09 Қазан, 2013

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы № 663

293 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

«Республикалық бюджет жобасын әзірлеу ережелерін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2009 жылғы 26 тамыздағы №861 Жарлығына өзгеріс енгізу туралы

 

«Республикалық бюджет жобасын әзірлеу ережелерін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2009 жылғы 26 тамыздағы №861 Жарлығына өзгеріс енгізу туралы

Қаулы етемін:

1. «Республикалық бюджет жобасын әзірлеу ережелерін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2009 жылғы 26 тамыздағы № 861 Жарлығына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2009 ж., №36, 342-құжат) мынадай өзгеріс енгізілсін:

жоғарыда көрсетілген Жар­лық­пен бекітілген Республикалық бюджет жобасын әзірлеу қағидалары осы Жарлыққа қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

2. Осы Жарлық алғашқы ресми жарияланған күнiнен бас­тап қолданысқа енгiзiледi.

Қазақстан Республикасының Президентi Н.НАЗАРБАЕВ.

Астана, Ақорда, 2013 жылғы 7 қазан. № 663.

Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2013 жылғы 7 қазандағы № 663 Жарлығына қосымша

Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2009 жылғы 26 тамыздағы №861 Жарлығымен бекiтiлген

Республикалық бюджет жобасын әзiрлеу

ҚАҒИДАЛАРЫ

1. Жалпы ережелер

1. Республикалық бюджет жобасын әзiрлеудің осы қағидалары (бұдан әрi – Қағидалар) 2008 жылғы 4 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Бюджет кодексiне сәйкес әзiрлендi және республикалық бюджет жобасын әзiрлеу тәртiбiн айқындайды.

2. Республикалық бюджет жобасын әзiрлеу процесі мынадай кезеңдердi:

1) Қазақстан Республикасының әлеуметтiк-экономи­калық даму болжамының жобасын әзірлеуді және оны Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң мақұлдауын;

2) орталық мемлекеттiк органдардың стратегиялық жоспарларының жобаларын немесе стратегиялық жос­парларына енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың жобаларын, стратегиялық жоспарлар әзірлемейтін бюд­жет­тік бағдарламалар әкімшілерінің бюджеттік бағдарла­ма­ларының жобаларын, бюджеттiк өтiнiмдердi әзiрлеуді және оларды Республикалық бюджет комиссиясының қарауын;

3) республикалық бюджет туралы заң жобасын әзiр­леудi қамтиды.

2. Қазақстан Республикасының әлеуметтiк-экономикалық даму болжамының жобасын әзiрлеу

3. Қазақстан Республикасының әлеуметтiк-экономикалық даму болжамын мемлекеттiк жоспарлау жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган әзiрлейдi.

4. Қазақстан Республикасының әлеуметтік-эконо­ми­калық даму болжамын әзірлеу тәртібін Қазақстан Респуб­ликасының Үкіметі айқындайды.

3. Орталық мемлекеттiк органдардың стратегиялық жоспарларының жобаларын немесе стратегиялық жоспарларына енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың жобаларын әзірлеу, стратегиялық жоспарлар әзірлемейтін бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің бюджеттік бағдарламаларының жобаларын және бюджеттік өтінімдерді әзірлеу

5. Бюджет шығыстарын жоспарлау үшін республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға ағымдағы қаржы жылының 15 мамырына дейінгі мерзімде стратегиялық жоспарлардың жобаларын немесе стратегиялық жоспарларға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың жобаларын және бюджеттiк өтінімдерді ұсынады.

Стратегиялық жоспарлар әзір­лемейтін республикалық бюджеттік бағ­дарламалардың әкімшілері мемле­кеттік жос­парлау жөніндегі орталық уәкілетті органға бюджеттік өтінімдерді және бюджеттік бағдарламалардың жобаларын ұсынады.

6. Мемлекеттік жоспарлау жө­нін­дегі орталық уәкілетті орган айқын­даған тәртіппен тиісті жоспарлы кезеңге ар­налған республикалық бюджеттiк бағдарламалар әкiм­шi­лерiнің бюджеттік өтінімдерін қарау кезінде мыналар:

1) өткен қаржы жылындағы бюд­жет­тік бағдар­лама­лардың атқары­луын талдау және оларды келесі жос­парлы кезеңге арналған бюджет­тік өтінімде ұсынылған бюджеттік бағ­дарламалардың сомаларымен салыстыру арқылы өткен қаржы жылы үшін республикалық бюджеттің атқа­рылу нәтижелері, әрбір бюджеттік бағдар­лама бойынша бюджеттік қаражаттың игерілмеуіне әкеп соқтырған себептер;

2) республикалық бюджеттік бағ­дар­ламалардың әкім­шілері ұсын­ған есепті қаржы жылы үшін стра­тегия­лық жоспарлардың іске асырылуы туралы есептер және бюджеттік бағдарламалардың нәтижелеріне қол жет­кізу бөлігінде бюджет қаражатын басқару бойынша мем­ле­кеттік органдар қызметінің тиімділігін бағалау нәтиже­лері;

3) республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкім­шілері өтінім берген шығыстарды оның негізділігі тұрғысынан қарау бөлігінде өткен қаржы жылы үшін республикалық бюджеттің атқарылуы туралы Қазақ­стан Республикасы Үкіметінің есебіне Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті берген қорытындылар мен ұсынымдар ескеріледі;

4) жаңа бюджеттік инвестициялық жобалар бойынша жобаның өтімділігі, жоба аяқталғаннан кейін оны ұстауға арналған шығыстардың негіздемесі, жалғасатын бюджеттік инвестициялық жобалар бойынша – бюджеттік инвестициялық жобаны іске асыру мониторингінің нәтижелері қаралады;

5) бюджеттік кредиттер бойынша кредиттік шарт талаптарын орындау және бюджеттік кредиттің нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылуы ескеріледі;

6) шешілуіне нысаналы трансферттер бойынша келісім жобаларында көзделген нысаналы трансферттер бөлінетін, нысаналы трансферттер бойынша мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізуді талдау ескеріледі.

7. Мемлекеттiк органның стратегиялық жоспары Қазақ­стан Республикасының стратегиялық және бағдарла­малық құжаттарының, әлеуметтік-экономикалық даму бол­жа­мының негізінде әр үш жыл сайын бес жылдық кезеңге әзірленеді.

8. Республикалық бюджет шығыстары базалық шығыс­тарға және жаңа бастамаларға арналған шығыстарға бөлi­недi.

Тұрақты сипаттағы шығыстар, күрделi шығыстар, сон­дай-ақ бюджеттен қоса қаржыландыру жағдайларында басталған (жалғасатын) бюджеттiк инвестициялық жобаларға және концессиялық жобаларға арналған шығыстар базалық шығыстар болып табылады.

Мемлекеттiк функцияларды, өкiлеттiктердi орындауға және мемлекеттiк қызметтер көрсетуге, сондай-ақ транс­ферттер төлеуге және мемлекеттiң басқа да мiндет­темелерiне байланысты шығыстар тұрақты сипаттағы шығыстар болып табылады.

Жаңа бастамаларға арналған шығыстарға:

1) кейiннен жаңа бюджеттiк бағдарламалар бойынша қаржыландырылатын стратегиялық және бағдарламалық құжаттарға сәйкес әлеуметтiк-экономикалық дамудың жаңа басым бағыттарын iске асыруға;

2) макроэкономикалық және әлеуметтiк көрсет­кiш­тердiң өзгеруiне байланысты емес және қолданыстағы бюджеттiк бағдарламалар шеңберiнде бюджет қаража­тын жұмсаудың қосымша бағыттарын (орындалатын мем­лекеттiк функциялардың, өкiлеттiктердiң және көрсе­тiлетiн мемлекеттiк қызметтердiң көлемiн кеңейтудi) көз­дейтiн базалық шығыстарды ұлғайтуға бағытталған шы­ғыстар жатады.

9. Республикалық бюджеттің базалық шығыстарға және жаңа бастамаларға арналған шығыстарының көлемiн республикалық бюджеттiк бағдарламалардың әкiмшiлерi арасында мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органның ұсыныстары негiзiнде Республикалық бюджет комиссиясы бөледi.

Базалық шығыстар, шығыстардың қолданыстағы құрылымы мен болжамды макроэкономикалық көрсеткiштер негiзiнде есептелген кезектi жоспарлы кезең­нiң үшiншi жылына арналған болжамды көлемдерін қоса отырып, ағымдағы жоспарлы кезеңнiң екiншi және үшiн­шi жылдары шығыстарының бекiтiлген көлемiнің негiзiнде айқындалады.

Жаңа бастамаларға арналған шығыстар стратегиялық және бағдарламалық құжаттарда белгiленген елдiң даму басымдықтары, есептi қаржы жылының бюджеттiк мони­торингi нәтижелерi, есептi қаржы жылында стратегиялық жоспарды iске асыру туралы есептер, нәтижелердi бағалау ескеріле отырып, республикалық бюджеттiк бағдарламалар әкiмшiлерiнiң арасында бөлуге жатады.

10. Бюджеттiк бағдарламалар әкiмшiсiнiң жаңа бас­тамаларына арналған шығыстарды жоспарлау қосымша бюджет қаражатын бөлу есебiнен де, алдыңғы жоспарлы кезеңде республикалық бюджет туралы заңда бекiтiлген осы бюджеттiк бағдарламалар әкiмшiсiнiң базалық шығыстары қаражатын қайта бөлу есебiнен де жүзеге асырылады.

11. Егер жекелеген бюджеттiк бағдарламалар бойынша мұның алдындағы жоспарлы кезеңнiң екiншi және үшiншi жылдарының шығыстар сомасы республикалық бюджет туралы заңда осы бағдарламалар бойынша бекiтiлген сомамен салыстырғанда өзгермейтiн болса, онда осы бағдарламалар (кiшi бағдарламалар) бойынша шығыстардың түрлерi бойынша есептеулер жасалмайды.

Осы бағдарламалар бойынша шығыстардың түрлерi бойынша есептер үшiншi жылға ғана жасалады.

Егер жекелеген бюджеттiк бағдарламалар бойынша мұның алдындағы жоспарлы кезеңнiң екiншi және (немесе) үшiншi жылдарының шығыстар сомасы респуб­ликалық бюджет туралы заңда осы бағдарламалар бойынша бекiтiлген сомамен салыстырғанда өзгеретiн болса, онда шығыстардың түрлерi бойынша есептеулер осы бағдарламалар (кіші бағдарламалар) бойынша жоспарланатын жоспарлы кезеңнің жылдары бөлiнiсiнде жасалады және ұсынылады.

12. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкі­летті орган есепті қаржы жылындағы бюджеттің атқары­луын талдау нәтижелерін ескере отырып:

1) стратегиялық жоспарлар жобаларын немесе стра­тегиялық жоспарларға енгізілетін өзгерістер мен толық­тырулар жобаларын олардың стратегиялық және бағ­дарламалық құжаттарға, елдің әлеуметтік-экономикалық даму болжамына, Қазақстан Республикасының бюджет және өзге де заңнамасына сәйкестігі тұрғысынан;

2) бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің бюджеттiк өтiнiмдерiн олардың Қазақстан Республикасының бюджет және өзге де заңнамасына, әлеуметтiк-экономикалық даму болжамына, қолданыстағы заттай нормаларға және стратегиялық жоспарлар жобаларына немесе стратегиялық жоспарларға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар жобаларына сәйкестігі тұрғысынан;

3) стратегиялық жоспарлар жобаларының немесе стратегиялық жоспарларға енгізілетін өзгерiстер мен толықтырулар жобаларының құрамында ұсынылған бюджеттік бағдарламалардың көрсеткіштерін олардың стратегиялық мақсаттармен, стратегиялық бағыттардың міндеттерімен өзара байланысы тұрғысынан;

4) стратегиялық жоспарлар әзірлемейтін бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің бюджеттік бағдарламалары жобаларында ұсынылған нәтижелілік пен тиімділік көрсеткіштерін олардың бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің функцияларына, өкілеттіктеріне, қызметінің бағыттарына сәйкестігі тұрғысынан қарайды.

13. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкі­лет­ті орган стратегиялық жоспарлар жобаларын неме­се стратегиялық жоспарларға енгізілетін өзгерiс­тер мен толықтырулар жобаларын, бюджеттік өтінім­дерді, стратегиялық жоспарлар әзірлемейтін бюджет­тік бағдарламалар әкімшілерінің бюджеттік бағдарла­ма­ларының жобаларын қарау қорытындылары бойынша бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің шығыс­та­ры бойынша қорытындылар қалыптастырады және Респуб­ликалық бюджет комиссиясының қарауына жібереді.

Республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілері мен мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган арасындағы келіспеушіліктерді Республикалық бюджет комиссиясы қарайды.

Республикалық бюджет комиссиясы осы Қағидалардың 14 және 15-тармақтарында көрсетілген материалдарды қарайды және олар бойынша ұсыныстар тұжырымдайды.

14. Республикалық бюджет комиссиясы мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган қарауға дайындаған материалдарды Республикалық бюджет комиссиясының жұмыс органы жасайтын және Республикалық бюджет комиссиясының төрағасымен келісілетін жоспар-кестеге сәйкес қарайды. Республикалық бюджет комиссиясының төрағасымен келісілген жоспар-кесте республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілеріне жеткізіледі.

15. Республикалық бюджеттiк бағдарламалардың әкiмшiлерi Республикалық бюджет комиссиясының ұсыныстарына сәйкес мемлекеттік жоспарлау жөнiндегi орталық уәкiлеттi органға ағымдағы қаржы жылының 1 тамызына дейiнгi мерзiмде пысықталған бюджеттiк өтiнiмдердi, стратегиялық жоспарлар жобаларын немесе стратегиялық жоспарларға енгізілетін өзгерiстер мен толықтырулар жобаларын ұсынады.

Стратегиялық жоспарлар әзiрлемейтiн республикалық бюджеттiк бағдарламалардың әкiмшiлерi мемлекеттік жос­парлау жөнiндегi орталық уәкiлеттi органға ағымдағы қаржы жылының 1 тамызына дейiнгi мерзiмде пысықталған бюджеттiк өтiнiмдер мен бюджеттiк бағдарламалар жобаларын ұсынады.

4. Республикалық бюджет туралы заң жобасын әзiрлеу

16. Республикалық бюджетті мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган жыл сайын жоспарлы кезеңге әзірлейді және оны Республикалық бюджет комиссиясының қарауына енгiзедi.

17. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган Республикалық бюджет комиссиясының респуб­ликалық бюджет жобасы бойынша ұсыныстары негiзiн­де республикалық бюджет туралы заңның жобасын әзiрлейдi және ағымдағы қаржы жылының 15 тамызынан кешiктiрмей оны Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қарауына ұсынады.

18. Республикалық бюджет туралы заңның жобасы Қа­зақстан Республикасы Бюджет кодексiнiң 13-бабында көзделген бюджет құрылымына сәйкес Қазақстан Рес­публикасы Бюджет кодексiнiң 71-бабында көзделген талаптар ескеріле отырып әзiрленедi.

19. Қазақстан Республикасының Үкiметi рес­пуб­ликалық бюджет туралы заңның жобасын ағымдағы қаржы жылының 1 қыркүйегiнен кешiктiрмей Қазақстан Республикасының Парламентiне енгiзедi.

Қазақстан Республикасының Үкiметi республикалық бюджет туралы заңның жобасымен бiр мезгiлде мынадай құжаттар мен материалдарды:

1) республиканың әлеуметтiк-экономикалық даму болжамын;

2) орталық мемлекеттiк органдардың стратегиялық жос­парларының жобаларын немесе стратегиялық жос­парларға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың жобаларын;

3) стратегиялық жоспарлар әзірлемейтін бюджет­тік бағдарламалар әкімшілерінің бюджеттік бағдарла­маларының жобаларын;

4) мемлекеттiк және мемлекет кепiлдiк берген борыштың соңғы есептi күнгi жай-күйi туралы деректердi;

5) бюджеттік бағдарламалардың бюджеттік кіші бағдарламалары бөлінісінде бюджет қаражатының жұмсалу бағытын нақтылайтын ақпаратты және рес­пуб­ликалық бюджеттің жобасына енгiзiлген шешiмдердi ашып көрсететiн түсiндiрме жазбаны ұсынады.

Соңғы жаңалықтар