Әлем • 18 Маусым, 2020

Еуроодақ пен Орта Азия ынтымақтастығы талқыланды

581 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Еуропалық одақтың Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі Жоғарғы өкілі Орта Азия елдерінің сыртқы істер министрлерімен видеоконференция өткізді, - деп хабарлайды Egemen.kz.

Еуроодақ пен Орта Азия ынтымақтастығы талқыланды

Еуропалық одақтың Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі Жоғарғы өкілі, Еуропалық Комиссияның вице-президенті Жозеп Боррелл жүргізген келіссөзге Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан мен Өзбекстанның сыртқы саяси ведомстволарының басшылары қатысты. Тараптар Еуроодақтың Орта Азия бойынша стратегиясының жүзеге асырылуы, коронавирус пандемиясының салдары мен Орта Азиядағы, оның ішінде Ауғанстанмен өңірлік  ынтымақтастық секілді бірқатар өзекті  мәселе бойынша пікір алмасты.

Жозеп Боррелл пандемиямен күресте Еуроодақтың аймаққа көрсеткен қолдауына тоқталды. Атап айтқанда, әлем үшін қиын сәтте ЕО Орта Азия елдерінің денсаулық сақтау саласына және әлеуметтік-экономикалық жағдайының тұрақталуына қатысты  123 миллион еуро мөлшерінде  қаражат бөлген. Ал Еуропалық инвестиция банкі мен Еуропалық қайта құру және даму банкі аймақта коронавирус салдарымен күреске қомақты несие берген.

Дағдарыс кезінде Орта Азия елдерінің өзара ынтымақтастығы жоғары бағаланды. Еуропалық одақтың Жоғарғы өкілі пандемия секілді ғаламдық дағдарыс кезінде көпжақты ынтымақтастық пен жаһандық серіктестікке ден қоюды басты шешімдердің бірі деп атады.

Ж. Боррелл Еуроодақтың бір жыл бұрын қабылдаған Орта Азия бойынша стратегиясына сәйкес аймақтағы елдермен ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ниетті екенін жеткізді. Алдағы басты мәселелердің бірі – пандемия салдарын барынша жойып, зардап шеккен салаларды қалпына келтіру. ЕО одан бөлек Азия мен Еуропа арасындағы тұрақты өзара байланысты дамыту, шекараларды басқару, адам құқығы және азаматтық еркіндік, қауіпсіздік, терроризм мен экстремизмге қарсы күрес, су ресурстарын басқару және қоршаған ортаны қорғау салаларында Орта Азия елдерімен байланысты одан әрі арттыруды көздеп отыр.

Қатысушылар өңірлік ынтымақтастықты жандандыру бойынша бірлескен қадамдарды 2020 жылдың соңына дейін Брюсселде жоспарланған Саясат және қауіпсіздік мәселелері бойынша жоғары деңгейдегі диалог пен "Еуропалық одақ – Орта Азия" сыртқы істер министрлерінің 16-шы конференциясында жалғастыруға уағдаласты.