Аймақтар • 22 Маусым, 2020

Қостанай облысы ПД музейінде "Ерлік" бұрышы ашылды

793 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қостанай облысының полиция департаменті музейінде қызметтік борышын орындау барысында ерлікпен қаза тапқан Дархан Базарбаевқа арналған Ерлік бұрышы ашылды, - деп хабарлайды Egemen.kz.

Қостанай облысы ПД музейінде "Ерлік" бұрышы ашылды

Полиция сержанты биыл қаңтар айының 18-нен 19-на қараған түні қызметтік борышын атқару үстінде қаскөйдің қолынан мерт болған еді. Отбасылық жанжалдың нәтижесінде өз туыстарына қауіп төндірген 28 жастағы Тобыл қаласының тұрғыны шақырту бойынша барған Дарханға  пышақ ұрып алған. Қапыда жүрек тұсынан жарақат алған қайсар азамат санаулы минут ғұмыры қалғанына қарамастан, қаскөйді байлап-матап, отбасына төнген қауіптің алдын кеседі. Оқиға орнына келген жедел жәрдем полиция сержантының өміріне араша тұра алмады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен қызметтік борышын атқару барысында ерлік пен жанқиярлық көрсеткенДархан Базарбаев ІІІ дәрежелі "Айбын" орденімен марапатталды.

А

"Дархан Базарбаевтың жарқын бейнесі ерліктің, қайсарлық пен азаматтықтың үлгісі ретінде жүрегімізде мәңгі қалды. Ол Қазақстан полициясының даңқты дәстүрлерін жалғастырды, қызметтік борышына деген адалдықтың үлгісін көрсетті", - деді Қостанай облысы ПД бастығының орынбасары полиция полковнигі Ардақ Ынтықбаев.

Департамент мұражайында Ғазиз Байтасов,Медет Досымханов сынды ержүрек полиция қызметкерлеріне арналған стендтер қойылған. Онда тәртіп сақшыларының ерлік істері, өмірбаяндары жазылған және марапаттары сақталған.

 

 

Қостанай облысы