Аймақтар • 24 Маусым, 2020

Әулиеата ауылдарында асарлатып үй салынады

1171 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Халқымыздың болмысында ежелден қалыптасқан асарлату ұғымы Әулиеата топырағында бүгінде қайта жаңғыруда. Жалпы, бір-біріне көмек беру, бір жұмысты бірлескен түрде жұдырықтай жұмыла атқару сияқты игі қасиеттердің бұл күнде ұмыт болып бара жатқаны шындық, - деп хабарлайды Egemen.kz.

Әулиеата ауылдарында асарлатып үй салынады

Осы орайда, Жамбыл өңірінде Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Туған жер» арнайы жобасы аясында Жамбыл облысының «Рухани жаңғыру» жобалық офисі мен Байзақ аудандық әкімдігінің бастамасымен және ауылдағы азаматтардың қолдауымен «Асарлатып үй салу» жобасы қолға алынды. Сол жақсы дәстүр қайта жаңғыртылып, кемінде өңірдегі 300 ауылға асарлатып үй салынатын болды. Бұл да болса ауыл тұрғындары үшін, жалпы баспанасыз жүрген адамдар үшін үлкен көмек.

 Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев та аудан әкімдеріне бұл бастаманы қолдайтынын айта келіп, ауылды жерлердегі аз қамтылған, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға асарлатып үй салып беру туралы ұсынысын айтқан болатын. Облыста бүгінде 377 елдімекен бар болса, сол ауылдарда барлығы 300 үй салынады деп күтілуде. Тіпті қазіргі кезде асар Байзақ ауданының Мәдімар ауылында басталып та кетті. Аталған ауылдық округ әкімінің шешімімен 15 соттық жер телімі бөлініп, 4 бала тәрбиелеп отырған жалғызбасты ана Ғалия Құрмановаға 4 бөлмелі үй салынуда. Ауыл тұрғыны Ж.Дәулетов өзінің ескі үйін бұзған кезде шыққан құрылыс материалдарын тегін беріпті. Бұдан бөлек, қазіргі кезде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан Ш.Уәлиханов атындағы орта мектептен шыққан жарамды құрылыс материалдары да қажетке пайдаланылуда. Сонымен қатар, ауылдың әрбір азаматы жағдайының келгенінше қаржылай көмек көрсетуде. Ал, аудан аумағындағы 18 ауылдық округте 2020-2021 жылдар аралығында баспанаға мұқтаж 18 отбасы тұрғын үймен қамтылады. Енді бұл бастама облыс көлемінде қолдау тауып, ауылдың азаматтары бірлесіп баспанаға мұқтаж жандарға үй салып беретін болады.

 

Жамбыл облысы