Медицина • 21 Маусым, 2020

Елдің амандығы – отбасының тыныштығы

491 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Батысқазақстандық дәрігер, мамандығы бойынша анестезиолог-реаниматолог Азамат Ізбасов – Сovid-19 індеті ел шетіне келгелі бері қауіпті дертпен алдымен кездескен маманның бірі.

Елдің амандығы – отбасының тыныштығы

astana.gov.kz

Азамат Бисенбайұлы қызмет ететін Бәйтерек ауданы – Батыс Қазақстан облысының Ресеймен іргелес жатқан өңірі. Ал кешегі карантин аяқталғанға дейін облыста коронавирус диагнозымен тіркелген науқастардың 90 пайызы дәл осы Ресейден келетін. 29 наурызда ашыл­­ған карантиндік-провизорлық ста­ционар жұмысы әлі күнге дейін қай­нап жатыр.

Дәрігерлерге арналған жеке қор­ғаныш құралдары, жабдығы түгел болған күннің өзінде кездесетін қиындықтар бар. Мәселен, дезин­фек­циялық сұйықтарды үнемі пай­да­­ланғандықтан, көп дәрігердің дене­­сінде аллергиялық асқыну, тері бөртпелері пайда болған. Оның үстіне науқастармен үнемі қарым-қа­ты­наста жүргендіктен, вирус жұқ­­тыру қаупі өте жоғары. Мұның психо­­логиялық салмағын да қосып қойыңыз.

Рас, коронавирусқа қарсы кү­ресте жүрген дәрігерлерге мемлекет өтемақысы беріліп жатыр. Бірақ ол толық көлемде төленуі үшін жұмыс сағаты 176 сағаттан кем бол­мауы керек екен. Одан аз болса, сәйкесінше азая береді. Азамат Бисенбайұлының ойынша, бұл жерде әділдік принципі сақталған. Әркім бейнетіне сай зейнетін көреді.

Азамат провизорлық госпитальда екі ай қызмет еткен соң өз еркі­мен сұранып, қалыпты қызметіне ауысты. Қауіпсіздік талаптарына сай бір апта карантинде болып, отбасымен де қауышты-ау.

– Шынымды айтсам, прови­зор­лық стационардағы жұмыс оңай емес. Оның үстіне өмір болған соң аурухананың, қызмет мансабың­ның сыртындағы мәселелер де аз емес. Отбасыңды, балаларыңды сағы­насың. Жеке шаңырағыңның жұмысы, үйдің жөндеуі секілді тұрмыстық шаруалар да ер адамды күтіп тұрады ғой. Сондықтан ма­мырдың соңында бұрынғы қыз­метіме сұрандым, – дейді А.Ізбасов.

Бірақ бұл кеңшілік көпке созылмады. Елде карантин мерзімі аяқталған соң тұрғындарға кеңшілік берілісімен, індет жұқтырғандар саны еселеп артып кетті. Прови­зорлық госпитальдан Азамат Бисен­байұлын іздеушілер көбейді.

– Әріптестерім әуелі «қайтадан келсеңші, бізде қиын болып жатыр» деп хабарласты. Науқастар арасында пневмония, ауыр асқынулар көбейіп кеткен. Әдетте мұндай «тымау толқыны» көктем мен күзде болады ғой. Биылғы жағдай бөлек. Өкпе қабынуына қосалқы дерттер қосылғанда, өмір мен өлімнің нағыз шайқасы басталады. Жағдайды түсіндім. Сонда да болса өзім екі ай ортасында жүрген «қан майданға» қайта түсуден қашқақтап едім. Бас дәрігердің бұйрығы бұлтартпады. Міне, үшінші күн – қайтадан Бәй­терек ауданындағы провизорлық госпитальда қызметте жүрмін, – дейді Азамат.

Есептеп қарасақ, Азамат өз үйін­де он шақты күн ғана болыпты. Дегенмен адамзаттың амандығы отбасыңның да тыныштығы ғой. Елден алабөтен бақытты бола ал­майсың. Таңдап алған кәсібің, берген антың – науқастың ауру жанына шипа табу, дертін жеңуіне көмектесу болса, шегінетін жер жоқ. Азамат Ізбасов мұны анық түсінеді.

 

Батыс Қазақстан облысы