Коронавирус • 24 Маусым, 2020

Арқада ауырғандар азаймай тұр

249 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кеншілер астанасында, нақтырақ айтқанда Майқұдық елді мекенінде коронавирус инфекциясын жұқтырған пациенттерге арналған 250 төсек орны бар пульмопровизорлық госпиталь ашылады, деп мәлімдеді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Нұрлыбаев онлайн-режімде өткен баспасөз мәслихатында.

Арқада ауырғандар азаймай тұр

Госпиталь Майқұдықтағы №1 қалалық аурухана базасында жабдықталады. Еске сал­сақ, бүгінде Қарағандыда екі пуль­мопровизорлық госпиталь жұ­мыс істеп тұр.

«Қазір облыстағы ауруха­на­­лар науқастарға 70% толы. Қосымша орындар бар, бірақ соңғы аптада жұқ­тыр­ған­дардың саны күрт өсті. Егер бұрын тәулігіне орташа есеппен 50 адамнан ауруха­на­ға жатқызылса, қазір бұл көрсеткіш 70-тен жоғары. Сон­дықтан тағы бір аурухана жабдықтау қажеттігі туында­ды», деп түсіндірді Ержан Нұрлыбаев.

Өкінішке қарай бүгінгі таңда індеттің ауыр ағымы бар пациенттердің саны өсе түскен. Қазірдің өзінде жан сақтау бөлімінде 29 адам жатыр. Олардың тоғызы өкпені жасанды желдету (ӨЖЖ) аппараттарына қосылған. Ерекше бақылауда жатқандардың көп­ші­­лігі қариялар және егде жас­тағы адамдар. Осының бар­лы­ғы, яғни ауру санының күрт өсуі адамдардың медициналық көмекке дер кезінде жүгінбеуінің салдарынан болып отырғанын қынжыла жеткізді облыстың бас дәрігері.

«Өкінішке қарай адамдар өз бетімен емделуге тырысады. Мен барлық тұрғындарды жедел респираторлық вирустық инфекцияның алғашқы белгі­ле­рі пайда болған бетте дә­рі­герге жүгінуге шақы­ра­мын. Әлеуметтік желілерде «КВИ науқастарына сис­те­ма қоймайды, инъекция салмайды, сондықтан оларды стационарларда дұрыс емдемейді», деген пікірлер айтылуда. Бірақ коронавирус инфекциясы кезінде көктамыр арқылы дәрі жіберу өкпенің ісінуіне және басқа да ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін. Сон­дықтан емделушінің жағ­да­йы әзірге таблетка түрін­де­гі дәрі-дәрмектермен емдеуге мүмкіндік берсе, біз осы әдісті қолданамыз», деп мән-жайға түсінік берді Е.Нұрлыбаев.

Көңіл көншітпейтін тағы бір жаңалық, соңғы аптада жедел жәрдемге келіп түсетін шақырулардың саны 20%-ға артқан. Медициналық қызметтің бұл түріне жүктемені азайту үшін жедел респираторлық вирустық инфекцияның (ЖРВИ) бел­гілері бар адамдарға емха­на­лардан арнайы бригадалар шығады. Бұл мақсатқа деп олардың иелігіне уақытша 20-ға жуық автокөлік берілген.

Соңғы мәліметтерге сүйен­сек, Қарағанды облысында COVID-19 індетін жұқтырған
1 897 науқас ресми түрде тір­кел­ген. Оның ішінде 864 адам «жаман тұмауды» жеңіп, аурухана­дан жазылып шықты.

 

ҚАРАҒАНДЫ