09 Қазан, 2013

Сенімді жүйе

592 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

01-фото-Жумагулов 1Әлем экономикасын бес жылдан бері құрсаулап алған жаһандық қаржы-экономикалық дағдарыс дүние жүзінің алдыңғы қатарлы дамыған экономикаларының өзін тығырыққа тіреп, есеңгіретіп тастады. Міне, осындай сындарлы кезеңде Мемлекет басшысының тиімді бастамаларының нәтижесінде дағдарыс жағдайында Қазақстан экономикасы өзгелермен салыстырғанда оқ бойы озық шықты. Дегенмен, әлемдік дағдарыс салдары еліміздің экономикасына салқынын тигізбей қалған жоқ. Сырттан келетін инвестициялар азайды, ел экономикасын қаржыландыру көздері шектелді. Еліміз бойынша қабылданған ҮИИД бағдарламасы сияқты ауқымды бағдарламаларды қаржыландырудың сенімді жүйесін жасау қажеттігі туындады. Осыған байланысты үстіміздегі жылдың мамыр айында Елбасының Жарлығымен «Бәйтерек» ұлттық басқару холдингі» АҚ құрылған болатын. Бүгін біз осы холдингтің атқаратын жұмысы мен алда тұрған міндеттерінің межесін білу мақсатында «Бәйтерек» ҰБХ» акционерлік қоғамының басқарушы директоры Айбатыр ЖҰМАҒҰЛОВТЫ әңгімеге тартқан едік.

01-фото-Жумагулов 1Әлем экономикасын бес жылдан бері құрсаулап алған жаһандық қаржы-экономикалық дағдарыс дүние жүзінің алдыңғы қатарлы дамыған экономикаларының өзін тығырыққа тіреп, есеңгіретіп тастады. Міне, осындай сындарлы кезеңде Мемлекет басшысының тиімді бастамаларының нәтижесінде дағдарыс жағдайында Қазақстан экономикасы өзгелермен салыстырғанда оқ бойы озық шықты. Дегенмен, әлемдік дағдарыс салдары еліміздің экономикасына салқынын тигізбей қалған жоқ. Сырттан келетін инвестициялар азайды, ел экономикасын қаржыландыру көздері шектелді. Еліміз бойынша қабылданған ҮИИД бағдарламасы сияқты ауқымды бағдарламаларды қаржыландырудың сенімді жүйесін жасау қажеттігі туындады. Осыған байланысты үстіміздегі жылдың мамыр айында Елбасының Жарлығымен «Бәйтерек» ұлттық басқару холдингі» АҚ құрылған болатын. Бүгін біз осы холдингтің атқаратын жұмысы мен алда тұрған міндеттерінің межесін білу мақсатында «Бәйтерек» ҰБХ» акционерлік қоғамының басқарушы директоры Айбатыр ЖҰМАҒҰЛОВТЫ әңгімеге тартқан едік.

– Айбатыр Нышанбайұлы, 2010 жылғы 22 мамырда Елбасының Жар­лығымен «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ құрыл­ды. Бұл холдингтің құрылуының негіз­гі мақсаты неде? Оған жүктелген міндет­тердің мәні қандай?

– Өздеріңізге белгілі, 2007 жылдардан бері жалғасқан қаржы дағдарысында көптеген ірі компаниялар, оның ішінде дүние жүзінің бірқатар ірі қаржы ұйымдары дағдарысқа ұшырады. Жаһандық дағдарыс жағдайында дамыған елдер ғана емес, дамушы елдердің де қаржы жүйесінде үлкен проблемалар орын алды. Қазақстан да бұл үрдістен қағыс қалған жоқ. Дағдарыс салдарынан Қазақстан экономикасына келетін инвестициялар күрт төмендеді. Мәселен, әлемдік қаржы дағдарысының салдарынан Қазақстанда негізгі активтерге тартылған инвестициялардың өсімі 2007 жылғы 25,1 пайыздан дағдарыстан кейінгі кезеңдегі 2,2 пайызға дейін төмендеді. Корпоративтік саланы несиелеу ІЖӨ-ге шаққанда 36 пайыздан 23 пайызға дейін төмендеді. Банк саласындағы «нашар» несиелер дағдарысқа дейінгі кезеңдегі 1,3 пайыздан дағдарыстан кейінгі кезеңде 30 пайызға жуық өсті.

Нақ осындай жағдайда еліміздің даму институттарының рөлін арттыру қажет болды. Уақыт тынысын тап басатын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тағы да талапшылдық танытып, экономиканы алға бастырудың мәселесі ретінде даму институттарын бір орталыққа біріктіру жөнінде оңтайлы шешім қабылдады. Осы орайда даму институттарының рөлін арттырудың тиімділігі қандай деген орынды сұрақ туындайды. Мәселен, белгілі бір жобаны қаржыландыру Қазақстан Даму банкі тарапынан жүзеге асса, ал осы жобаның төңірегіндегі орта және шағын кәсіпорындарға «Даму» қорының тарапынан демеу беріледі, ал оның өнімдерін сату, экспортқа шығару мәселелерін «КазЭкспортГарант» АҚ жүзеге асыратын болады. Бұл бір ғана шағын мысал, сондықтан да осы компаниялардың бір командада жұмыс істеуі бүгінгі таңда экономикалық дамуға үлкен серпін береді.

– Бүгінде холдингтің құрамына беріліп отырған компаниялар қандай, бұрын олар қандай құрамда болып еді?

– Қазір холдингтің меншігіне және сенімді басқару құрамына «Қазақстан Даму банкі» АҚ, «Қазақстан Инвестициялық қоры» АҚ, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ, «Қазақстан ипотекалық компаниясы» АҚ, «КазЭкспортГарант» АҚ, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ, «Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік» АҚ, «Қазақстан ипотекалық несиелерді кепілдендіру қоры», «Kazyna Capital Management» АҚ, «Стресті активтер қоры» АҚ кіреді. Елбасының тікелей тапсырмасымен құрылып отырған «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ құрамына топтастырылған компаниялардың бірқатары бұрын «Самұрық Қазына» ҰӘҚ» АҚ құрамында болған. Ал енді бірқатары Үкіметтің, министрліктердің тікелей басшылығында болған компаниялар.

Холдинг құрылғаннан кейін біз оның құрамына берілген бұл компаниялардың қаржылық жүйесін сараптамадан өткіздік. Екінші кезекте, олардың атқаратын қыз­мет­терінің дәрежесін жан-жақты сұрып­тадық. Осындай жан-жақты сарап­­тамалар жасау нәтижесінде бұл компа­ниялардың бірін-бірі қайталайтын немесе бір-біріне ұқсас қаржыландыру меха­низмдері орталықтандырылып, керісінше, жетіспейтін механизмдері толықтырылып, енді бұл қызмет тетіктері бір-бірін қай­таламайтындай, бір-біріне септігін тигізетіндей етіп қайта құрылды.

– Даму институттарының қаржы­лық кө­зі қандай? Мемлекет қаржысынан бас­қа жеке меншік инвестициялар бар ма?

– Бұл сұраққа мен өзім қадағалайтын құрылыс саласы компанияларының мысалы бойынша жауап берейін. Тұрғын үй құрылысын қаржыландыру мәселесі туралы айтатын болсақ, оны «Қазақстан ипотекалық компаниясы» АҚ және «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ қаржыландырады. Мұнда мемлекеттік қаржыдан басқа жеке тұлғалар мен қаржы институттарының қаржылары да пайдаланылады. Мәселен, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-тың қаржы көздерінің негізі тұрғындардың жинаған депозиті болып табылады. Ал «Қазақстан ипотекалық компаниясы» АҚ-тың қаржы көздері ретінде қор рыногы қолданылады. Қаржы көзінің негізі – «Қазақстан ипотекалық компаниясы» АҚ шығаратын облигациялар болып табылады. Бұл облигациялардың басқалардан ерекшелігі, банктен алған ипотекалық несиелерге сол облигациялар кепіл ретінде қолданылады. Сол себепті олардың сыйақы пайызы да төмен болады. Тұрғын үй құрылысын қаржыландырудың бұл бір көзі болса, екіншісі – «Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасына мемлекет тарапынан бөлініп жатқан қомақты қаржы.

– «Еліміздің индустрияландыру бағ­дарламаларын қаржыландыру моделін жетілдіру» жобасы деген мәсе­лені түсіндіріп өтсеңіз. ҮИИД бағдар­ламасын қаржыландырудың болашағы қандай болмақ?

– Еліміздегі үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының алғашқы кезеңі 2014 жылмен аяқталады. Енді елімізде индустрияландырудың 2015-2019 жылдарға арналған екінші кезеңі басталады. ҮИИД бағдарламасының 2015-2019 жылдарға арналған екінші бесжылдығын қаржыландыру міндеті біздің «Бәйтерек» ҰБХ» акционерлік қоғамына жүктеліп отыр. Холдинг құрылғаннан бергі уақытта кешенді жұмыстар жүзеге асырылуда. Қыркүйек айында «Қазақстан Республикасының индустрияландыру бағдарламасын қаржыландыру моделін жетілдіру» жөніндегі басқару комитеті холдингтің алдағы жұмыстарының негізгі бағыттарын белгілеп берді.

Бұл бағыттарды саралайтын болсақ, бірінші, Қазақстан экономикасының нақты салаларын қаржыландырудың алдағы бес жыл ішіндегі сұранысын айқындау; екінші, Қазақстан қаржы саласында орын алған проблемаларды анықтау және қаржы саласының тиімділігін арттыру жөніндегі ұсыныстарды белгілеу; үшінші, еліміздің экономикалық өсімін қамтамасыз ету үшін қажетті әлеуетті қаржы көздерін айқындау; төртінші, Қазақстан қаржы жүйесінің болашақ моделіндегі «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ құрамына кіретін даму институттарының рөлін анықтау. Осы мәселеге байланыс­ты экономиканы қаржыландыру көздері анықталуда. Ең бастысы, бұл ретте мемлекет қаржысына қарап қалмай, шетел инвестицияларын тарту қаржы институттары мен мемлекет және жеке меншік әріптестігі мәселелеріне де баса назар аудару қажет.

Қазір біз қаржы жетіспейді деген мәселені көп айтамыз. Ал ақиқатында қаржы құйылатын тиімді жобалар да жетіспейді. Тиімді де пайдалы жобалар болса жекеменшік капитал көптеп тартылар еді. Экономикаға жасалған сараптаулардан белгілі болғанындай, жекеменшік қаржы негізінен тұрғын үй құрылысына, жалпы жылжымайтын мүлікке жұмсалады екен. Егер басқа бағыттардың тиімділігін көрсете білсек, жылжымайтын мүлікке жұмсалатын қаржы экономиканың басқа салаларында да жұмсалар еді.

– Пәтерлерді жалға беру, қолжетімді тұрғын үй бағдарламалары шеңберінде атқарылып жатқан жұмыс ауқымы қан­дай? Халықтың әлеуметтік мүддесіне жауап беретін қолжетімді тұрғын үй құ­ры­лы­сын салу бағдарламасын қаржы­лан­дыру көздері туралы не айтар едіңіз?

– Бүгінгі таңда «Қазақстан ипотекалық компаниясы» АҚ-қа мемлекет тарапынан бөлінген қаржы бар. Сол қаржы көлемінде «Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасы шеңберіндегі үйлер салынуда. Бұл тұрғын үйдегі пәтерлер өз кезегінде жалға беріледі. Пәтерге төленетін жалдау құны 50 мың болса, оның барлығы сол пәтерді болашақта жекеменшікке сатып алуда ескерілетін болады. Тағы бір айта кететін мәселе, пәтерді жалға беруден түсетін қаржы көлемі бойынша құнды қағаздар шығарып, болашақта зейнетақы қорларымен жұмыс істеу мәселесі де қарастырылуда. Ол үшін қолданыстағы заңдарға өзгерістер енгізілуі керек. «Қазақстан ипотекалық компаниясы» АҚ осы бағытта жұмыс атқаруда.

– «Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасын қаржыландыру мәселесі қалай реттеледі?

– Негізінен бұл бағдарламаны қаржыландыратын жоғарыда айтқан екі компания. Одан басқа бұл бағдарламаға жергілікті әкімдіктер, «Самұрық-Қазына» АҚ-тың жылжымайтын мүлік қоры да қаржы құяды. Мәселені нақтылай түсетін болсақ, «Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасы шеңберінде «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ 4,5 миллион шаршы метр, «Қазақстан ипотекалық компания­сы» АҚ 3,1 миллион шаршы метр тұрғын үй құрылысы көлемін қаржыландырады деген жоспар бар.

Тағы бір еске салатын мәселе, холдинг алдағы уақытта Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің халықпен жұмыс істеу дәрежесін арттыру мәселелерін белгіледі. Мәселен, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ бөлінген ақшаға тек тұрғын үй сатып алып қана қоймай, салымшылардың ақшасын тартып, оларды тиімді пайдаланып, яғни мемлекет салған 1 теңгеге салымшының 1 теңгесін қосып, бағдарламаны қар­жы­ландырудың тиімділігін арттыруы қажет. Ал «Қазақстан ипотекалық компаниясы» АҚ қайта құрылымдау барысында қойылған міндеттер бойынша мемлекеттен салынған әрбір 1 теңге қаржыға экономикадан 4,4 теңге қаржы тартуы тиіс. Яғни зейнетақы қорының, Ислам, Қытай, Еуропа даму институттарының қаржысын тартуға барынша күш салулары қажет.

«Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдар­ламасы бойынша пәтерлерді жалға беру 2014 жылдан бастап кең көлемде жұмыс істейтін болады. Қазір мемлекет тарапынан бөлінген 14 миллиард теңгеге бола­шақта пәтерлерді жалға беретін тұр­ғын үй кешендері салынуда. Тұрғын үй ке­шен­дерінің құрылысы біткеннен кейін «Қа­зақстан ипотекалық компаниясы» АҚ пә­терлерді халыққа жалға бере бастайды.

– Жалға беру тәртібі туралы да қыс­қаша айтып өтсеңіз?

– Бағдарлама бойынша пәтерлерді халыққа жалға беру ұзақ мерзімге арналады. Жалға пәтер алған азаматтарға 10 жылға дейін пәтерлерді сатып алуға құқық берілмейді. Себебі, бағдарлама әлеуметтік мәселелерді шешуге арналғандықтан бұл салада алыпсатарлыққа жол беруге болмайды.

– Тұрғындарды тұрғын үймен қам­тамасыз ету көлемін арттыру мақса­тын­да алдағы уақытта үлескерлер қаржы­сы­мен тұрғын үй кешендері салына ма?

– Үлескерлер дегеніміз де инвесторлар. Сондықтан олардың қаржысын да тиімді пайдалану қажет. Елімізде осыдан бұрын болған үлескерлердің қатысуымен тұрғын үй құрылысын салу тәжірибесінде көптеген келеңсіздіктерге жол беріліп, бұл мәселе алаяқтардың пайдасына шешіліп кетті. Болашақта үлескерлер қаржысымен салынатын құрылыс нысандары қатаң бақылауға алынып, үлескерлер құқы жан-жақты қорғалуы керек. Біздің холдингтің алдына Елбасының қойған талабының бірі, осы үлескерлер қаржысын сақтандыру механизмін барынша жетілдіру мәселесі еді. Қазір біз осы тапсырма бойынша жан-жақты жұмыстар жүргізудеміз. Алдағы уақытта «Бәйтерек» ҰБХ АҚ құзырында осындай сақтандыру компания­сын ашу мәселесін де ойластырудамыз. Басқаша айтсақ, үлескерлердің қаржылары сақтандырылады. Кейін құрылыс компания­сы өз міндеттерін орындай алмай қалатын жағдай болса, үлескерлер қаржысын сақтандыру компаниясы өтейтін болады.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен

Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан».

Соңғы жаңалықтар