Аймақтар • 19 Маусым, 2020

Қарағанды облысында карантиндік шектеулер күшейтіледі

480 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қарағанды облысында карантиндік шектеулер қайтадан күшейтілетін болды. Алдағы демалыс күндері, яғни 20-21 маусымда сауда-ойын-сауық орталықтары, сауда үйлері, саябақтар, гүлзарлар, жағалаулар, аквапарктер, жағажайлар, азық-түлік және азық-түлік емес базарлар мен фитнес-залдар жабылады, деп хабарлайды Egemen.kz аймақтық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Қанат Асқаровтың мәлімдемесіне сілтеме жасап.

Қарағанды облысында карантиндік шектеулер күшейтіледі

Сонымен қатар облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері тікелей эфирде өңірдегі  туристік аймақтарға кіруге тыйым салынатынын айтты. Ал ол жақтағы адамдар әлеуметтік қашықтықты сақтап, маска киіп жүруі тиіс екенін ескертті Қанат Асқаров.

Сондай-ақ Қанат Асқаров 14 жасқа дейінгі балаларға ересектерсіз үйден шығуға тыйым салынатынын, 65 жастан асқан адамдарға аса қажетсіз көшеге шығуға болмайтынын хабардар етті.

"Барлықтарыңызды осы нұсқамаларды бұлжытпай орындауға шақырамын. Жандарыңызда балалар, жүкті әйелдер, қариялар және созылмалы сырқатпен ауыратын адамдар бар екенін есте ұстаңыздар. Олар COVID-19 індеті бойынша тәуекел тобына кіреді. Өзіңіздің денсаулығыңыз бен жақындарыңыздың өмірі сіздің қолыңызда", – деді Қанат Асқаров.

Сондай-ақ, Қарағанды қаласының әкімі Нұрлан Әубәкіров те тікелей эфирге шығып, індетке қарсы шараларды сақтаудың маңыздылығына тоқталды. Ол қазіргі таңда облыс орталығындағы медициналық мекемелердің өз мүмкіндіктерінің шегінде жұмыс істеп жатқанын атап өтті.

"Эпидемия басталған кезде оған сенетіндердің саны аз болса, қазіргі жағдайда індеттің бар екеніне ешқандай күмән болмауы керек.  Көбіміздің туыстарымыз бен жақындарымыз коронавирус инфекциясын жұқтырды. Сіздерден бетперде, қолғап киіп жүруді, антисептиктерді пайдаланып, адамдар көп жиналатын жерлерден аулақ болуларыңызды өтініп сұраймын. Жақын арада қалыпты өмірге қайта оралуымыз санитарлық нормаларды қаншалықты қатаң ұстануымызға байланысты болмақ", – деді кеншілер астанасының әкімі.

Еске салар болсақ, карантиндік шектеулерді алып тастау коронавирус инфекциясының күнделікті өсімі апта бойы 7 пайыздан аспағанда ғана мүмкін болады.