09 Қазан, 2013

«Айбынды армиямыздың кәсіби сержанты болуды армандаймыз»

482 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

01-фото-Жумагулов 3Жақында Ақмола облысына қарасты Щучье қаласындағы Шоқан Уәлиханов атындағы Кадет корпусында жас буынның әскери ант қабылдау рәсімі салтанатты түрде өтті. Подполковник Талғат Баудинов басқаратын оқу орнының 246 кадеті өзінің халқына, Президентіне, елінің ержүрек әрі батыл қорғаушысы болуға ант берді.

Жақында Ақмола облысына қарасты Щучье қаласындағы Шоқан Уәлиханов атындағы Кадет корпусында жас буынның әскери ант қабылдау рәсімі салтанатты түрде өтті. Подполковник Талғат Баудинов басқаратын оқу орнының 246 кадеті өзінің халқына, Президентіне, елінің ержүрек әрі батыл қорғаушысы болуға ант берді.

01-фото-Жумагулов 3

3 2

Ант берген жастарды Мә­жіліс депутаттары, Қарулы Күш­теріміздің ардагерлері, генералдары, Халық Қаһарманы Бақытжан Ертаев, Абай Тасболатов, Қор­ғаныс министрлігінің әскери білім және ғылым департаментінің бас­тығы, полковник Қайрат Көп­баев, Әскери-стратегиялық зерт­теу орталығының президенті Ба­қыт­жан Әбдірайым, Ұлы Отан соғы­сының ардагері, майдангер ұшқыш, ІІ дәрежелі Отан соғысы, Еңбек Қызыл Ту ордендерінің иегері Василий Пазыч, тыл ардагері, Қызылорда облысының бұрынғы атақты шопаны, Ленин, Еңбек Қызыл Ту ордендерінің иегері, Қазалы ауданының сыйлы азаматы Мырзаш Жұмашев, қоғам қайраткерлері, кадеттердің ата-аналары, туған-туыстары, тағы басқалар қатысты.

Кадеттерге ақ тілегін жолдаған Б.Ертаев: «Бүгінгі алғашқы қа­дам­дарың құтты, есте қалатын болсын. Осыдан 40 жыл бұрын біз, Абай Тасболатов екеуміз, яғни сіздер сияқ­ты өрімдей жас жігіттер, тұң­ғыш рет иығымызға погон тақ­қанбыз. Ол кезде мен де болашақта ауған жерінде батальон командирі болып өзім­нің сарбаздарымды бораған оқ­тың астында жау шабуылына қарсы көтеремін деген ой болған емес еді. Ондай тағдырды сіздердің пешенелеріңізге жазбасын. Өмір­де қандай қиындықтан өтсем де «Тәуекел түбі – желқайық» деп ойлаған арманыма жеттім, әскери адам болғаныма өкінбеймін. Қа­шанда болсын ұмытпауларыңыз керек, ұлан-ғайыр жерімізді батыр бабаларымыз ерліктерімен сақтап қалғанын, олардың аман­атын орындау, абыройлы істерін жалғастыру міндеті енді сіздерде – жас ұрпақта. Ең бастысы, жақсы оқып, кәсіби сержант болып шығуға ұмтылу керек» деді.

Кезінде тұңғыш Әскери ака­демияның басшысы, Қор­ға­ныс министрінің орынбасары, Рес­публикалық ұланның қол­басшысы болған генерал Абай Тас­болатов осы кадеттердің ант қабылдау салтанатында өз сөзімен сарбаздар­ға қанат бітіргендей болды. «Бүгін сіздер бақыттысыздар, – деді ол. – Неге десеңіздер, алғаш рет 1996 жылы Кадет корпусы ашылғанда біздің Әскери академияға Елбасы, Қарулы Күштеріміздің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев келіп, тұң­ғыш оқуға түскен 67 кадетті құт­тықтап, болашақ кіші командир­лерге үлкен сенім артты. Осы күні әскер қатарында Кадет корпусын тәмамдаған 2 мыңнан астам кәсіби сержант бар. Олар жылдан-жылға қарыштап өсуде, әскери дайындықтың дәрежесі жоғары. Сержанттардың ішінде офицер шенін алған командирлер бар. Сіздер Елбасының сенімін ақтап, қызметтеріңізді оңға бас­тыра беріңіздер. Жоғарғы Бас қолбасшы Кадет корпусына бүкіл жағдайды жасауда. Оқу мекемесі заманауи материалдық базамен толық жабдықталған. Мемлекет басшысы көңіл бөлмесе, мұндай көз қуанарлық ел, айбынды әскер болмас еді».

Осы шарада ІІІ дәрежелі «Айбын» орденінің иегері, Кадет корпусының тұңғыш түлегі, Қарулы Күштеріміздің Бас сержанты Темірбек Халықов көпшіліктің алдында сарбаздардың атынан еліміздің тыныштығы мен қауіпсіздігін қорғауға дайын екенін білдірді.

Ант қабылдау рәсімінде сымдай тартылған сарбаздар салтанатты түрде сап түзеп басшылардың, қонақтардың алдынан өтті. Кейіннен кадеттер әскери кәсіби шеберлігін көрсетіп, ата-аналарын қуантты. Мерекелік шара концертпен жалғасты.

Кадет корпусының бастығы, подполковник Талғат Баудинов бізге ойын былай білдірді:

– Біздің Кадет корпусына келетін болсақ, бұл оқу мекемесі 1996 жылғы 1 шілдеде Елбасының Жарлығымен құрылған болатын. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 16 ақ­пан­дағы №257 қаулысы мен Қор­ғаныс министрінің сол жылғы 29 қарашадағы №310 бұйрығы негізінде Кадет корпусына Шоқан Уәлиханов есімі берілді. Кадет корпусы қызметінің негізі Қарулы Күштерімізде сержанттар құрамы лауазымдарында келісімшарт бойынша әскери қызметті өткеру үшін кіші командалық құрам кадрларын даярлау болып табылады. Жалпы, орта білім базасында оқыту – екі жыл. Міне, өткен 17 жылдың ішінде Қарулы Күштерімізге 2 мыңнан астам кәсіби кіші командирлер дайындалды.

Fhv

Мұнда әскери-патриоттық тәрбиеге көп көңіл бөлінеді. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Біздің болашағымыз адам капиталының сапалы өсімінде» – деген болатын. Сондықтан оқу процесіне, тәрбие жұмысына жа­ңа технологиялар мен заманауи тәлім беру үлгілері енгізілуде. Мұның бәрі кадеттердің рухани, моральдық-психологиялық ахуалын сауықтыруға септігін тигізеді. Мақсат – әскерімізге кәсіби сержант дайындау болғандықтан, білімді, денсаулығы мықты, психологиялық жағынан ор­нық­ты, яғни елді қорғауға дайын жас­тар іріктеліп оқу орны­на қа­былданады. Кадеттер үшін барлық жағдай жасалған. Жау­ын­герлік дайындықтан басқа, рухани-адамгершілік тәрбиені дамытуға жағдай жеткілікті. Демалыс күндері кадеттер қаланың мұражайына, мәде­ниет орталығына, мұз айды­нына, кинотеатрға барады. Ка­дет­тердің ішетін тамағының сапасы да жақсы, рационда ұл­ттық тағамдармен бірге, же­міс­тің бірнеше түрі бар. Бір сөз­бен айтқанда, командирлер ка­дет­терді өздерінің балаларындай жылы көзбен қарап, оқытып, тәр­биелеуде.

Жас кадеттермен кездесіп, ой­ларын білмек болғанымда, Ер­нұр Мырзаш былай деді: «Мен Қызылорда облысына қарасты Қа­залы ауданындағы орта мектепті биыл жақсы аяқтадым. Кішкентай кезімнен сарбаз болуды армандаған едім. Міне, полигонда болып, бүкіл алға қойған тапсырмаларды ойдағыдай орындап, бүгін кадет болғаныма қуаныштымын. Қуанышымды атам Мырзаш, туысқандарым Гүлнәр, Қаршыға да бөлісіп отыр. Менің тағы бір атам Жұмаш Ұлы Отан соғысына қатысып, ерлік көрсетіп, бір қолынан айырылған. Бүгін жақын туыс­тарым Айшолпан Жұмашева, Бекзат Нұржанов – Қарулы Күштеріміздің офицерлері. Олар маған үлгі. Мен де кәсіби сержант болуды армандаймын».

Кадет Алексей Трякин: «Ка­дет корпусының кадеті болу үшін мен Тараз қаласының орта мектебінде оқып жүргенде тиянақты дайындалдым. Спортқа да көп көңіл бөліп, спорт шебері атағына ие болдым. Осы оқу орнында да бокс секциясына қатыссам деген ойым бар. Отан қорғаушы ретінде айбынды армиямызда жан-жақты кіші командир болғанымды армандаймын».

Сапарғали ЖАҒЫПАРОВ,

әскери журналист.

Ақмола облысы.

––––––––––––––––––––

Суреттерді түсірген

Руслан АЙТМҰХАМБЕТОВ.

Соңғы жаңалықтар