Жобалаушылардың идеясы бойынша, "Арбат" жаяу жүргіншілер жолы "Көне Тараз" кешені мен Қарахан баба кесенесін байланыстырады. Мұнда жалпы ауданы 2,5 гектарды құрайтын ұзындығы 320 метрлік сазды субұрқақ іске қосылады. Сондай-ақ, сегіз түрлі ағаштың 160-тан астам көшеті отырғызылып, жарықтандырылу жүргізіледі. Көне шаһардың келбетін арттыру үшін орындықтар мен беседкалар орнатылады. Сонымен қатар, 18 мың шаршы метрге өрнектастар төселеді. Мұндағы жұмысқа барлығы 50 адам тартылған және олардың орташа жалақысы 100 мың теңгені құрайды.
Мердігер ұйымның директоры Еркебұлан Егізбаевтың айтуынша, нысанды мерзімінен бұрын тапсыру көзделуде екен. Яғни, нысан шілде айының соңында тапсырылады деп күтілуде. Бүгінгі таңда жұмыстың 50 пайыздан астамы аяқталған. Жаяу жүргіншілер аллеясының жанына сауда павильондарын салу жоспарланған. Тараз қаласында өткен ғасырдың басында салынған "Әулие-Ата" мешітін қайта қалпына келтіру жұмыстары да қолға алынуда. Бұл жұмыстар бюджеттен тыс қаражаттар есебінен атқарылуда.
Сондай-ақ, Бердібек Сапарбаев "ATHLETIC" көпфункционалды спорт кешенінде де болды. Кешеннің барлық бөлмелері автономды жылыту, ыстық және салқын сумен қамтылған. Келушілер үшін душ, киім ауыстыратын және жуынатын бөлмелері бар. Мұнда футбол, волейбол, бокс, күрестің барлық түрлері, дзюдо, таэквондо, ауыр атлетика, армрестлинг және тағы да басқа спорт түрлері бойынша жаттығуға болады. Сонымен қатар, Бердібек Сапарбаев Тараз қаласы, "Салтанат" ықшамауданындағы №19, 20, 22, 23 көппәтерлі тұрғын үйлерді жаңғырту жұмыстарының сапасын тексерді. Мұнда әкім жергілікті тұрғындармен кездесті. Облыс әкімі Мемлекет тұрғындардың үйін жөндеуге қомақты қаржы бөліп отырғанын, енді тұрғындар тарапынан да ортақ жауапкершілік болуы қажеттігін, тұрғын үйдің жағдайын өздерінің де бақылауда ұстауы керектігін айтты.
Жалпы, Тараз қаласында 797 көппәтерлі тұрғын үй жаңғырту жұмыстарын қажет етеді. Ағымдағы жылы бюджет қаражаты есебінен жалпы құны 3,4 миллиард теңгеге 80 тұрғын үйді жаңғырту жоспарланған. Сонымен қатар, 24 тұрғын үйде 1,1 миллиард теңгеге тиісті жұмыстар басталады. Қаражат бұл мақсатқа 7 жылға дейінгі мерзімге 0,1 пайыздық мөлшерлемемен қайтарымды негізде бөлінген.
Жамбыл облысы