Коронавирус • 23 Маусым, 2020

Науқастар саны 27 мыңнан асты

590 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің ақпа­раттық алаңында коронавирус жағдайына байланысты баспасөз мәсли­хаты өтті. Іс-шараға Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсау­лық сақтау ұлттық орталығы Жұқпалы аурулардың алдын алу депар­таментінің директоры Жұмабек Бекенов, Нұр-Сұлтан қаласы қоғам­дық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова, Зерт­ханалық қызмет бойынша Денсаулық сақтау министрінің кеңесшісі Жанар Сүлейменова қатысты.

Науқастар саны 27 мыңнан асты

Жиын барысында Жұмабек Бекенов еліміздегі симптомды және симптомсыз науқастар саны 27 мыңнан асқанын атап өтті.

«Қазіргі таңда елімізде 27 541 COVID-19 жағдайы тіркеліп отыр. Оның симптомсыз түрі – 9 809 адамда, симптомды түрі – 17 732 адамда. Соңғы тәулікте 1 471 ауру тіркелді, оның 507-і – симптоммен, 964-і – симптомсыз. Қайтыс болғандар саны – 126 науқас. 10 962 адам немесе ауырғандардың 62 пайызы сырқаттан жазылып шықты. Еліміздің барлық стационарлық карантинінде – 1 868 адам, үй карантинінде – 11 563 адам жатыр. COVID-19-бен ауырып, ауруханада жатқан науқастар саны – 8 052, КВИ жұқтырып, амбулаториялық бақылауда 8 472 адам тұр», деді Ж.Бекенов. 

Сәуле Қисықова елордадағы эпидемиялық жағдайға тоқталып,  медициналық ұйымдардағы кереует­тердің қосымша санын қайта қарастыру арқылы 825-ке дейін жеткенін айтты.

«Бүгінде қалада 3348 коронавирус инфекциясы тіркелді, соның ішінде өткен аптада 587 жағдай тіркелген еді. Бұл алдыңғы аптаға қарағанда 21 пайызға көп. Күнделікті өсім – 3 пайыз. 2291 науқас жазылып шықты. Бүгінгі күні ауруханада 2600 науқас жатыр. Алдыңғы аптамен салыстырғанда 3 есеге өскен. Оның ішінде пневмония­мен ауыратындардың саны 92 па­йызды құрайды. Бүгінде ауруханадағы 126 емделушінің жағдайы тұрақты. 50 науқас немесе 40 пайыз өкпе жасанды желдету аппаратына қосылған. 12 маусымнан бастап медициналық ұйымдардағы кереуеттердің қосымша саны қайта қарастыру арқылы 825-ке дейін жетті. Төсек орын 53 пайызға дейін ұлғайтылды. Айта кететін тағы бір жайт, елордада жедел жәрдем базасындағы колл-орталыққа жүгінушілер саны күрт өсті. Колл-орталыққа хабарласатындар саны 3-4 есеге дейін артты. Өткен тәулікте 3 800 қоңырау тіркеліп, 2 728 адамға қызмет көрсетілді. Мұнда да 2,5 есе өсім байқалады. Инфекциялық және провизорлық стационарларды оттегі концентраттарымен және өзге де медициналық құралдармен жабдықтау жұмыстары жүріп жатыр. Барлық меди­циналық ұйымдар жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілген. Дәрі­лік препараттар да жеткілікті көлем­де бар», деді C. Қисықова.

Сонымен бірге ол қаланың санитар­лық дәрігерінің шешіміне сәйкес, 23 мау­сымда Нұр-Сұлтан қаласында барлық балабақшаның жұмысы меншік нысанына қарамастан (мемлекеттік және жекеменшік) және емханалардағы науқастарды жоспарлы қабылдау мен қарау тоқтатылатынын тілге тиек етті.

«Оның ішінде ересектер мен балаларды профилактикалық қабылдау, скринингтер, жоспарлы стоматология­лық, оңалту қызметтері, денсау­лық мектебі, медициналық-әлеумет­тік қолдау, МӘС құжат рәсімдеу, күндізгі бөлімнің жұмысы, жоспарлы түрде ауруханаға жатқызуға жолдама беру, тәулік бойғы және күндізді стационар бар. Мамандардың жоспарлы кон­суль­тациялық көмек көрсетуі онлайн форматқа ауыстырылады. Диспансер­лік тіркеуде тұрған азаматтарға қажетті рецепт онлайн беріліп, дәрі-дәрмек үйге дейін жеткізіліп беріледі. Халықты вакцинациялау екпенің ұлттық күнтізбесі бойынша жоспарлы түрде жүргізіледі. Жүкті әйелдерді қабылдау, УДЗ скрининг жүргізу штаттық режімде қалады», деді С.Қисықова.