Энергетикалық қуатты нығайту – мемлекетіміздің экономика саласының стратегиялық мәселелерінің басым бөлігі болып табылады.
Бұл мәселені қарқынды дамытуда электр-техникалық мәшине жасау ерекше орын алады. Бұл салада 2009 жылдың аяғында жарты ғасырлық мерейтойын атап өткен “Кентау трансформатор зауыты” АҚ-тың алар орны да айрықша. Бұл мерейтой кәсіпорынның тарихқа деген тағзымы ғана емес, бұл – кәсіпорын дамуында, отандық трансформатор жабдықтарын жасауда жоғары жауапкершілік танытуында жеткен межесі. Тарихында елеулі кезеңнің бірі жаңа жоғары технологиялық бұйымдар, қуаты анағұрлым жоғары трансформаторлар шығару бойынша ауқымды жобаны іске асыру болды. Бұл, кәсіпорынның мерейтойына лайықты сыйлық болды. Кернеуі 35-110 кВ. трансформаторлар шығаратын зауыттың ашылу салтанатына Премьер-Министр К.Мәсімов қатысты.
Трансформаторлар – электр- техникалық бұйымдар рыногының ең талап етілетін және бәсекелі бөлігі. Оған деген бәсеке күннен-күнге өсуде. Сыртқы және ішкі тұтыну рыногы үшін күрес бізді күнделікті бұйым сапасын арттыруға, игерілген технологияларды жетілдіруге мәжбүр етуде. Көшбасшылар қатарында қалу үшін біз жаңа бұйым игеру барысында жүйелі инновациялық жұмыстарды жүргіземіз. Энергетикалық бұйым сапасының деңгейі әлемде өте жоғары. Шетелдік баламаларынан қалыс қалмайтын бұйым шығару зауытта модернизация бойынша салиқалы ұйымдастырушылық шараларды жүзеге асыруды талап етті. Өндірісті жаһандық техникалық қайта жабдықтау бағдарламасы шеңберінде Еуропа елдерінен өте заманауи, жоғары технологиялық қондыр-ғылар сатып алынды. Кәсіпорын құрастырушылары мен технологтары оларды игеруді шетелдік әріптестерімізден үйренді. Жоғары кернеулі электр мәшинелерінің сериялық шығарылымы әлемдік электр энергетикасының заманауи сұранымына, дамудың жоғары деңгейіне нақты жауап болды.
1959 жылы іргетасы қаланған Кентау трансформатор зауыты Қазақстан Республикасы экономикасының барлық саласы үшін сенімді электр-техникалық жабдықтар жеткізушісі ретінде танылды. Кәсіпорын өзінің жарты ғасырлық тарихында “Alageum Electrіc” брендімен қуаты 25 000 кВ., кернеуі 10-35 кВ. күштік майлы және құрғақ трансформаторлар, әртүрлі типті орындалуда қосалқы стансалар, төмен вольтты және жоғары вольтты ұяшықтар шығаруда.
Болашағымызды ойлап, инженерлік кадр дайындаумен және тәрбиелеумен айналысудамыз. “Инженер” деген атақтың өзі банктік және заңгерлік іс белең алған кезеңде құнсызданып кетті. Мамандарды жүйесіз дайындау салаға қатты соққы берді, кез келген отандық кәсіпорынның инженерлік құрамының орташа жасы – 50 жыл. Пайда болған жас арасындағы айырма кадр жетіспеушілігіне әкеліп соқты. Ал, инженер-құрастырушының, технологтың, энергетиктің өнімді идеясы болмаса өндірістің дамуы мүмкін емес. Инженер кадрларды кәсіби түрде дайындау мемлекеттік идеологияның бір бөлігіне айналуға тиіс. Тек еліміздің индустриалды болашағының шеңберінде ғана инженер мамандығының әлеуметтік мәртебесін қайта қалпына келтіруге болады. Өз тарапымыздан атқарылған істерді атап өтер болсақ, мектеп бітіруші түлектермен кездесулер өткізіп, инженер мамандығының ерекшеліктерін айтып жеткізудеміз. Жоғары оқу орындарының энергетика факультеттерімен келісім-шартқа отырып, ынталандыру жол-жобаларын жасадық. Болашақта зауытта жұмыс істейтін мамандарды “Жоғары оқу орны – өндіріс” жүйесі бойынша дайындап жатырмыз. Жастардың бізге өз ниеттерімен келуі бізді қатты қуантады. Оларды жоғары деңгейде еңбекті ұйымдастыру, шығармашылық жұмыс, табыс табу мүмкіндігі, қиын да болса, қызықты инженерлік жұмыс қызықтырады.
Бизнесті ғылымның соңғы жетістіктерімен қатар жүргізу арқылы, сапаны бақылаудың тиімді әдістемесін енгізіп, жеткізуші-кәсіпорындармен тығыз байланыс құрдық. Кернеуі 35 кВ., қуаты 25 МВА, 110кВ.-дан 16 МВА дейін күштік трансформаторларды өндіруші атанып, біз енді кернеуі 110 кВ., қуаты 63 МВА дейін күштік трансформатор шығарушы болуды мақсат тұтып отырмыз. Бұл өрелі мақсат. Және бұл мәселені жүзеге асыруда Елбасымыздың Қазақстан халқына арнаған “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” атты Жолдауынан қолдау көреміз. Онда Н.Ә.Назарбаев тікелей қазақстандық бизнеске атап “Біздің кәсіпкерлер қазірдің өзінде жаңа мүмкіндіктердің пайда болуына дұрыс баға беріп, жаңа нарықтарға шығу бойынша тиімді стратегиялар түзумен айналысып, бәсекеге артықшылықтарын өрбітулері тиіс. “Бәсеке жоқ жерде жақсы ұйықтайсыз, бірақ нашар өмір сүресіз” деген...
Соңғы кезде қосылған құн салығын қосып, ұлттық, аймақтық және экспорттық деңгейде бәсекеге қабілетті бұйымдар шығаратын отандық тауар өндірушілерге деген көзқарас түбірімен өзгерген.
Зауыт ұжымы бұл қолдауды мемлекеттік құрылымдармен және қаржы институттарымен өзара әрекеттен байқап отыр. Бұл әрекет материалдық-техникалық базамызды нығайтуға ықпалын тигізді. Инновациялық шешімдерді енгізу бұйымның сапалы параметрлерін жақсартты, құндық көрсеткіштеріне жағымды әсер етті. Электр-техникалық жабдықтардың сыртқы рыноктағы мониторингі қазақстандық трансформатор жабдықтардың баға және сапа қатынасында нақты тартымдылық көрсетіп отыр, ал бұл өз кезегінде тұрақты экспортқа кепіл болады. Бұл “КТЗ” АҚ шығаратын күштік трансформаторлардың бәсекеге қабілеттілік пайдасына маңызды дәйек. Біздің ұсынып отырған бағалар бүгінгі рынокта ең жақсы ұсыныс болып отырғандығы сөзсіз. Біздің шығаратын бұйымдар тізімі қуаты 25 000 кВА, кернеуі 6, 10, 35, 110 кВ. күштік майлы және құрғақ трансформаторлардың, әртүрлі типті қосалқы стансалардың, төмен вольтты және жоғары вольтты ұяшықтардың 350 атауынан асты.
Біз жаңа өндіріс ашып, тауар және қызмет сатып алу арқылы қазақстандық қамтуды арттырып, еліміздің стратегиялық, экономикалық және энергетикалық әлеуетін нығайтып келеміз. Барлық салалар үшін электр-техникалық жабдықтардың сенімді жеткізушісі имиджі жауапты міндеттер жүктейді және “Alageum Electrіc” қазақстандық сауда брендін “Sіemens”, “General Electrіc”, “Schneіder electrіc” және басқалары секілді салмақты әрі атақты боламыз деген мақсатымызға жететінімізге үміт береді. Дәл осы отансүйгіштік сезім объективті қиындықтарды жеңіп шығуға, алға қадам басуға, республикамыздың электр мәшинелерін жасау саласын жаңа, бәсекеге қабілетті биіктікке көтеруге жетелейді.
Е.ІЛИЯСОВ, “Alageum Electrіc” АҚ бас директорының орынбасары.
Оңтүстік Қазақстан облысы,
Кентау қаласы.