Бұрқақты мұнай 12 мм штуцерде тәулігіне 100 м3 дейінгі дебитпен ағыны (мұнайдың үлес салмағы – 0,82-0,85 г/см3) тарихи деректерді кешенді геологиялықгеофизикалық зерттеу, бассейндік үлгілеу, жоғары технологиялық сейсмобарлау жұмыстарының және Шығыс Бектұрлы-1 іздестіру-барлау ұңғымасының оңтайлы орналасуы нәтижесінде орта юра дәуірі қабатынан алынды. Бұдан бөлек мұнай (үлес салмағы – 0,82 г/см3) алдыңғы сынақ нысандарынан орта және төменгі юра қабаттарының сынамаларын іріктеу жолымен алынған болатын, сондай-ақ триас шөгінділерінен де көмірсутектің белгілері анықталды. Қазіргі уақытта мұнай-газ көкжиегінің ерекшеліктері туралы қосымша ақпарат алу мақсатында ұңғымада кәсіпшілік геофизикалық және гидродинамикалық зерттеулер кешені жалғасып жатыр.
Шығыс Бектұрлы учаскесі Маңғыстау облысының Қарақия ауданында Өзен-Қарамандыбас, Жетібай, Бектұрлы, Шығыс Жетібай, Ақтас және басқа да қолданыстағы мұнай-газ кен орындарына жақын маңда орналасқан. Шығыс Бектұрлы учаскесінде жоба операторы - «Becturly Energy Operating» ЖШС. «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ (50%) және «Көкел Мұнай» ЖШС (50%) бірлесіп бақылайтын ұйым. ҚМГ жаңа кен орындарды игеруде серіктестермен өзара ынтымақтастық барысында кэрри-қаржыландыру талаптарын ұстанатынын атап өткен жөн. Яғни, геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу шығындары серіктес ұйымға жүктеледі. Геологиялық барлау жұмыстары оң нәтиже берген жағдайда, серіктес ұйым жұмсалған шығынның орнын мұнай өндіру есебінен толтырады.
Маңғыстау облысы