Елбасы • 23 Маусым, 2020

Сарабдал саясаткер

241 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Бұл мақаланың жазылуына түрткі болған әрі шабыттандырған басты себеп Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен Қазақстан Республикасының 30 жылдағы жан-жақты өрлеуі мен дамуындағы жетістігіне деген терең таңданыс сезімі еді.

Сарабдал саясаткер

Дербестіктің алғашқы жылдары Елбасына бұрынғы Кеңес Одағынан тәуелсіздігін алған өз еліне және аймақ елдеріне төнген өтпелі кезең қиыншылықтарын жеңу мен жаңа тұрпатты мемлекет құру үлесі тиген болатын. Осы аймақтың өзге мемлекеттері сол кезеңнің ауыртпалықтарын жеңе алмай, оны әлі де басынан өткеріп жатқан уақытта, Қазақстан қиындықты еңсеріп қана қоймай, заманауи мемлекет құрудың үлгі­сін дер кезінде ұсына білді.

Қазақстанның азаматтық қо­ғам өмірінде байқалатын тұрақ­тылық пен қоғамдық дамуға қол жет­кізудегі оның жетістігін ай­ғақ­тайтын тағы бір дерек назар аудартады. Дәлірек айтсақ, Н.На­зарбаев бастаған ел әлемнің көптеген мем­лекеттерінде орын алған қилы қақ­тығыстар мен ки­кіл­жіңдерге себепші болған идео­логиялық және конфессиялық айыр­ма­шы­­­лықтармен сабақтас ғалам­дық және аймақтық оқиғалардың те­ріс ықпалына ұшырамады. Ке­рі­сінше, қазақ қоғамы 120-дан астам түрлі этностан құралса да, барша діни наным-сенімдердің айырмашылығына, олардың күл­лі ерекшеліктеріне, қауіп-қа­тер­­лер мен қайшылықтарға қа­ра­мастан, бейбіт өмір сүру ісін­де орасан зор жетістіктерге қол жеткізді. Қазақстан өмірінде елдің қоғамдық өмірінің мазмұнын байы­туға  ықпалдасатын белгі­лі бір мағынадағы мәдени плюра­лизм салтанат құрды. Бұған Н.На­­зарбаевтың бастамасымен 17 жыл бойы елорда төрінде өтіп ке­ле жат­қан Әлемдік және дәс­түр­лі діндер лидерлері съезінің сал­мақты үлесін ауыз толтыра айту­ға болады.

Қазақстанның азаматтық қо­ғам құрудағы және мәдениетті да­­мытудағы жетістігі айрықша си­­пат алғандықтан, көптеген зерт­теушілердің қазақстандық тәжі­рибені сараптауға деген ынтасын тудырды. Бұл тұрғыда қазақ бауырлардың қол жеткізген баға жетпес осындай жетістіктері ті­ке­­лей Елбасы Н.Назарбаевтың бас­шылығымен жүзеге асқаны бар­шамызға белгілі.

Елбасының болмыс-бітімі тә­уел­­сіздік алғаннан кейінгі Қазақ­стан өмірінің түрлі кезеңдерінде ең маңызды рөл атқарды. Мәдени, әлеуметтік, экономикалық және қоғамдық тұрғыда ел дамуының тізгінін бағдарлауға орай Елбасы өзіндік ерекше көзқарасқа ие.  Сондай-ақ оның басқа мемлекет­термен қарым-қатынас орнатуда да ерекше стратегиялық бағдар­ламаларды жасауда өзіндік бастамалары болды. Бұл жайында Сауд Арабиясының бұрынғы сыртқы істер министрі қызметін атқарған Сауд әл-Файсал мырза былай деген болатын:

– Н.Назарбаев мырзаның тә­уел­сіз мемлекет құру жолында жүргізген саясатының нәтижесі – елдің еңсесі биік әрі ислам әле­мі мен халықаралық аренада елеулі орынға ие болғандығы. Дос пейілді Қазақстан өміріндегі саяси тұрақтылық, конфессияаралық өрлеу мен қалыпты даму, эконо­микалық өсу жағдайлары оны Ор­талық Азиядағы маңызды мем­лекетке айналдырды. Респуб­ликаның географиялық жағдайы мен саяси ықпалдылығы өңір­де тұрақтылыққа жетудің пәрмен­ділігін қамтамасыз етуде, өңірлік шиеленістерді реттеуде маңызды фактор қызметін атқарып келеді. Сонымен қатар халықаралық аренада дінаралық диалог орнату мен лаңкестік түрлі әрекеттерге қарсы тұруға бағытталған ұмтылыстарды қолдауда Қазақстан маңызды рөл атқарып отыр.

Қазіргі таңда қазақ халқы Ел­ба­сының сара жолымен мүлтік­сіз жүріп келеді. Мұндай тұ­рақ­ты адымның арқасында Қазақ­стан бүгінге дейін барлық дін­дер мен конфессияаралық келісі­міне кепілдік беріп, олардың қыз­меттерінің өркендеуін қам­та­масыз етуде. Сондай-ақ Қазақ­стан исламның және басқа да әлемдік дәстүрлі діндердің озық ғұ­рыптарын құрметпен дамыта отырып, заманауи зайырлы қоғам құрды. Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі аясында атқарылып отырған жұмыстар осының кепілі. Осы секілді ма­ңыз­ды істерді атқару арқылы Ел­басы өз елін халықаралық қоғам­дас­тықтың толыққанды және жауапты мүшелерінің бірі ретінде көргісі келетіні анық.

Бұған қоса Н.Назарбаев ұлт­ара­­лық, дінаралық және мәде­ние­т­аралық келісімдерді, қазақ хал­қының біртұтас ілгерілеуін қамтамасыз ете отырып, ертеден қалыптасқан олардың мәдениеті, діні мен тілін сақтауды басты назарға қойды. Бүгінде онда түрлі дін өкілдері еркін қызмет етіп, дәстүрлі ислами білім беретін жоғары оқу орындары жыл сайын білікті де білімді мамандар даярлап отыр. Олардың барлығы алдағы уақытта елдің игілігіне қызмет ете­тін жандар екені сөзсіз.  

Тәуелсіздіктің 30 жылға жуық кезеңінде Қазақстан үшін мұ­сыл­ман әлеміндегі елдермен ха­лықаралық ынтымақтастық пен мәдени арақатынас құрылымына белсене қатысу барынша шынайы сипат алды. Осы тұста Н.На­зарбаевтың елдің әлемге танымал болу жолында көптеген ислам мемлекеттерімен және шығыс араб елдерімен, соның ішінде Сауд Арабиясымен өзара тиімді және өзара жетілдірілген екіжақты қатынастарды белсенді түрде ілге­рілеткені белгілі.

Айта кететін жайт, Қазақстан ежелден ислам дінін берік ұс­тан­ған елдердің бірі саналады. Осының нәтижесінде елдегі дәстүрлі дін өкіл­дерінің басым көпшілігі мұ­сыл­мандардан тұ­рады. Сондай-ақ Қазақстан өзі­нің сыртқы саясатында мұ­сыл­ман әлеміне және оған кірі­ге­тін өзге де мемлекеттермен бай­­­ла­ныс­ты дамытуға неліктен көңіл бөлетіндігі айқын. Бұған қа­тыс­ты Елбасы 2006 жылғы нау­­­рыз ­айында Республика Пар­ла­­мен­тінде айтқан мынадай сөзі бар:

– Біз үшін мұсылман әлемін­дегі елдермен халықаралық ын­ты­мақтастық орнатуға белсене атсалысуымыз мейлінше табиғи нәрсе. Біз сондай-ақ ислам және Таяу Шығыс ел­де­рінің көпшілігімен өзара тиімді және өзара байытатын екіжақты қарым-қатынастарды белсенді дамытып келеміз. Сон­дық­тан да мен қазірдің өзінде мұн­дай тәжірибе жинақтаған Қа­зақ­стан­ның халықаралық дең­гей­де­гі мәдениетаралық және кон­­фес­сияаралық үн қатысу ор­­талық­тарының бірі ретінде қыз­мет ат­қаруға әзір екеніне тағы да тоқ­талғым келеді.

Сонымен қатар халықаралық деңгейдегі тиімді ынтымақтас­тық саласынан әлем елдері Қазақ­стан­нан көп нәрсе күтеді. Қа­зақ­стан Республикасы халық­ара­лық қоғам­дастықтың бел­сен­ді мүшесі болып табылады. Ол әртүрлі халықаралық және өңірлік ұйымдар мен ор­гандар­дың жұмыстарына барынша іскер­­лікпен қатысуда. Қазақстан көп­теген еуропалық және азиялық ұйымдарға қосылды. Тәуелсіздік алысымен-ақ Қазақстан Ислам Ынтымақтастық Ұйымына мүше болды. Көптеген халықаралық ұйым­дармен және мекемелермен байланысы артып келеді.  Әлем­дік және дәстүрлі дін­дер лидерлерінің съезі арқылы кон­фессияаралық диалог жолында Таяу Шығыстағы Бүкіл­әлемдік Ислам Лигасы және Ислам істері жөніндегі министрліктер сынды алпауыт ұйымдармен қа­тынасы нығайды. Мұндай сенімді қадам Қазақстанды тағы бір саты алға жылжытты.

Өркениеттік немесе діни қара­ма-қайшылықтарға қарсы әрекет етуде діндер арасында үнемі диа­лог жүргізу қажет. Мұндай дін­аралық және конфессияаралық диалог қоғамдағы діндер мен кон­­­­фессиялардың бейбіт өмір сү­ру жетістігіне жету және ұлттар ара­­сындағы діни фанатизмді түп-та­мырымен құрту үшін қа­жет. Осындай кедергілердің жолын кесу үшін Қазақстан Елба­сы­ның жетекшілігімен съезд жұ­мыс­та­­рын үздіксіз атқарып ке­леді. Оған әлемдік діндер мен кон­­фес­­сиялардың – исламның, буд­дизмнің, христианның, иудаизм­нің, дао­сизмнің, индуизмнің, син­­­­тоизм­нің жетекші өкілдері қа­­тысады. Бұлардың барлығы әлем­дік дең­гейде дінаралық татулық орнату арқылы адамзаттың асыл арманы болған бейбітшілік пен ынтымақты қоғам құруды көздейді. Мұндай бастамаға мұрындық бо­лып отыр­­ған Қазақстан үлкен жа­уап­кершілікті мойнына алып, оны ұтымды жүргізіп отыр.

Бұдан басқа да Қазақстан бар­­лық салада: саясатта, экономи­када, мәдениетте, дінаралық қа­ты­наста көшбасшы ретінде та­ны­­лып үлгерді. Қазақ елі бар­лық халықаралық күштер арасында үлкен құрметке бөленген ха­лық­аралық сенімді әріптес болып отыр. Халықаралық лаңкестік­­ке, есірт­кі саудасына, ядролық қа­ру­ды таратпауға қарсы күреске өзі­нің қомақты үлесін қосып ке­леді. Қазақстан бұл бағыттағы іс-әре­кеттің терең ойластырылған бағ­дарламасын қабылдады. Ол өз алдына және әлемдік қо­ғам­дас­тықтың алдына қойған мін­­­дет­терін бұлжытпай орындау­да. Бұл басқа елдердің алдында Қазақстанның жас мемлекет екеніне қарамастан, беделін  бұ­рын­ғыдан да жоғары көтере түс­ті. Әрине осының барлығы Ел­басының сындарлы саясаты мен  сара жолы арқылы жүзеге асып келеді.

 

Мәжид Абдул Азиз ӘТ-ТҮРКИ,

Ақпарат және араб-орыс тілдерін  зерттеу орталығының директоры