Кеше Ақтауда “Нұр Отан” ХДП облыстық филиалы құрамындағы бастауыш партия ұйымдар өкілдерінің 1-форумы болды. Онда облыс әкімі, “Нұр Отан” ХДП Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы Қырымбек Көшербаев “Нұр Отан” ХДП Халықтық тұғырнамасын іске асырудағы бастауыш партия ұйымдарының міндеттері туралы баяндама жасады. Филиал төрағасы Елбасының “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” атты Жолдауын жүзеге асыру, оның мән-мағынасын халыққа кеңінен түсіндіру әрбір нұротандықтың, әрбір бастауыш партия ұйымының жіті назарында болуы керектігіне тоқталды. Және де өңірдегі 25 мыңға тарта мүшесі бар 273 бастауыш партия ұйымының атқарып отырған ауқымды жұмыстарын тілге тиек етті.
Форумда “Нұр Отан” ХДП Партиялық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Оңалбек Сәпиев сөз сөйлеп, осындай бас қосулардың партия беделін арттыра түсетіндігін айтты және алдағы ауқымды жұмыстарды жаңа сатыға көтеру жолдары жайлы әңгімеледі. Басқосуда партияның Бейнеу аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Н.Хайруллаев, “Қаражанбасмұнай” бастауыш партия ұйымының төрағасы Б.Түсіпов, т.б. сөйледі.
Ал партияның Ақтау қалалық филиалы “Алатау” бастауыш ұйымының жас мүшелері З.Назурова, А.Королева, Е.Ким, А.Оспанова, А.Серікбаева болса өздерінің тәуелсіз Қазақстанға, Елбасына, ел мен жерге деген ыстық лебіздерін өлең жолдарымен жеткізді. Одан соң әрбір аудан, қалада өткізілген байқаулар қорытындысы бойынша ең үздік бастауыш партия ұйымдарына дипломдар мен бағалы сыйлықтар тапсырылды.
Форумның екінші бөлімінде екі секция жұмыс жасап, бастауыш партия ұйымдары жұмысын одан әрі жетілдіру, партия беделі мен белсенділігін арттыра түсу жөнінде ой-пікірлерін ортаға салды.
Жоламан БОШАЛАҚ.
АҚТАУ.
ПАРТИЯ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ САЙЛАНДЫ
Кеше “Нұр Отан” ХДП Қостанай облыстық филиалының кезектен тыс Х конференциясы болып өтті. Конференция алдымен “Нұр Отан” халықтық-демократиялық партиясы облыстық филиалы саяси кеңесінің құрамынан шыққандардың орнына екі мүшені қайтадан қабылдады. Сонымен қатар “Нұр Отан” ХДП облыстық филиалының бұрынғы төрағасы Ғ.Сағиевтің басқа жұмысқа ауысуына байланысты саяси кеңес бюросы оның орнына жаңа жетекші сайлады.
“Нұр Отан” ХДП облыстық филиалының төрағасы болып Серік Бектұрғанов сайланды. Ол облыс әкімінің орынбасары болып қызмет істейді.
– Серік Шыңғысұлы облыс идеологиясын басқарып отыр, сондықтан “Нұр Отанның” жергілікті жердегі жұмыстарын да шебер үйлестіріп әкетеді деген сенімдемін, – деді партия филиалының жаңа төрағасын құттықтаған облыс әкімі Сергей Кулагин.
Кезектен тыс конференцияға “Нұр Отан” ХДП хатшысы Сергей Громов қатысты.
– Президент алға қойған мақсаттарды партия бағдарламасынан бөліп қарауға болмайды. Қазірде “Нұр Отанның” қоғамдық қабылдауларына адамдар көп баратын болды. Бұл олардың партияға деген сенімін көрсетеді. Қоғамдық қабылдауға келген әр адамның өтінішін, арыз-шағымын мұқият қарап, оның орындалуына, нәтижесінің болуына күш салуымыз керек, – деді Сергей Николаевич. Сонымен қатар, партия хатшысы барлық мәслихаттардағы “Нұр Отан” партиясы фракциясы жұмысының жандануын және депутаттар белсенділігінің артуын да партиялық тапсырманың бірі ретінде қарады. Ал еліміздегі мәслихаттар депутаттарының 95 пайызы – нұротандықтар. Сондықтан депутаттар фракциясы қуатты резерв болып табылады.
Партияның Қостанай облыстық филиалының жаңа төрағасы Серік Бектұрғанов өзіне сенім артқан нұротандықтарға алғыс айтты және алдағы уақытта облыстық филиал игілікті жұмыстардың орталығына айналатынына сендірді.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА.
ҚОСТАНАЙ.