Аймақтар • 22 Маусым, 2020

Тараздың бірқатар нысандарында санитарлық талап орындалмай тұр

361 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Тараздың бірқатар нысандарында санитарлық талап орындалмай тұр, - деп хабарлайды Egemen.kz.

Тараздың бірқатар нысандарында санитарлық талап орындалмай тұр

Елімізде карантин талаптары енгізілгелі бері Тараз қаласында да тиісті нысандар жұмысын тоқтатқан болатын. Бірінші кезекте адамдардың денсаулығы мен қауіпсіздігі басты назарға алынып, көптеген жерлер қашықтықтан жұмыс істеуге тәртібіне көшкен. Кейіннен карантин талаптары толық алынбаса да, біршама жеңілдетіліп, тиісті нысандарға жұмысын қайта бастауға рұқсат берілді. Дегенмен, бүгінгі таңда Тараз қаласы бойынша жұмысын қайта бастаған кейбір сауда орындары мен қоғамдық тамақтану нысандарында санитарлық талаптар толық сақталмай отыр. Бүгінде біріне жан қайғы болса, біріне мал қайғы болып тұр. Бірі қауіпті науқасты жұқтырып, денсаулығымен әлек боп жүрсе, енді бірі табыс табудың соңына түсіп, талаптарды сақтауды ұмыт қалдырған.

Санитарлық талаптарды мейлінше сақтау керектігін ескертіп келген мамандар енді тиісті нысандарға айыппұл салуға кірісті. Карантин талаптарына байланысты көне шаһарда рейд жұмыстары жүргізіліп, талапқа сай болмаған бірқатар нысандарға арнайы хаттамалар толтырылды. Бұл орайда Тараз қаласы әкімінің орынбасары Асхат Есенғалиев және полиция қызметкерлері мен тауарлар мен қызметтердің сапасын және қауіпсіздігін бақылау басқармасының мамандары қаладағы сауда орындары мен тамақтану нүктелерін аралады. Нәтижесінде, көптеген кемшіліктер анықталған. Тіпті шаһар тұрғындарының өзі коронавирус дейтін қауіпті індетке жауапсыз қарап, Таразда індеттің көбеюіне жол ашып отыр екен. Бір кеште ғана жүргізілген рейд барысында Тараз қаласы бойынша 8 заңбұзушылық тіркелген. "Мәселен, рейд барысында облыс орталығындағы "Сәлем" кафесі қызметкерлерінің медициналық қолғапсыз қызмет көрсетіп жүргендігі, келушілердің жағдайы мен медициналық маскаларының тексерілмейтіндігі анықталды. Жалпы, қалада санитарлық талаптардың толық орындалмай отырғандығына көз жеткізді", дейді қала әкімінің орынбасары.

Сонымен қатар, Тараз қаласына қарасты "За линией" аймағындағы азық-түлік дүкендері мен көлік жуу орындарында да заңбұзушылықтар орын алған. Сондай-ақ, "Loto club" ойын-сауық мекемесінің әкімшілігі хаттаманы рәсімдеуден бас тартқан. Бұл ретте Тараз қаласының әкімі Айтқазы Қарабалаев кезекті брифинг кезінде тұрғындарға және кәсіпкерлерге азаматтардың тәртібі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажеттігіне байланысты шектеулерге түсіністікпен қарауды сұраған болатын. Себебі, бүгінгі таңда коронавирус індетін жұқтырғандар саны Жамбыл облысында 600-ге жетсе, оның басым бөлігін Тараз қаласы құрап отыр. Күн санап көбейіп келе жатқан індеттің беті қауіпті. Сондықтан да әрбір жекелеген тұрғындардан бастап, түрлі нысандардың иелері мен қызметкерлерінің де санитарлық талаптарды қатаң сақтағаны дұрыс-ақ. "Атап айтқанда, қоғамдық тамақтану орындарына келушілер саны 50 адамға дейін болуы керек. Мұндай нысандардың жұмыс уақыты түнгі сағат 22:00-ге дейін шектелген. Ал, жұмыс істеп жатқан бизнес субъектілері қатаң талаптарды сақтауы керек", дейді Асхат Есенғалиев.

"Ауру батпандап кіріп, мысқалдап шығады" деген сөз бар. Коронавирус індетінің қауіпті екенін сала мамандары айтып та, жазып та жүр. Сондықтан бүгінгідей жағдайда карантин талаптарын сақтаудың маңызы зор. Бұл жерде бірінші кезекте табыс емес, тағдыр тұрғаны абзал. Бүгінде Тараз қаласының көшелерінде инфекцияның таралуын болдырмау мақсатында күн сайын жаппай дезинфекциялық жұмыстары жүргізілуде. Соңғы екі күннің өзінде мамандар арнайы 9 бірлік техниканы пайдалана отырып, 2 миллион 175 мың шаршы метр жерді залалсыздандырған. Оның ішінде 67 көше, түрлі әлеуметтік нысандардың аумақтары, балалар алаңдары, саябақтар сияқты орындар бар. Бірақ, карантин талаптарын сақтауды әрбір адам өзінен бастамаса, жұмыс істеп тұрған нысандар адамдардың денсаулығына бей-жай қарайтын болса, күн сайын жүргізіліп жатқан дезинфекцияның да, облыс деңгейінде қабылданып жатқан шаралардың да пайдасы шамалы.

Е

 

Жамбыл облысы

 

Соңғы жаңалықтар