарын төккен Алтайдан келген 11 сынып оқушысы Ерқұлан Нұртазанов қазір Еуразия Ұлттық университетін үздік бітіріп, Отанына қызмет етіп жүр. Ұлтқа, ұрпаққа қызмет ету жөніндегі әдемі бастаманы шын ниетпен қолдап қана қоймай: “Ана тілі мен ата жұртын бой тұмардай қастерлеп, білектің күшімен, найзаның ұшымен халқын, ұрпағын ойлаған бабалардың мұраға қалдырған кең байтақ жеріне қош келдіңіздер!” деген тілегін бірінші олим­пиа­дада білдіріп, жеңімпаздар­дың ата жұр­тында оқуына алғаш рет мүмкіндік жасаған азамат, сол кездегі Білім және ғылым министрі Жақсыбек Құлекеев болғанын айта кетсек артық болмас. Сол үрдіс күні бүгінге дейін ұлт болашағын ойлаған жақсы мен жайсаңдардың демеуімен алтын арқауын үзбей, жалғасын тауып, әр жыл сайын ондаған талапкер еліміздің беделді білім ордаларында оқып, тәуелсіздіктің баянды болуына үлесімізді қосамыз деген таудай үміттерін үкілеп жүр. Көтерген тілдің туын шетте жүріп Қазақ үшін жеті киелі сан. Ақтабан шұбы­рын­дыны көрмесе де, жасырын қысым­нан бытыра тиген торғайдай быт-шыт болған қандастарымыздың ұрпағына қамқорлық жасау ниетінде ұйымдастыры­лып келе жатқан дәстүрлі олимпиада биыл Орал қаласында өтті. “Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрт­тың ұлттығы еш уақытта... жоғалмайды. Ұлт­тың сақталуына да, жоғалуына да себеп бола­тын нәрсенің ең қуаттысы – тілі. Сөзі жоғал­ған жұрттың өзі де жоғалады. Өз ұлтына басқа жұртты қосамын дегендер әуелі сол жұрттың тілін аздыруға тырысады”, – деп қадап айтқан Ахмет Байтұрсынұлының аталы сөзіне адалдық танытып жүрген, қазақ тілі мен әдебиетіне арналған олимпиадаға үлкен үмітпен келген жеткін­шектерімізді Жайықты жағалай қонған ел азаматтары – бір кездері сілтеген сырықтан, құлаштаған құрық­тан жасқанып, жер ауып кеткен бауырлардың құлдыраңдап жеткен құлындары деп құшақ жая қарсы алып, төрден орын беріп, атам қазақтың алты жасар бала алыстан келсе алпыс жастағы ақсақал қарсы алған деген қағидасын бұлжытпай орындады. Кісілік деген осы болар. Бүгінгі заманға сай сәні мен салтанаты келісіп тұрған облыстық драма театрындағы ашылу рәсімі де әдемі өтті. Қазақ даласы­ның киесі де, иесі де осы кісі дегендей, ақжау­лық­ты ана сахнаның бір қырында тұрып халқы­мыз­дың арғы-бергі тарихын таразы басында теңдеп, Асан қайғы, Абылай хан, Сырым, Қабанбай, Бөгенбай, Махамбет, Абай, Әйтеке, Төле, Қазыбек, Құрманғазы, Шоқан, Жам­был, кешегі Желтоқсанда мына сұмдықты көргенше менің сұрапыл соғыста өлгенім артық еді деп сілкініп шыққан, оның алдын­да, кеңес­тік дәуір қанша жерден алқымнан алып, желкеден түйіп тұрса да: “Мен – қазақпын мың өліп, мың тірілген” деп атой­лап шық­қан арқалы ақын Жұбан (Мол­дағалиев) бей­не­лерін алма-кезек көр­сетіп, ата-қонысың мынау болса, арқа сүйер ата-бабаң осылар деп ұқтырды. Әрқайсысының аузына батыр­лық, елдік туралы сөз салып сөйлет­кенде кімнің де болса рухы оянбай қалмады. Өзіне қарай сөзі, ісіне қарай тұлғасы деп алып­тары­мыз бен арыстарымыз бірінен кейін бірі көз алдыңнан өткенде шеттен келген ұл-қыз орындарынан ұшып тұрып, құр­мет көрсетіп жатты. Ата жұртым деп кел­ген олар бұл көріністі көргенде қыран­­дай түлеп, кей­біреу­лерінің жанар­ларына жас келді. Осын­дай ұлы тұлғалардың ұрпағы болу қандай бақыт, шіркін, оларды біз өмір сүріп жатқан елдердегі замандас­тарымыз танып, білсе ғой, деген сөздерді де құлағымыз шалып қалды. Халықаралық “Қазақ тілі” қоғамының президенті, академик, қазылар алқасының төрағасы Өмірзақ Айтбайұлы қазағым, халқым, еміреніп қарсы алар елім бар деп келген құлдыраңдаған құлындарым, сендер бізге арқа сүйесеңдер, біз сендерді қуат көре­міз, сендер менің немеремсіңдер, сырт­та жүрсеңдер де қазақ тілінің туын көтеріп, тұғырын жықпай аялаған ұл-қыздарым, ұландарым, деп тебіренгенде зал толы жұрт дуылдата қол соғып, құрмет көрсетті. Алғашқы сынақ оқушылардың білімін қазылар алқасы белгілеген бес тақырыптың ішінен бірін таңдап, шығарма жазады. Бұл сынақ арқылы олардың тілді білуін, бойын­дағы талабы мен талантын, еліне деген ниетін анықтау болатын. Мәскеу қаласын­дағы №2 мектеп оқушысы Карина Мамыр­баеваның бірінші сөзі “Мен – қазақпын­нан” басталып­ты. 11 жастағы қыз анасы Светаның орыс екенін, атасы мен әжесі Қазақ елінде тұраты­нын алға тартады. “Мен қазақ тілін сүйемін” дейді. Тағы бір мәскеу­лік Мәдина Тұрсын­баева ата-анасы қазақ топырағында, өзі Мәскеуде туғанын айтады. “Мәскеуде бәрі орысша сөйлейді. Ал мен қазақша білуді мақсат еттім. Егер мен қазақ­ша сөйлей білмесем, мен қазақ деген атыма кір келтіре­мін” дейді ол. Моңғолиялық 4 сынып оқушы­сы Қанат Елісхан: “Өткен жылы жазда Астанада болдым, керемет екен. Шіркін, сол Астанада оқысам, арманым бол­мас еді”, дейді. “Мен Ресейде тұрамын, менің жаным қазақ жеріне тартады. Мен – қазақ қызымын. Өз халқымды, туған тілімді мақтан етемін. Туған тілім – қазақ тілі, анамның ақ сүті ол. Шашын өріп қойған сұлу қыз, пешке пісірген нан, дастарқан қан­дай!” – деп тамсанады Самара қаласы­нан келген 9-шы сынып оқушысы Мөл­дір Сұлтанова. Мәскеулік 10 сынып оқушы­сы Әсел Байсақалова Бауыржан Момышұлы туралы шығармасында батыр өздеріне әркез рух беріп, мақтан болып жүргенін айта келіп, қазақтың ұлылығына басын иіп, “Тақыр жерге шөп шықпайды. Батыр да, ақын да негізі бар жерден шығады. Негізі бар ел, ол – қазақ елі. Сол қазақ елінің қас батыры – Бауыржан!” деп ой түйеді де: “Атаның айтқан барлық сөзі менің жүрегіме жігер құйып, мойныма тұмар тарих болып тағылды”, – дейді. Моңғолия, Қытай, Өзбекстаннан келген оқушылардың жазған шығармалары жаныңды жадыратады. Мысалы, моңғолия­лық 11 сынып оқушысы Райма Әуесхан Ғ.Мүсірепов­тің “Қазақ солдатындағы” Қайрош бейнесін кітап желісіне сүйене отырып, әдемі талдап, соңын Бауыржан Момышұлының “Батырлық – ол Құдайдың бере салған сыйы емес, Отан алдындағы перзенттік борышыңды соғыста ақтап шығу”, – деген сөзімен түйін жасайды. Сол секілді Өзбекстанның Ташкент облысынан кел­ген 11 сынып оқушысы Райхан Егембердиева: “Менің ана тілім – өте көр­кем тіл, сол көркем тілді пайдалана алмаған адам, меніңше, нағыз пақыр жан. Намысы өлген, ұлтынан жеріген пенде”, – дейді. Бұл ащы сөз, бірақ ақиқат та жоқ емес. Ол тағы бірде: “Қазір көптеген жастар тілімізді шұбарлап бітті. Тіпті олардың арасында үлкен аға-апалар да бар. Тұрпайы сөй­лейді. Сол кезде менің ойыма К.Паустов­скийдің “Туған тіліне жаны ашымаған адам – жәндік” деген сөзі оралатыны бар. Ана тілім сен үшін күрес – болашақ үшін күрес, ұлт үшін күрес”, – деп шамырқанады. Ауызша емтиханда да еліне шөліркеп, аңсап келген балалар білімдерімен қатар, өнерлерін де көрсетті. Араларынан дом­быра­мен ән айтып, Қытай мен Франциядан келгендер қосылып “Қара жорғаны” биледі. Бір аптаға созылған білім сайысында жүлде­гер деп танылғандар мен қатысушы­ларға сый-сияпат көрсету жоғары дәрежеде өтті. Тапсыру салтанатында гран-приді жеңіп алған Райхан Егембердиева (Өзбекстан) “Бұл сондай өлке, топырағынан алтын өнеді, бұл сондай өлке, қыста да жер көгере­ді, бұл сондай өлке, сәл көрмесең сағынды­рып тұрады, бұл сондай өлке, қайрат-күш тасып-төгеді. Мен Өзбекстанда тұрсам да өз тілімді, ділімді ештеңеге ауыстырмаймын. Алла қайда жүрсек те өзі жар болып, тіліміз бен дінімізді сақтап, ізгілік пен ынтымаққа ден қойып келеміз. Нұр исламға қуат беріп, ұлтымыздың ұйытқысы болып, Қазақ елін әлемге таныт­қан Нұрсұлтан ағаға ризалығы­мыз шексіз. Өзбек даласындағы қазақ тілі күрескерлерінің бірі болып жүрген Райхан деген қыздарыңыз мен боламын!” десе, бірінші дәрежелі дипломды қанжығасына байлаған Шәку Ердос (Моңғолия) “Мен – қазақпын қаным­мен, сүйегіммен. Сән-салтанат, салтым­ды сүйемін мен. Бақ орнатам басына моланың да, Мұрагермін оған да, иемін мен. Тағдыр мені мирастан арылтпасын, Тоқтатпасын, тостыртып сарылтпасын. Ұзын болып аяққа оралмасын, Тұсау болып алдымды тарылтпа­сын”, – деп иығын тік ұстап, ұшатын қырандай қомданды. Екінші дәрежелі дип­лом­ның иегері Райма Әуесхан (Моңғолия) Әбділда Тәжібаевтың “Туған тілім тірлігімнің айғағы, Тілім барда айтылар сыр ойдағы. Өссе тілім, мен де бірге өсемін, Өшсе тілім, мен де бірге өшемін”, – деген өлеңін асқақтата айтса, тағы бір жеңімпаз Алма Болат Сұлтанмахмұт Торай­ғыровтың “Алаш ұраны”, “Алаш маршы” өлеңдерінен “Алаш туы астында, Күн сөнгенше сөнбейміз. Енді ешкімнің Алашты қорлауына бермейміз”, “Арғы атам – ер түрік, Біз – қазақ еліміз. Самал тау, шалқар көл, Сарыарқа жеріміз. Жасаған жар болып, Қазақтың еліне. Жасаған сақтасын Алаштың ордасын”, – деп отырған жұртты дүр сілкіндірді. Жетінші халықаралық олимпиадаға келген жетпіс оқушының бәрі де білімдеріне қарай әртүрлі дәрежедегі дипломдар, мақтау қағаздар алып, номинациялар бойынша мара­патталды. Батыс Қазақстан облысы әкімі­нің орынбасары Серік Сүлеймен олим­пиаданың жабылу рәсімінде әлемнің әр өңірі­нен келген оқушылардың алғырлығына, тілді құрметтеп, Отанды сүюдің жақсы үлгісін көрсеткеніне тәнті болғанын жеткіз­ді. Әсіресе, ақиық ақын Қадыр Мырза Әлі­нің сөзіне жазылған Ескендір Хасанғалиев­тің “Атамекен” әні айтылғанда, оқушылар­дың тікесінен тік тұрып, әуенге қосылып кеткеніне дән риза болғанын, бұл олардың ұлт құндылығын әспеттеуі ғой десе, қазақ­тың айтулы ақын қызы Ақұштап Бақты­герее­ва рухы мықты ұл-қыздың жанып тұрған мінсіз мінездеріне ризалық білдіріп, өзінің соңғы жылдары жарық көрген жыр-жинақтарына қолтаңба қойып тапсырғанда, оған ие болған ұл-қыз шетінен ілтипат білдіріп жатты. Райхан Егембердиева біз байлық іздеп келмедік, рухымызды көтерейік, тілімізді құрметтейік, өмір бойы төрімізден орын алатын осындай жыр кітабын алайық деп келіп едік. Дегенімізге жеттік, қазағым алға, әлем жұртының ішінде осылайша биіктен көріне беріңдер, деп асқақ рухымен үн қатты. Жас қыздың бұл сөзіне көңілі толған ақын апамыз, мен алғашында бұл қандай олимпиада деп жүретін едім, сөйтсем елге керек ірі іс екен шетінен. Патриот, бой­ларын ұлттық рух керне­ген ұл мен қызды Отаны­на тартып жатыр екенсің­дер. Бұған ұйытқы болған Білім және ғылым ми­нистрі мен “Дарын” орта­лы­ғына, оның басшысы Т.Битуоваға алғысым шек­сіз, деді. Ал облыстық білім басқармасының бастығы С.Бейсембаева елім, тілім, ата жұртым деген кілең бір сайып­қыран ұл-қыздың бір апта ішіндегі үлгісін бейнетас­паға түсіріп алдық. Облыс мектептеріне таратып, оқу­шыларға көрсететін боламыз, – дейді сөз қа­­ді­рін, Отан қасиетін терең ұққан қандас оқушылар туралы ағынан жарылып. Парижден келген бес баланың анасы Биылғы олимпиадаға әлемнің онға тарта мемле­кетінен келген оқушы­лардың жетекшілерімен сөйлескенімізде, біраз қиын-түйін мәселелерге көз жеткіздік. Осы олим­пиада басталғалы жеті жыл ішінде алғаш елде қалған жастар қазір отбасын құрып, алды өмірге ұрпақ әкелді. Бұл еліміздегі халық санын арт­тыруға, ұлттық демо­графияны молайтуға септігін тигізері сөзсіз. Жалпы, бұл олим­пиа­даның басты мақсаты, таланттыларды тартумен қатар, халық санының артуына мүмкіндік жасау. Осы арада жеріміз кең болғанымен, халқымыз­дың аз екенін, тіпті кей жағдайда бала санының азайып бара жатқанын мына дәйектерді кел­тірсек, аңғарарымыз анық. Отанымызда 5 миллион отбасы бар десек, соның ішінде 2-3-4 адамнан тұратын отбасылар саны 70 пайыз, бес адамнан артық отбасылар 26 пайыз, 10 адамнан артық отбасылар 1 пайызды ғана құрайды екен. Бұл ойлануға тұратын мәселе. Біз олимпиадаға оқушыларды алып келген ата-аналармен де тілдескен едік. Солардың бірі – Парижден келген Жанат Ұишал. Ол үш қыз, екі ұлдың анасы екен. Ата жұртында алғаш рет болуы. Қазақ тілі мен әдебиет пәнінен олимпиада өтеді дегенді естіп, екі баласын алып келіпті. Бір замандары әкем айтып отыратын. Біздің табанымыз қазақтың топырағына тимес, сендер баратын күн туады деп. Міне, сол күн туды. Біз Еуропада өмір сүріп жатқан қазақтар Қазақ елі десе, жар құлағымыз жастыққа тимей отырады. Ұшақтан түскенде көз алдыма бірінші келген Алатау болды. Сол сәттегі жанарымнан аққан жасты көрсеңіз ғой десе, Түркістан Савасан ақсақал өткен жылы да болғанын, содан кейін Еуропаға елді тану бойынша жұмыс істеп жатқанын, жиырмаға тарта сайт ашқанын, мысалы Абай деген сайты 17 бөлімнен тұратынын, онда Абай өлеңі, Абайдың қарасөзі, Абайдың әндері болып, жалғасып кете беретінін, “Қазақ”, “Домбыра”, т.б сайттарды қазір төрткүл дүниеде миллиондаған адамнан көріп жатқанын, ендігі жерде “Жайық” деген сайт ашып, Батыс Қазақстанды әлемге танытуды мақсат етіп отырғанын алға тартты. Мәскеулік балаларды бастап келген Гүлмай Хамеденова қазір онда өмір сүріп жатқан ұлт өкілдерінің ұрпағын қазақ тілі мен салт-дәстүріне баулып жүргенін жеткізсе, Омбы облысынан келген ұлт жанашыры Алтынай Жүнісова өңірде істеліп жатқан жұмыстарды атады, Түмен облысынан келген Зипа Қасымова болса біздің тіліміз екі мем­лекетке де қажетсіз болып тұрған секілді. Себебі, Ресей де, Қазақ еліндегі азаматтар да көп көңіл аудара бермейді. Өзімізше тірлік жасап, жексенбілік мектептер ашып, ұрпағымыздың тілінен айырылып қалмау жағын қарастырып келеміз. Бұл тірлігіміздің қаншаға дейін созылатыны белгісіз. Қалай десек те, кейінгі ұрпақ осы қалыпта кете берсе, тілінен көз жазып қалары күмәнсіз, деді шарасыздық танытып. Жалпы, алыс шетелді былай қойғанда, ТМД өңіріндегі мемлекеттердің өзінде қазақ мектебінің аясы тарылып келе жатыр. Мәселен, іргелес Қырғызстанда білім ұясы мүлде жоқ болса, Өзбекстан латын қарпіне көшкелі бері қазақ мектептері бірте-бірте қысқару үстінде. Мұндай жағдайда алыстағы ағайынның ұл-қызының болашақ тағдыры, тілі туралы әрқайсымыз “Ана тілін армансыз бойға сіңіріңіздер, өйткені, бабаларымыздың ғұмыр тәжірибесі, дүниетанымы, мінез-құлқы, өзіндік болмыс-бітімі осы тілде қат­таулы жатыр. Тілге деген көзқарас – шын­дап келгенде, елге деген көзқарас. Қиын кезеңдерде ұлтты қожыратпаудың қуатты қаруы болған қазақ тілі бүгінгі азат өмірі­мізде де ұлтты тұтастандырудың тегеурінді тетігі болуға тиіс” деген Елбасы сөзін әркез ой-санамыздан шығармай, жүзеге асырсақ ұрпақ та, тіл де діттеген жерімізден көрініп, мәртебесі биіктей береді. Осындай мақсатқа негізделген “Қазақстан – ата жұртым, қасиетім – ана тілім” атты қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша өткізіліп келе жат­қан халықаралық олимпиада алдағы жылы да жалғасын таба береді деген үміттеміз. Егер игілікті іске Отанымыздың кез келген азаматы оң қабақ танытып, ізгі ниет көрсетсе, біраз жылдардан кейін еліміздің іргесін бекітуге өз үлесін қосатын ондаған емес, жүздеген ұрпақтың еліне келіп, алтын діңгек болатынына иманымыз кәміл. Сүлеймен МӘМЕТ, Темір ҚҰСАЙЫН.