Қазақстан • 19 Маусым, 2020

Елжан Біртанов медицина қызметкерлерін құттықтады

833 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов медицина қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтап, Facebook парақшасында жазды, - деп хабарлайды Egemen.kz

Елжан Біртанов медицина қызметкерлерін құттықтады

"Құрметті әріптестер! Баршаңызды кәсіби мерекеміз – Медицина қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын! COVID-19 пандемиясы кезінде жұқпалы аурулар ауруханасында, провизорлық стационар, жедел медициналық жәрдем станциялары мен жалпы, барлық денсаулық сақтау ұйымдарында медицина қызметкерлері патриоттық сезіммен, жоғары жауапкершілікпен, кәсіби біліктілігін көрсетіп, еңбек етуде.

Қазір сіздер аянбай әр пациенттің өмірін сақтап қалудасыздар. Алдарыңызға көмек сұрап келген адам ғана медицина қызметкерлерінің науқасқа деген ерекше мейірімін, әр пациентке мұқият қарайтынын қасиеті мен шеберлігін көреді, сезеді.
Тәулік бойы, мереке күні де алдыңғы шепте жүрген барлық медицина қызметкеріне шексіз алғыс айтқым келеді.

Қазақстандық дәрігерлердің осындай қиын уақытта басымызға түскен ауыртпалықты жеңе алатынына сенімдімін. Мен бұған қазір әріптестерімнің қолында емделіп жатып тағы көз жеткіздім - олар өз ісінің кәсіби шебері. Баршаңызға мың алғыс!", деп жазды Елжан Біртанов.

Сондай-ақ министр медицина саласындағы оң өзгерістерді атап өтті.

"Соңғы жылдары отандық медицинада көп нәрсе түбегейлі өзгерді: денсаулық сақтау саласында медицина ғылымы мен ақпараттық технологиялар дамуда, жаңа жоғары технологиялық орталықтар салынды. Жақында ғана ең қысқа мерзімде, 2 апта ішінде еліміздің үлкен мегаполистерінде жұқпалы аурулар ауруханасын салдық.

Ауруханалар мен емханаларды жабдықтау айтарлықтай жаңартылды, жоғары технологиялық медициналық көмектің қолжетімділігі өсті.

Қазір халық денсаулығы туралы Кодекс Мемлекет басшысының қол қоюына жіберілді, құжатта Президенттің тапсырмасы бойынша қоғамда медицина қызметкерінің мәртебесін арттыру, құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі нормалар бар. Бұл барлығымыз үшін, ең алдымен біздің азаматтарымыздың денсаулығын қорғау үшін үлкен қадам және жетістік деп сеніммен айта аламын.

Осы өзгерістердің барлығы сіздердің еңбектеріңіз, әріптестер! Тағы да атап өткім келеді, қазір ең бастысы – елімізде пандемияға қарсы күресті жалғастыру қажет, ал біз бірге міндетті түрде жеңеміз!

Сіздердің адал еңбектеріңізді жоғары бағалаймыз және оның қадірін білеміз. Қызметтеріңізге табыс, болашаққа сенім мен отбасыларыңызға амандық тілеймін! Өздеріңізге сақ болыңыздар. Дендеріңіз сау болсын!", деп жазды Елжан Біртанов.