Жалпы, Алматыдағы жекпе-жекте тек қазақстандық боксшылар жұдырықтасады. Мәселен, басты жекпе-жекте шаршы алаңда әлі ешкімнен жеңілмеген қазақтың екі мықтысы – Дәурен Елеусінов пен Арман Рысбек бақ сынасады. Екеуінің де әуесқойлар арасында қол жеткізген табыстары елеулі. Бір қызығы, әуесқой бокста олар бір-бірімен екі жекпе-жек өткізіп, екеуі де бір-бір мәрте жеңіске жеткен.
Сондай-ақ жуырда ғана кәсіпқой боксқа ауысқан жасөспірімдер арасындағы Олимпиаданың күміс жүлдегері Талғат Шәйкен кәсіпқой бокста бес жекпе-жек өткізіп, барлығын жеңіспен аяқтаған Берікбай Нұрымбетовпен, ал Азия чемпионы Тұрсынбай Құлахмет Сағадат Рақманқұлмен жұдырықтасады. Сағадат бүгінге дейін алты рет шаршы алаңға шығып, төрт рет жеңіске жетіп, екі рет жеңілген.
Төртінші жұпта Сапарбай Айдаров пен Абай Төлеш кім мықтыны анықтайды. Екеуі де өте тәжірибелі боксшылар. Әуесқой бокста С.Айдаров 2013 жылы 75 килода ел чемпионы атанса, А.Төлеш те осы салмақта 2017 жылы топ жарған. Кәсіпқой рингте Абай бес кездесу өткізіп, барлығында үстемдік танытты. Сапарбай да жеңілістің кермек дәмін татқан емес. Төрт жекпе-жектің екеуінде ол қарсыласын нокаутқа жіберді.